Кездейсоқ дағдарыстар мен жүйелі қиындықтарға қарамастан, БҰҰ және оның агенттіктері халықаралық қатынастар жүйесінің институционалдық негізінің өзегі саналады. Қазіргі таңда БҰҰ-ға әлемнің мойындалған мемлекеттері мүше. Оның Жарғысы халықаралық құқықтың барлық қолданыстағы жүйесін құрайды.
Мемлекет басшысы ұлы державалар арасындағы текетірес пен қақтығыстардың өршуіне халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарының әлсіреуі себеп болғанын атап өтті. Мұның алдын алудың бір жолы – БҰҰ-ның орталық органы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау. Қазақстан бұл үдерісті «орта державалар» мен дамушы елдердің рөлін күшейту арқылы жүзеге асыруды көздейді. Мұндай пікірді басқа да көшбасшылар, соның ішінде Германия канцлері мен Жапония Премьер-министрі қолдады.
Еліміз жаһандық ядролық қарусыздану күн тәртібіндегі көшбасшы рөлінен айныған емес, халықаралық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруға ниетті. Мемлекет басшысы Алматыда Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша жобалық кеңсесін және БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орталығын іске қосу бойынша бірқатар нақты бастама көтерді. Сондай-ақ 2026 жылы елімізде БҰҰ-ның аймақтық климаттық саммитін өткізуді жоспарлап отырмыз. Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды жақтаймыз.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында 11 мемлекеттің басшыларымен екіжақты кездесу өткізді. Бұл келіссөздер серіктестермен стратегиялық қарым-қатынастарымыздың тиімді дамуына жол ашады. Мемлекетіміздің екіжақты және көпжақты бағыттағы белсенді сыртқы саясатымен қатар ұлттық даму мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді.
Мирас ЖИЕНБАЕВ,
Стратегиялық зерттеулер институты
Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы