Жалпы, қоғам алға жылжу үшін оған қозғау салатын күш керек. Жолдау сол күштің рөлін атқарып, жаңа бағдарламаға жол ашып, болашаққа бағыт-бағдар береді. Тек оны тиімді пайдалану әркімнің іскерлік қабілетіне байланысты. Мемлекет басшысы, мәселен, ұлттық бизнестің әлеуетін арттыру керек дегенді осымен бірнеше рет айтты. Шын мәнінде, бүгінгі қоғам үшін бизнестің әлеуетін арттырудың маңызы зор. Оның қажеттілігін білеміз. Бірақ соны қалай жүзеге асыру керек дегенге келгенде тағы да аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қаламыз. Себебі бұрынғы жүйеге әбден қалыптасып қалған ескі кадрлармен жаңа жүйе құру мүмкін емес. Президент кадр саясаты мәселесін де орынды қозғады. Міне, осы айтылған мәселелер қалай жүзеге асады екен деп қарап отырмай, оның ертерек іс жүзіне аса беруіне баршамыз бір кісідей атсалыссақ алынбайтын асу, бағындырмайтын белес болмайды.
Сондай-ақ бұл Жолдауды мақташылардың пайдасына шешілді десек болады. Дарбаза–Мақтаарал теміржолын салу – көптен бері айтылып жүрген мәселе. Президент Жолдауында бұл мәселеге де назар аударылды.
Су ресурстары және ирригация министрлігін құру жөніндегі шешімі айрықша қолдауға тұрарлық. Өйткені суды тіршілік көзі дейтін болсақ, соңғы кездері бұл мәселе күн тәртібінде өткір тұр. Тіршілік көзін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Мен өзім ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан, Жолдаудағы игі бастамаларды рет-ретімен саралап көрейін.
Бірінші, бізге келетін ағын су 3 мемлекеттен өтіп келетінін ескерсек, Су ресурстары және ирригация министрлігі ауадай қажет. Сусыз өнім де, өмір де жоқ. Тек көршілермен ұтылмайтын мәмілеге келіп, дипломатиялық келіссөздерді байыпты жүргізген жөн. Бұл саланың министрі бірінші кезекте дипломат болуы керек. Ішкі жағдайды реттеп, сала мамандары арқылы арналарды, арық-атыздарды, қатаң бақылауда ұстауы керек.
Екінші, Дарбаза–Мақтаарал теміржолы. Түркістан облысының қиырдағы Мырзашөл аймағындағы «ақ алтынды» Мақтаарал ауданына теміржолдың баруы тек қарым-қатынас үшін ғана емес, шекарада қалып қойған ауыл-аймақтар үшін де, елімізді көкөніспен қамтамасыз етіп отырған аймақтар үшін де стратегиялық тұрғыдан өте маңызды. Әрі арзандау болар еді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмаса керек»...
Үшінші, отандық өнім өндірушілерді қолдау. Осы мәселемен екі мыңыншы жылдан бері айналысып келеміз. Неше түрлі қитұрқы әрекеттердің куәсіміз. Біріншіден, сатып алушылардың «берсең де бер бес теңге, бермесең де бер бес теңге» деген қылығы диқандарды қажытып бітті. Өнім өндірушілер өнімі піскен соң солардың айтқан бағасына өткізуге мәжбүр. Егістігіңді суаратын ағын су өте қымбат. Амал жоқ, айтқан ақшасын төлеп аласың. Монополияға қарсы агенттік қызметкерлері бұл тұрғыда бейтарап қалып ұстанады, «сен тимесең, мен тимен» дейді. Сонда диқандардың құқығын кім қорғайды? Енді Жолдаудағы «отандық өнім өндірушілерді қолдау» бағдарламасын оқып, біздің де күніміз туды деп қуанып отырмыз.
Тұрғанбек ҚАНАЕВ,
«Ақорда» шаруа
қожалығының төрағасы
Түркістан облысы,
Шардара ауданы