Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Айтулы іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен әдебиеттанушылар, кино-теледраматургтер, кинотанушылар, театртанушылар, өнертанушылар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Алқалы жиынға модераторлық еткен ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, ең алдымен, тоқсанның төріне шыққан қаламгердің қайраткерлік тұлғасына тоқталды.
«Әкім ағаның мерейтойы қарсаңында баспасөз беттерінде, «Egemen Qazaqstan» газетінде де көптеген сүйекті мақала жарияланды. Байқасақ, жазушы туралы жазылған барлық сөздің түйіні – Әкім Тарази әдебиеттің қатардағы қаламгері ғана емес, ұлттың сөзін ұстаған тұлғасы, ұрпаққа үлгі ететін қалам қайраткері ретінде бағаланыпты. Расында, суреткерді абыздық деңгейге көтеріп отырған – қаламының қуаты, ұлтқа деген адалдығы, шығармашылыққа деген беріктігі деп білеміз. Екі күнге жалғасатын мәдени-рухани іс-шаралар елдік маңызға ие. Бүгінгі алқалы жиынымызды сол елдік іс-шаралардың құлақ күйі деп қабылдаңыздар», деді Дихан Қамзабекұлы.
Алғашқы сөз тізгінін алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті басшысының орынбасары Данияр Әлиев жазушының ұлт руханияты жолындағы орасан еңбегін атап өтті.
«Абыз ақсақал Әкім Таразидің қазақ әдебиетіне, ұлт руханиятына қосқан үлесі орасан. Жазушының осы уақытқа дейінгі ел үшін жасаған еңселі еңбегі ақталғанына, міне, бүгінгідей мерейлі күнде кезекті рет куә болып отырмыз. Шын таланттың үлкен қуанышы шығармалары бір қолдан бір қолға өтіп, жаппай оқылып, сахналанып жатқаны емес пе? Әкім аға бұл қуаныштан кенде емес. Жазушы шығармашылығын халқы да, Мемлекет басшысы да үнемі қолдап жүреді. Бүгінде қаламгердің шәкірттері де ұлт руханияты мен мәдениеті жолында оза шауып, топ жарып жүр. Тоқсанның төріне осыншама абырой-даңқпен шығып отырған асыл ағамызға құрметіміз ерекше», деді.
Ал Алматыдан арнайы келген актер, театр режиссері, профессор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов естен кетпес естеліктерін ортаға салды.
«Бүгін бір ерекше қанатты сезімде тұрмын. Бала кезімізден атын естіп, мақтанып өскен, қазақтың маңдайына біткен үлкен суреткер, саналы ғұмырын ұлттың арғы-бергі ой-пайымдары мен тарихына, кестелі терең сөздеріне, ауылдағы қарапайым қара шалдардың айтқан аталы сөздеріне мән беріп, соны қағазға түсірген қаламы жүйрік Тарази көкемнің мерейлі мерекесіне қатысып, сөз сөйлеп тұрғаныма қуанамын. Біз мектепте оқығанда Әкім көкеміздің алғашқы кітаптары шығып жатты. Сонда біздің елдің азаматы деп атын аспанға көтеріп жүретінбіз. Бірақ жазушы бәйгеге қосылып, әдебиетте өз талантымен танылып үлгерген тұста танысып-білісіп, қолын ала алмадық. Кейін өнерге өзіміз де имене аяқ басып, сахнаға шығып жүргенде алғаш кездестік. Ол кезде әкем театрда жас актермін. Әкім ағаның кеңес одағын дүр сілкіндірген «Жолы болғыш жігіт» деген пьесасы біздің театрда қойылды. Ол қоғамның бар дертін алғаш рет батылдықпен айтқан, қанталап тұрған пьеса болды», деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Сондай-ақ ол бұл спектакльдің тағдыры оңайға соқпағанын, ол уақытта айтуға болмайтын ойларды, қоғамның меңдеп келе жатқан жарасын бір шығармада қанын тамыза суреттеген Әкім Таразидің бойында жазушылық шеберліктен де биік қасиет барын ерекше атап өтті.
«Сонда Бөкеннің рөлін талантты актерлердің бірі Әнуар Молдабеков ойнады. Актердің шеберлігі де шығарманың салмағына сай келген еді. Спектакльдің соңына қарай кейіпкер әбден қыспаққа тірелген кезде Әнуар Молдабековтің бадана көзінен жас шығып, образды шынайы алып шықты. Дәл бір автордың жан азабын терең түсініп, жазған адамдай қиналғаны бар. Содан бері де Әкім көкеміздің шығармаларын оқып жүріп, ғұламалығына, арғы-бергі тарихтан білімділігіне қайран қалдым. Ол білгенін патриоттық сезіммен, суреткерлікпен жазатыны – ерекше қасиет. Жан-дүниелері, қаламдары мен қиялдары бір кеңістікте қатар жүзген әйгілі «Бес тапалдың» берік шығармашылық достығына да куә болдық», деп толқыды.
