Өнер • 20 Қыркүйек, 2023

Би тіліндегі диалог

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биде тіл жоқ, сұлулық, талғам һәм тағдыр бар. «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әлемдік балет жұлдызы Бақтияр Адамжан мен театрдың дарынды солисі Анастасия Заклинская Швейцарияда Ролан Петидің «Жасөспірім және өлім» балетінің премьерасында өнер көрсетеді. Біртуар француз хореографының әйгілі спектаклі 16 қазан күні Женевада Балет кеші аясында ұсынылады.

Би тіліндегі диалог

– «Жасөспірім және өлім» – менің сүйікті балеттерімнің бірі. Неге де­сеңіздер, мұнда актерлік шеберлікті көр­сетіп, іштегі эмоцияларды шығаруға болады. Негізі бұл балет жас жігіттің өз-өзіне қол жұмсау алдында оның ойында болған дүниелерді бейнелейді. Сондай күйзелісте болған жігіттің халін би арқылы жеткізу өте ауыр. Алайда балет өнері маған сонысымен ұнайды және ол басқаларынан айрықша техникасымен ерекшеленеді. Балет И.С.Бахтың музыкасына қойылған. Бірақ әуен фон ретінде ғана жүріп тұрады, себебі іс-қимыл оған дәлме-дәл ілестейді. Сондықтан дайындық кезінде біз спектакльге музыкасыз дайындала береміз. Қазір әріптесім Анастасия екеуміз залда осы қойылыммен тыңғылықты жұмыс істеудеміз. Премьераға бірнеше күн қалғанда Ролан Петидің ассистенті Луиджи Бониномен бірге тағы дайын­далып, спектакльдің бірінші күні өнерімізді паш ету үшін швейцариялық көрермендердің алдына шығамыз, – деді Бақтияр Адамжан.

Ролан Петидің «Жасөспірім және өлім» бір актілі балеті алғаш рет 1946 жылы 25 маусымда Париждегі «Елисей алабы» театрында көрсетілген. Содан бері ол әлемнің көптеген елінде қойылды. Оның бірі осы – Швейцария сахнасы. Сamerata Venia және Geneva Dance Events ұжымдарының ұйым­дастыруымен өтетін бірегей Гала-кеш Женевадағы Батимент дес форсес мотрисес театрының сахнасында көрерменін қуантады. Айтулы балет­тің премьерасында өнер көрсетуге еліміздің үздік әртістерін арнайы шақырып отыр.

Атап айтсақ, басты рөлдегі Бақтияр Адамжан «Жасөспірім және өлім» балетінде бірінші жыл өнер көрсетіп жатқан жоқ. Ал оның сахнадағы жұбы, театр солисі Анастасия Заклинская осынау хореография жауһарымен көрермен қауымның алдына алғаш рет шығады.

– Әріптесім Бақтияр екеуміз Ролан Петидің «Жасөспірім және өлім» деп аталатын бір актілі балетін билей­міз. Мен жасөспірімге бойжеткеннің бейнесінде келетін Өлімнің рөлін сомдайтын боламын. Аталған партияны танымал балериналар орындайтындықтан және өзім бұл рөлмен сахнаға алғаш рет шығайын деп жатқандықтан екі есе қобалжу бар. Өз заманының біртуар хореографы Ролан Петидің осындай аңызға айналған қойылымында өзімді сынап көретініме өте қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік, – деген талантты биші Анастасия Заклинс­каяның сөзін сахналық серіктесі театр премьері Бақтияр Адамжан:

– Енді бұл балет өзіміздің «Астана Опера» театрында да қойылса деген арма­ным бар. Көрер­мен­дердің де осы спектакльмен таныс­қанын, оның театр репертуарында болғанын қалаймын. Сондықтан әлемдегі түрлі спектакльдерде өнер көрсете отыра, шетелдегі балет кеште­ріне труппадағы әріптестерімді де бірге алып баруға тырысамын. Себебі ұжымда осы балетті билейтін әртістер барынша көп болса, спектакльдің біздің сахнада көрсетілетініне сенім мол болады, – деп сабақтады.

Айтулы өнер оқиғасы елорда театрының негізгі жаңалығы емес. Сонымен қатар жаңа маусымда «Астана Опера» балет труппасының әртістерін Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінде тамаша тәжірибе күтеді. Шартарапты бекзат өнер шарапатына шомылдыратын мазмұнды гастрольдік сапарлар да театрдың кәсіби тынысын ашатын жарқын жобалар санатында. Бұдан бөлек, әртістердің жеке гастрольдері де өз жалғасын табады деп жоспарланып отыр. Атап айтсақ, жақын күндері Бақтияр Адамжан Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Star Gala-да, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Petipa Awards марапатын табыстау рәсімінде, сонымен қатар Кипр және басқа да елдерде өнерін паш етеді.