Саясат • 22 Қыркүйек, 2023

Қоғамдық бақылаудың нақты қадамы

439 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын заңды әзірлеу мен қабылдауды тапсырғаны белгілі.

Қоғамдық бақылаудың нақты қадамы

Осы тапсырма аясында еліміздегі азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар бірлесе отырып, «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы және оған қоса «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын әзірледі. Ата Заңның 33-бабында азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуына мүмкіндік берілген. Әзірленіп жатқан құжаттың да мақсаты – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы – еліміздегі іргелі реформаларды іс жүзінде жүзеге асырудағы тағы бір маңызды қадам.

Президент Жолдауда: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса ма­ңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деді. Бұл сөзден халық пен атқарушы биліктің ортақ мүддеге жұмылып, қоғамдағы белсенді, сөзі өтімді адамдардың заң шеңберінде бірлесе қимылдауының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғам­ның белсенді болуы – адам капиталын, әлеу­мет­тік-экономикалық жетістіктерді, демо­кратиялық құндылықтарды ел игі­лігіне айналдырудың алғышарты. Мұндағы басты ұстаным – азаматтардың ел дамуының үдерісіне еркін араласуына тең мүмкіндік беру. Қоғамдық бақылау қоғамның нақты қажеттіліктеріне негі­зделген барлық деңгейдегі мем­лекет­тік құрылымдар жұмысының ашық­тығын арттыра түседі.

Қабылданғалы отырған заң жобасы­ның негізгі діттегені – елімізде құқық­тық сана мен құқықтық тәрбие негіз­дерін қалыптастыру. Ол әлеуметтік ма­ңызды мәселелерді шешу мәселесіне азаматтардың белсене атсалысуына ықпал етеді. Заң жобаларын әзірлеу барысында еліміздің және шет мемлекеттер тәжірибесіндегі қоғамдық бақылау практикасы зерделенді. Құжат жобасын әзірлеуге білікті сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері кеңінен тартылды. Қызу пікірталастар өтті.

Сонымен заң жобасында қоғамдық бақылауды күшейту саласындағы мін­дет­терді орындауға құқықтық жағдай жасау қарастырылып отыр. Құжат қо­ғам­дық бақылауды жүзеге асырудың база­лық қағидалары мен қағидаттарын белгілейді, сондай-ақ, қоғамдық бақылау саласындағы ұғымдарды, субъектілер мен объектілерді, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қақтығысын айқындайды. Сонымен қатар қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық бақылау нысандарын нақтылайды, қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттарын регламенттейді. Осы­ның негізінде жұртшылық маңызды шешімдер қабылдауға бастамашы бола отырып, оны іске асыруға қатыса алады.

Жалпы, заң жобаларын Парламентте қарау барысында қоғамдық бақылау объекті­лерінің тізбесін кеңейту бөлігінде тұжырымдамалық түзетулер енгізіл­ді. Атап айтқанда, жобада Назарбаев зият­керлік мектептері мен Назарбаев уни­верситетінің, «Самрұқ-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорының жұмысына қо­ғамдық бақылау орнату туралы нормалар енгізілді. Мысалы, бізде автономдық білім беру ұйымдары бар. Соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің қызметі заңмен қамтылуы керек деген түзету енгізіліп отыр. Бұдан бұрын аталған ұйымдарға қоғамдық бақылау жасау ешқандай заңнамада қаралмаған. Бұл норма қоғамның сұранысы бойынша енгізілді. Автономды білім беру ұйымдарының ашықтығы бойынша, жалпы қоғамдық бақылау мәселесі маңызды болғанын білеміз. Осыған қатысты қоғамда көптеген сұрақ туындады. Өйткені автономды білім орындары дегенімізбен, олар да бюджеттен қаржыландырылады. Осы орайда, мемлекеттік білім беру ұйымдарымен қатар дербес білім беру ұйымдары да қоғамдық бақылауға алынатын болады.

Бұдан бөлек, бұл құжат мерзімді әс­кери қызметшілердің, құқық қорғау ор­гандары білім ұйымдары курсант­тарының қызмет ету, оқу және тұрмыс­тық жағдайларымен олардың отбасы мүшелерінің қоғамдық бақылау жасауына мүмкіндік бермек. Ата-ананың әскери бөлімдер мен оқу орындарына барып, баласының жағдайымен, әскерилер қызметімен, жалпы жағдайымен танысуына жол ашылады.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында қоғамдық бақы­лау­ды қолдану мәселесі де нақтыланды. Мұндай бақылау ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялар жүзеге асырып жатқан мемлекеттік әлеуметтік және ғылы­ми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен орындалатын ұлттық жобаларға, сондай-ақ қор көрсеткен қайы­рым­дылық көмекке қатысты жүргізіледі.

Мемлекет басшысы жоғарыда атал­ған Жолдауда: «Азаматтарымыз рефор­маларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірың­ғай заңды институтын құру қажет. Мұн­дай құрылым қандай да бір бұрмалау әре­кеттерінен толық қорғалуға тиіс. Үкі­­мет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құ­қықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс», деді. Осы құжат арқылы Әкім­шілік рәсімдік-процестік кодекске петициялар туралы толықтыру енгізілгелі отыр. Аталған заң жобасында петиция мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық нысанда жіберілген ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс деген ұғымды білдіретіні көрсетілген. Ол уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын интернет-ресурс арқылы жолданады. Үкіметтің, жергілік­ті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша петициялар жолдау үшін олардың әрқайсысына әртүрлі мөлшерде қол жинау көзделген.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітіледі, ол әдеттегі өтініштер бойынша белгіленген рәсімдерден ай­тар­лықтай ерекшеленетін болады. Мысалы, 50 мың адам қол қойған мәселені мемлекеттік органы қарауға міндетті. Пети­цияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шараны іске асыруға міндетті болады. Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органдар петицияда жазылған фактілерді тексеруді, шешім жобасын жария талқылауды бастауға үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін және мүдделі тұлғаларды шақырып және өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурстар арқылы, сондай-ақ электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар етуге тиіс. Соны­мен қатар талқылауды өткізуге құрамына мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерін, Парламент және мәслихат депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, жеке комиссияны немесе жұмыс тобын құру, петицияға келіп түскен түсініктемелерді талдау, халықаралық тәжірибені зерделеу және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу қажет.

Жергілікті өкілді және атқарушы органдар петицияда жазылған фактілерді тексеруді талап етпейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруға, шешімнің жобасын жария талқылауды бастауға үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін, мүдделі тұлғаларды шақырып, өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурс арқылы, сондай-ақ, электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар ете отырып, оны өткізуге, құрамына мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерін, Парламент және мәслихат депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, уақытша комиссияны немесе жұмыс тобын құруға міндетті.

Қоғамдық бақылау қоғамның нақты сұраныстарын негізге ала отырып, барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар жұ­мы­сының ашықтығын арттыруға мүм­кін­дік береді. Сондықтан заң жобасы қа­был­данғаннан кейін мен барлық бел­сенді азаматтарды осы мүмкіндікті қалт жібермей жаңа заңды мұқият зерделеуге және өздерінің заңды құқықтарын ел мен халықтың игілігі үшін пайдалануға шақырамын.

Мықты мемлекет мықты азаматтық қоғамнан басталады.

 

Руслан РҮСТЕМОВ,

Сенат депутаты