Қазақ ұлттық өнер университетінің тәрбие жөніндегі проректоры Марат Болатұлы Мәдениет және ақпарат министрлігіне ризашылық білдіре отырып, оқу орнының ректоры Айман Мұсақожаеваның алғысхатын табыстады.
Конференция барысында көрнекті жазушының әдебиетке алып келген тың тақырыбы мен соны стилі егжей-тегжейлі талданды. Жазушы, драматург, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елен Әлімжан Кірпішбайдың жаңа қоғамның кейіпкері екенін зерделеп айтты.
«Алпысыншы жылдары әдебиетімізге ерекше ұрпақ келіп, берік орнықты. Олар – Шерағаң, Мұхтар Мағауин, Әбіш. Бұл ұрпақтың ерекшелігі – олар соғысқа қатыспаса да, қан майданның зардабын, жоқшылықты сезінген, терең қабылдаған екен. Оны шығармаларынан көріп отырмыз. Ал Әкімнің өз замандастарынан айырмашылығы – ол балалық шағына көп аялдаған жоқ. Жазушы бірден қазіргі өмірді – өз заманының тыныс-тіршілігін жазды. Басқаларға ұқсап тарихи тақырыптарға да кетіп қалған жоқ. Қазіргі заманды жазудың қиындығы бар – қаламгердің өз өмірі мен көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Екіншіден, жазушының бәрі бірдей осы заманды бойына сіңіре алмайды. Үшіншіден, қасыңда жүрген жандарды кейіпкер ету де оңайға соқпайды. Оған сын да, мін де көп болады. Осы тұрғыдан алғанда Әкім Таразидің «Құйрықты жұлдыз» деген повесі сұмдық таңғалдырды. Өйткені ол кезде біз соғыс кезіндегі әдебиетті басты назарда ұстадық. Жетім-жесірлерге жәбір көрсеткен бригадирлер, жоқшылық, көкесін күткен балалар... Ал бұл кісі әдебиетке жаңа адамдарды алып келді», деді жазушы.
Иә, жалпы, «кеңес дәуірін көркем әдебиетте қалай суреттедік? Кеңес дәуірінің көркем бейнесін қалай жасадық?» деген кезде сондағы ірі тұлға Әкім Тарази қаламын бірінші көреміз. Баяндамашы Елен Әлімжан да автордың сол уақытта тың тақырыпқа бет алғанын қоса айтты.
«Мәселен, қазақтың тарихын жазған Шерағаң мен Мағауиннің орны бөлек. Ал Әкім Тарази саяси бағасын алып үлгермеген тақырыпты жазды. Сол дәуірдің көркем прозадағы бейнесіне бүгінгі биіктен көз салсақ, ең алдымен, Әкім Таразидің романдары тұрады. Кірпішбайлардың бейнесін бірінші көреміз. Кірпішбай – жаңа заманның бейнесі. Кірпіш деген қалыптан шыққан дүние. Онда бедер, белгі жоқ, жып-жылмағай. Біздің көбіміз сол кірпіштен шықтық. Осындай адам болып қалыптастық, оны мойындауымыз керек», деді.
Бұдан бөлек, конференция аясында жазушы, публицист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Любовь Шашкова, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жавлон Жовлиев, жазушы-ғалым, Phd докторы, аудармашы, Қазақстанның «Достық» орденінің иегері Ашур Өздемир, аудармашы, Мысырдағы Асуан университетінің профессоры Мұхаммед Рияд қатысып, баяндама жасады.
Сондай-ақ Әкім Тарази шығармалары туралы Түркияның әдеби, ғылыми басылымдарында зерттеу мақалалары жарияланған филология ғылымдарының докторы (PhD), Гази университетінің профессоры Жемиле Қынажы, Ә.Тарази шығармашылығы бойынша монография жазып, кітап етіп құрастырған Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы Ибрахим Атабей мен Анкара Хажы Байрам Вели университетінің магистранты Мелике Йыландил онлайн форматта қатысты.
Ал Алматы қаласынан өзге облыстардан жазушы, драматург, профессор Сұлтанәлі Балғабай, әдебиеттанушы, сыншы Әлия Бөпежанова, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев, музыкатанушы, әдебиеттанушы, аудармашы Рена Жұманова сынды әдебиет және өнер қайраткерлері онлайн форматта қатысып, ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, алқалы жиынды онлайн режімде еліміздің барлық кітапханалары да көріп отырды. Екі күнге жалғасқан конференция аясында шеберлік дәрістері, «Тарази оқулары», жаңа кітаптың тұсаукесері, Ә.Таразидің сценарийі бойынша түсірілген фильмдердің көрсетілімі, фотокөрме және өзге де іс-шаралар өтті.