– Кітапханашы болуды бала күннен армандадыңыз ба?
– Армандадым деп айтпасам да, кітап әлеміне деген ерекше қызығушылығым кітапханашы мамандығына әкелді. Бала кезімізде кітап атаулы қат болатын. Қызықты, танымдық кітаптарды ауылдың кішкентай кітап дүкенінен сатып алатынмын. Ауылдағы кітапханада мен оқымаған кітап сирек шығар. Үйде шағын кітапханамдағы кітаптарды ешкімге бермей, «қызғанып», сақтап, тізімін жазып жүруші едім. Ал мамандыққа келсек, кітапханашы болу – жүректің қалауы. Меніңше, дәл осындай аяулы мамандық жоқ.
– Бүгінгі және бұрынғы оқырман арасында қандай айырмашылық бар?
– Оқырман ғана емес, жалпы жиырма-отыз жыл бұрынғы адам да бөлек еді ғой. Отыз бір жыл бұрын алғаш кітапханаға жұмысқа тұрдым. Оқырмандар сыпайы еді, біз оларға, олар бізге ерекше ілтипатпен қарайтынбыз. Бірнеше жыл бұрын ақын Талғат Ешенұлының кітапхана туралы «Жүрегі бар жалғыз үй» деген эссесін оқыдым. Шағын, бірақ әдемі өрілген дүние. Осыдан кейін кітапхана қым-қуыт тірлікте, аласапыран заманда, ақпараттар ағылған уақытта «жүрегі бар жалғыз үй» қасиетін сақтап қалса екен деген ой туды. Адам аз-кем аялдайтын, өз-өзімен болатын, өз уақытына өзі ие болатын бірден-бір орын ғой кітапхана. Ал ол жердің аурасын қалыптастыру екі тарапқа да, яғни кітапханашы мен оқырман арасындағы әдемі қарым-қатынасқа байланысты.
– Мінезіңізде биязылық басым секілді. Жалпы, жұмсақтық, ізгілік күшімен әртүсті қоғамды игеру, сара жол салу мүмкін бе?
– Мінез, болмысқа қатысты ой көп қой. Қанмен келген мінез деп айтуға да болмас. Адам үздіксіз өзін тәрбиелей алады. Айқайламай-ақ талай игі іс істеуге болады. Мені отбасының тәрбиесімен қоса, бойыма биязылық пен ізгілікті сіңірген кітап, көркем шығарма дер едім. Бойыңдағы барлық жақсы қасиетті, ғадетті, мінезді орнымен жұмсасаң, талай дүниені тізгіндеуге болады. Ертеректе «Мәдениет және тұрмыс» деген журналдың соңғы бетіне даналық сөздер тұрақты жарияланатын. «Ұялу жақсы сезім, ең жақсысы – өзіңнен-өзің ұялу», «Арлы арын ойласа, арсыз жеңдім дейді» деген секілді нақыл сөздерді оқып қана қоймай, өмірлік кредоға айналдыра білдік. Оқығанымызды тоқуға ұмтылдық. Жалпы, қазақтың әр мақалынан ой түйіндесең, кісіге мол азық. Ұстанымым, ең бірінші – адамдық. Одан соң мейірім, қамқорлық, өзгенің көңіліне бейжай қарамау. Қаншалықты іскер адам болсаң да, адамзатқа тән дүниелерден аттамай өмір сүруге тиістісің. Кітап әлемінен түйгенім, әдеби, танымдық шығармаларды оқу арқылы бойыма жиғаным осындай. Өмірлік ұстанымым осы ыңғайда өрілді.
– Сіз кітапханашы ретінде алғаш ұйымдастырған, есте қалған қандай іс-шара еді?
