– Өздеріңіз білетіндей, биыл аңыз актриса, Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойын Түрксой мәдени ұйымымен бірлесіп халықаралық деңгейде атап өту жоспарланған. Театрымыз ұлы актрисамыздың есімін ғана иеленіп қойған жоқ, сонымен қатар қазақ өнеріне өшпес із қалдырған дара тұлғаның тағылымды өмірін, сахнадағы сындарлы еңбегін ұмытпай, содан үлгі алып өсіп келе жатқан кейінгі буын актерлеріміздің ізденісін, жалпы шығармашылық әлеуетін паш ету мақсатында еліміздің жүрегі – бас шаһар төріне арнайы ат басын бұрып, гастрольмен келіп отырмыз. Көрерменге әкелген тартуымыз – әлбетте мазмұнды спектакльдер. Бикен апамыздың ғасыр тойына орайластырып ұйымдастырылғандықтан, гастрольдік сапарымыздың шымылдығын белгілі режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахмановтың суреткерлік қолтаңбасында қойылған актрисаның «Қос мұңлық» драмасымен ашуды жөн көрдік, – деп театр директоры Ерлік Жуасбек жалпы өнер сапары барысы туралы жан-жақты мағлұмат беріп өтті.
Сахна саңлағы Бикен Римова сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі болған. Тамаша актриса ғана емес, өз ортасында өрелі драматург деп те мойындалған сахнагердің қаламынан «Абай – Әйгерім», «Қос мұңлық» сынды бірнеше пьеса туды. Өз кезегінде айтулы туындылар қазақ театрлары сахнасынан лайықты орнын алды да. Сөзіміздің айқын айғағы болса керек, тұлға есімін иеленген театр да актрисаның қаламынан туған сондай қуатты туындылардың бірі – «Қос мұңлықты» астаналық көрермен назарына ұсынды. Атауы айтып тұрғандай спектакльде қоғамдағы қарттар мәселесі сөз болады. Жалғыз ұлының шаңырағына сыймай, қарттар үйін паналаған кейуананың мұңлы тағдыры көрерменін бір сәт те бейжай қалдырмады. Қоғамға, бала-шағаға бойындағы бар күш-қайратын сарқып берген қарт кісілер неге өз балаларынан қағажу көреді? Жастар арасында маскүнемдік, нашақорлық індеті асқынып, олардың ата-ана алдындағы перзенттік парызын ұмытып, тым қатыгезденіп кетуіне не себеп? Міне, қойылым қоғамның осындай ащы сұрақтарына жауап іздейді. Толғамы терең, тағылымы мол спектакльде Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Мәкен Нұрмұхамбетова, Мәдениет саласының үздігі Сағындық Жұмәділ, Айзада Байғабыл, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Дәулет Қанат бастаған Талдықорған театрының талантты актерлері өнер көрсетті.
– Замандастарының барлығы келместің кемесіне мініп, туған перзенттері қажет етпей жалғанда жалғыз қалған кейуананың ауыр да қасіретті тағдыры сөз болатын бұл қойылым кім-кімді де ойлантпай жібермейді. Туындының көрерменіне айтар тағылымы мол. Жастарымыз адаспаса екен. Ата-анасын алақанына салып аяласа екен. Міне, «Қос мұңлық» қойылымында біз осыны жеткізгіміз келді, – деді театр әртісі, Мәдениет саласының үздігі Сағындық Жұмәділ.
Гастрольдік сапардың екінші күні Талдықорған театры ұжымы Астана қаласы тұрғындары мен қонақтарының назарына жас драматург Қолқанат Мұраттың шығармасы негізінде режиссер Данияр Базарқұлов қойған «Мұғалім» спектаклін ұсынды. Қойылымда көтерілген тақырыптың ауқымы өте кең әрі бүгінгі заманмен үндес. Мұғалімнің қоғамдағы беделі, ата-ана мен баланың, ұстаз бен оқушының арасындағы қарым-қатынас жан-жақты көрсетілетін қойылым көрермен көңіліне де терең із қалдырды. Оған спектакльге арнайы келген Дархан Жұбанышұлы есімді көрерменнің мына пікірі дәлел:
– «Мұғалім» спектаклін тамашалап шықтым. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қойылым қоғамдағы өзекті мәселелерді сөз еткен екен. Ал әртістердің өз рөлдерін аса шеберлікпен алып шыққандары соншалық, екі сағатқа жуық уақыттың қалай өте шыққанын сезбей де қалдым. Қазіргі қоғамда болып жатқан көкейкесті мәселелерді қамтыған өткір де мазмұнды қойылым болыпты. Көріп риза болдым. Барлық ата-аналар мен оқушыларға, жалпы жастарға көруге кеңес берер едім, – деді спектакль әсерінен арыла алмай тұрған жас жігіт.
Сонымен қатар айтулы өнер сапары аясында Талдықорған театры музей бөлімінің меңгерушісі Зәмзәгүл Назарбекқызының ұйымдастыруымен өткізілген Бикен Римованың 100 жылдығына арналған шығармашылық көрменің де көрерменіне сыйлаған әсері мен рухани азығы мол болды десек, қателеспейміз. Қойылымға келген қонақтар атақты актрисаның өмір мен өнер жолынан мол мағлұмат алып, әртістің әр жылдары тұтынған жеке заттары мен сахналық киімдері, әшекей бұйымдары мен портреттерін тамашалап, жәдігерлер тарихымен кеңінен танысты.
– Астана жұртшылығына тамаша тартуымызбен келдік. Ол – тұлға өмірінен сыр шертетін мына көрме. Бикен апамыздың ғасыр тойы Түрксой мәдени ұйымымен бірлесе халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқандықтан, алдағы уақытта сахна саңлағының көрмесін Анкара қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қыркүйек айының соңында апамыздың 100 жылдығын үлкен халықаралық фестивальмен жабу жоспарланған. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз. Алыс-жақын шетелден 5 театр және елімізден 6 театр қатысады. Осы арқылы Бикен Римова есімін лайықты деңгейде ұлықтасақ дейміз, –деп сөзін қорытындылады театр директоры Ерлік Тілеуқұлұлы.
Иә, ғасыр тойы ғаламдық деңгейде тойлануға тиіс актрисаның бірі Бикен Римова десек, оған ешкім қарсы дау айта қоймас. Сахна мен экранда өлмес бейнелер тудырып, ұлттық өнерімізге қалтқысыз қызмет еткен сахна саңлағының есімі мәңгі жасайды.