Саясат • 24 Қыркүйек, 2023

Келіскен жерде жеңіс тең

172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тараз қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 11-отырысы өтті.

Келіскен жерде жеңіс тең

Кеңейтілген және шағын құрам­да өткен келіссөз барысында та­раптар екі ел арасындағы ынты­мақтастық мәселесі бойынша ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Екі елдің орталық мемлекеттік ор­ган­­­дарының басшылары қатыс­қан үкімет­аралық кеңес отыры­сында сауда-экономикалық ынты­мақтастықты нығай­ту, ағын суды тиімді пайдалану және энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіп пен АӨК-ке коо­пе­рациялық жобаларды бірлесе іске асы­ру, мемлекеттер арасындағы транзит­тік-көлік әлеуетін арттыру, туризм, мәдениет сала­ларындағы жобаларды бірлесе іске асыру мәселелері сөз болды.

Кездесу барысында Премьер-ми­нистр Әлихан Смайылов көрші екі ел басшыларының күш-жі­герінің арқа­сында кейінгі уа­­қыт­­тарда қазақ-қыр­ғыз страте­гия­­лық серіктестігі соны сер­пін­­мен дами түскенін тілге тиек етті.

«Қырызстан – біз үшін тату көрші, бауырлас ел ғана емес, сон­дай-ақ маңызды сауда-эконо­микалық серіктес мемлекет», деді Ә. Смайылов өз сөзінде.

Кейінгі жылдары бауырлас екі ел ара­сындағы өзара тауар айналымы едәуір артқан. Деректерге сенсек, 2022 жылы көрші мемлекеттер арасындағы сауда көлемі шамамен 19 пайызға өсіп, 1,3 млрд долларды құраған. Осы жылы да оң динамика қалыптасқан. Нақтырақ айтар болсақ, жеті айдағы тауар айналымы 13 пайызға артып, 757 миллион долларға жеткен.

Премьер-министр Ә.Сма­йыловтың айтуынша, транзит, көлік, коммуникация, туризм және басқа салаларда да көрші елдер арасында берік ын­ты­мақтастық орнаған. Сондай-ақ өнер­кәсіптік кооперация, ауыл шаруа­шы­лығы, цифрландыру салаларында да перспективалы бастамалар аз емес.

Үкімет басшысының сөзіне сү­йенсек, алдағы уақытта бірлесіп атқа­ра­тын бір­қатар маңызды жобаны жеделдетіп іске асыру керек. Аны­ғырақ айтсақ, жуық арада шекара маңын­дағы аймақ­тарда индустриялық сау­да-логис­тикалық кешен құру жаңа коо­пе­рациялық жобаны жүзеге асыру­ға айрықша ықпал етеді. Бұл қадам өз кезегінде екі ел басшылары уағ­да­лас­қандай, тауар айналымын 2 млрд доллар­ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырманы орындауға айтарлықтай үлес қосады.

Көршілес екі ел Үкіметінің басшылары Қазақстан мен Қырғыз респуб­лика­сының ортақ мүддесін ескере оты­рып, өзара құрмет пен тату көр­шілік­ке негізделген ағын су саласындағы іс-қи­мылды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Біздің халқымыздың өміріне тікелей әсер ететін экология және суды ұтымды пайдалану саласында ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Су ресурс­тарын әділ және ашық басқаруды қам­тама­сыз ету мақсатында бізге мем­лекетаралық су шаруашылығы каналдарын цифрландыру арқылы тиімді мониторинг жүргізу қажет екені сөзсіз. Гидрологиялық ақпарат алмасуды, атап айтқанда, су қоймаларына келетін ағын су және бассейн бойынша су алу жөнінде ақпараттармен қам­тамасыз ету маңызды», деді Әлихан Смайылов өз сөзінде.

Үкімет басшысының айтуынша, су ресурстарын бірлесіп пай­да­ланудың құқықтық тетігін же­тіл­­­д­ірудің өзара тиімді ынты­мақ­тас­тықты нығайтудағы ықпалы зор.

Басқосу барысында Ә.Сма­йылов екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да қалыпты дамып келе жатқанына тоқталды.

«Қазақстанның 2021 жылы Қырғыз­стандағы, 2022 жылы Қырғызстанның Қазақ­стандағы мәдениет күндері тәжіри­белік және рухани байланыс­тардың дамуына оң септігін тигізді», деді Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде.

Қырғыз Республикасы Ми­нистрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкім­шілігінің басшысы Ақылбек Жапаров екі ел бас­шыларының жуыр­дағы өзара сапарлары барысында екіжақ­ты ын­ты­мақтастықтың негізгі бағыт­тары айқын­далғанын атап өтті.

«Бауырлас елдер халықтың игілігі үшін уағдаластықтарды іл­гері­лету мақ­сатында күш са­латы­ны­на күмән жоқ. Татулық негі­зін­­де өрістеп келе жатқан бай­ла­ны­сы­мыз нығая беретіні даусыз», деді А.Жапаров өз ойын ор­таға салып.

Форумның пленарлық отырысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Алматы облысының әкімі Марат Сұл­тан­­ғазиев, Қырғыз Рес­­пуб­лика­сы Пре­зи­дентінің Талас облы­сындағы уәкілетті өкілі Нүрбек Дар­­данов пен Ыстықкөл облы­сындағы уәкі­­­летті өкілі Ильяз Иманбетов сөз сөй­­­леп, өңірлер арасындағы байланыс­ты ны­ғайтудың маңыздылығы туралы ой­ларын ортаға салды.

«Облыстар мен қалалар арасын­дағы тікелей байланыс, өңіраралық дос­тық пен ынтымақтастықты ны­ғайту – қырғыз-қазақ мемлекет­ара­лық байланыстарын жаңа дең­гейге көтерудің негізі. Өңір­аралық диа­логті кеңейту екі ел ара­сындағы стра­тегиялық әріптестікке оң әсер етеді.

Біз өңірдегі көлік-логистика, су және энергетика, сауда-эконо­микалық қа­тынас­тарды дамытуға айрықша басым­­дық береміз. Осы тұрғыдан алып қа­рағанда өнер­кәсіптік сауда-логистика­лық кешеннің құрылысы қолда бар сау­да-логистикалық әлеуетті жоғары тиім­ділікпен пайдалануға мол мүмкіндік береді», деді Ақылбек Жапаров өз ойын түйіндеп.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов­тың айтуын­­ша, елімізде үш жарым мыңға жете­ғабыл бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өткен жылдан бері олардың қатарына жаңадан 200-ге жуық жаңа компания қосылған.

Келіссөздерге негізделген форум қо­ры­­тындысында тараптар ынтымақ­тас­тықтың барлық өзара тиімді бағыттары бойынша белсенді іс-қимылдарды қол­дауға дайын екенін растады.

 

Жамбыл облысы