– Барлық көпшілік кітапханада әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыратын бөлім болады. Мен сол бөлімде қызмет ететінмін. «Ятрань» мәшіңкесі мен қалалық телефоннан басқа құрал жоқ. Жұмыс жоспарым – қиял жүзінде. Сол тұста ақындар Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиевтің алпыс жылдығы жер-жерде тойланып жатты. Екі ақынды шақырып, жастармен кездесу өткізуге бекіндім. Жастық жігермен үлкен тұлғалардың алдына барып, кездесу өткізуге келісімін алдым. Сол кешті өзім жүргіздім, көп тұсында өзім сөйледім. Қазір ойласам, не айтып, не қойғанымды есіме түсіре алмай, мазасыз күй кешемін. Кеш біткен соң, екі ақынмен әңгіме-дүкен құрып отырып бір-екі шыны шай іштік. Ағаларымыз қолтаңба беріп, ризашылығын білдірді. Соған қарағанда, кездесу ұнаған болып тұр ғой. Қазір мың ойланып, жүз толғанатын едім. Сол жылдан бері талай тұлғалармен кездесу өткіздік, түрлі тақырып төңірегінде мәселе көтердік. Мамандығымның ыстық-суығын көріп, өмірлік тәжірибе жинадым. Барлығы орнымен, рет-ретімен жүзеге асып жатыр.
– Кітап әлеміне ден қойғандардың қиял қанатында самғайтын сәттері болады. Сіз де осындай сәт бола ма?
– Мен әу бастан қиял қанатында өстім, әлі де жиі армандаймын. Кейде шағын кітапханам мен кітап дүкенім болса деп қиялдаймын. Ол жерді қиялға бергісіз етіп керемет жасайтын едім. Кейде үлкен қаржы тауып алсам деп армандайтын кезім болады. Оны қазіргі кітапхананың жыртық-жамауын түгендеуге жұмсар едім.
– Ұлттық кітапханадан ерекше ауа сезіледі. Оны жаңарту жолында қандай мақсаттарыңыз бар?
– Аура, атмосфера, көңіл күй, қасиет, қадір – бұл асыл ұғымдар үйде де, жұмыста да аса мән беретін дүниелерім. Жүрген жеріңде барлық адамға жайлы жағдай, көңіл күй қалыптастыру, меніңше, қамқорлықтан туады. Кітапханаға қандай адам келеді белгісіз, бірақ кім келсе де өзін қара шаңырағына, өз ортасына келгендей жайлы сезінуге тиіс. Кітапханаға түрлі көңіл күйде әртүрлі адам келеді. Өйткені бұл жер – еркіндік алаңы. Сол себепті оқырмандарға мейлінше жақсы да жайлы ортаны қалыптастыруға тырысамыз. Алдағы жоспарларға келетін болсақ, кітапхананы жөндеу жұмысына кіріспекшіміз. Халықты оқитын ұлтқа айналдыру жолында бірқатар тың жоба бар. Әлем бойынша елдің тарихына қатысты қолжазба, кітап, деректерді жинақтау ісін қолға алып, кейінгі ұрпақ алғыс айтатындай жұмыс істеу – басты борышымыз.
– Жас оқырмандарға көңіліңіз тола ма?
– Иә, толады. Білімге, оқуға құмар балалар мен жастарды жақсы көремін, олармен әңгімелескім келіп тұрады. Қазіргі жастар мәдениетті, тыңдай біледі. Жылдан-жылға сауатты, білімге құштар өрендердің саны артып келеді.
– Өзіңіз жақсы көретін авторлор туралы айтсаңыз.
– Қазақ жазушыларының шығармаларын бала күннен оқып келемін. Парақтаған кітаптарымның тізімін айтсам, бүкіл кітапхананы тізіп шығатын секілдімін... Жан ләззаты үшін, ақылымды сергіту үшін үнемі оқуға тырысамын. Авторлар, шығармалар, әсерлер туралы айтсақ, бір сұхбаттың аясына сыймайды-ау. Өйткені әдеби орта – менің де ортам. Бұрын оқыған кітабымды, шығармамды әр кез жазып жүруші едім, қазір сол әдет қалып қойды. Біраз бұрын «Авторға хат» деген жоба бастағанбыз, жобамыз жалғасын тапса қаламгерлерге де қызықты болар еді деп ойлаймын. Бір жағынан пікір айту мәдениеті, екінші жағынан эпистолярлық жанр дамиды.
– Кітапханашы мамандығы сізге не берді?
– Кітапханашы болуым көп дүние берді. Заңгерлік те, ұстаздық мамандық та бір кезде қол созып шақырғанымен, маңдайыма кітапханашы болу бұйырды. Бұл – мені таңдаған мамандық, баға жетпес киелі мамандық.
Әңгімелескен –
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»