Ұлттық әскери-патриоттық орталықта ұйымдастырылған мемлекеттік тіл білгірлерінің сайысы Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасындағы «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты айлықтың шешуші кезеңі болды. Мемлекеттік тілді насихаттау және оның қолдану аясын кеңейту, әскери қызметшілерді патриотизм рухында тәрбиелеу, жеке құрам арасында әртүрлі ұлт өкілдерінің достығын нығайту мақсатында өткен байқауға қатысушылар мемлекеттік тілді еркін меңгергендіктерін көрсете білді. Шығармашылық сайысқа Қарулы күштер түрлері мен құрылымдық бөлімшелерінен бес адамнан тұратын алты команда қатысты. Олар – «Арыстан» (55765 әскери бөлімі), «Жерұйық» (Құрлық әскерлері), «Әуе қырандары» (Әуе қорғанысы күштері), «Тәртіп сақшылары» (Әскери полиция), «Жалын» (Әскери колледж) және «Алаш» (Десанттық-шабуылдау әскерлері).
Байқаудың «Өлең – сөздің патшасы» деп аталатын бірінші кезеңінде белгілі қазақ ақындарының шығармаларынан алты шумақ өлеңді жатқа оқу керек болса, келесі кезекте «Үй тапсырмасы» тексерілді. Онда командалар көрермен назарына сахналық көріністерін ұсынды. Үшінші кезеңде өнерпаздар әр ұлттың киімдері мен мәдениетін көрсете отырып, ән немесе би орындады. Командалардың бөлінген уақытты қатаң сақтауына, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде еркін және таза сөйлеуіне, өлеңді мәнерлеп оқуына, мәтіннің көркем идеяларын аша білуіне, сондай-ақ сахна шеберлігі мен мәдениетіне ерекше назар аударылды.
Сайыс қорытындысы бойынша «Тәртіп сақшылары» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Алаш» командасы иеленсе, үшінші орын «Жерұйық» командасына бұйырды. Басқа командалар да назардан тыс қалмай, барлығы Қорғаныс министрінің алғысхатымен және естелік кәдесыйлармен марапатталды.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларды құттықтаған Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы, полковник Ербол Құмарбекұлы мемлекеттік тілді меңгеру әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Ол бұл іс-шара «Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» орындауға бағытталғанын да атап өтті.