– Ризабек, ең алдымен, әлем чемпионатындағы алтын жүлдең құтты болсын. Еліміз үшін бұл жеңістің де, медальдың де жөні бөлек. Әлем чемпионы атанған сәтіңде, алтын тұғырға көтерілгенде қандай сезімде болдың?
– Ең бірінші, әлі күнге дейін мені жеңісіммен құттықтап, барлық ізгі тілектерін арнап жатқан барша қазақ халқына басымды иіп, алғысымды білдіремін. Сондай-ақ туған-туыстарыма, дос-жарандарыма да қолдау білдіргені үшін ерекше рахмет айтқым келеді. Біз үшін тақымын қысып, тілеулес болған жандарға осындай қуаныш сыйлай алғаныма мен де бақыттымын.
Финалдық айқастан кейінгі сезімімді қазір сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұны кез келген ірілі-ұсақты турнирде жеңіске жеткен спортшылар да айта алмайтын шығар. Өйткені оны әрбір адам сезініп, сол күйді басынан өткізіп көруі керек. Сонда ғана спортшыда болған сезімді сезіне аласыз. Десе де тұғыр биігіне шығып, әнұран шырқалғанда іште толқыныс болғанын, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, ерекше әсерге бөленгенімді қалай жасырайын. Бірақ Сербияда жүргенде әлем чемпионы атанғаным аса қатты сезіле қойған жоқ еді. Алайда елге табаным тие салысымен отандастарымыздың ыстық ықыласын, жанкүйерлердің қуанышын көріп, елімізге қандай маңызды жеңіс сыйлағанымды түсіндім.
– Қазаққа күрес түрлерінен тұңғыш алтын жүлдені сыйлаған балуан қай өңірдің тумасы? Оқырмандарға өзің туралы айтып берші.
– Мен 2004 жылы бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында дүниеге келгенмін. Отбасында алты ағайындымыз. Екі інім, үш қарындасым бар. Мен – үйдің тұңғышымын. Әкем де кезінде күреспен айналысқан. Қазір мені жарысқа баптап, жеке бапкеріммен бірге қасымда жүр.
– Демек, күреске әкеңнің себепші болуымен келдің ғой?
– Иә, балуандық өнерге әкемнің қалауы бойынша келдім. Ашығын айтқанда, менің әу баста балуан болғым келген жоқ. Бұл спорт түріне мүлдем қызығушылығым жоқ еді. Бірақ әкем ауылдағы күрес үйірмесіне күштеп апарған соң көнуге тура келді. Алғашында күреске зауқым болмаса да әкемнің көңілі үшін спорт залына барып, белдесіп жүрдім. Арада біраз уақыт өткен соң бір турнирде жеңімпаз атанып, жеңістің дәмін татқаннан кейін күреске қызығушылығымның ояна бастағанын байқадым. Сөйтіп, әкеммен бірге жаттығып, ірі-ірі жарыстарға барып, тәуір нәтижеге қол жеткізе бастадық.
– Осыдан төрт жыл бұрын елордада ұйымдастырылған әлем чемпионатында ерікті болып жұмыс істеп, белдесу уақытында бозкілемді сүртіп жүрген видеоң қазір әлеуметтік желіде кең таралып жатыр. Сол кезде өзің алдыңа «мен де болашақта әлем чемпионы боламын» деген мақсат қойып па едің?
– Жасыратыны жоқ, ол кезде әлем чемпионы боламын деген ой үш емес, одан да көп ұйықтасам да түсіме кірген емес. Өйткені сол жылдары небәрі 15 жастағы тек бүгінін ғана ойлайтын, алдына әлі үлкен мақсаттарды қоя алмайтын бозбала болдық қой. Тіпті жастар мен жасөпірімдер ұлттық құрамасының қатарында да болған жоқпыз. Әйтеуір Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатының 9-сынып оқушысымын. Елордада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтер алдында интернатта менімен қатар оқитын бір топ баланы әлем чемпионатына ерікті етіп жұмысқа алды. Қазір әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода менің Дәулет Ниязбеков пен ресейлік балуан Гаджимурат Рашидов арасындағы финалдық бәсекеде бозкілемді сүртіп жатқан кезім таспаланып қалыпты.
Қазір ойлап отырсам, адамның өмірінде болып жатқан оқиғалар бекерден-бекер орын алмайды екен. Әйтеуір түптің-түбінде бір нәрсеге түрткі болатынына осы әлем чемпионатында көз жеткіздім. Төрт жыл бұрын ғана финалда бозкілем сүртіп жүрген бала бүгінде әлем чемпионы атанып отыр. Расымен, таңғалатын жағдай. Белградтағы туға қатысты мәселе де солай шығар деп ойлаймын. Балуандардың дәстүрі бойынша чемпион атанған спортшы өз елінің туын жамылып, бозкілемді айналып жүгіруге тиіс. Бірақ мен әлем чемпионы атанғаныммен, мұндай бақыт бұйырмады. Дегенмен Жаратқанның бұйрығы солай болған шығар. Бәлкім, Құдай маған көк Туымызды екінші рет әлем чемпионы атанғанымда немесе Олимпиада жеңімпазы атанғанда желбіретуді бұйыртып тұрған болар. Өзім солай ойлаймын. Бірақ ел тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанып тұрып, тарихи сәтте көк туымызды көтеріп жүгіре алмағаныма әлі де өкінемін.
– Бас аман болса, көк туымызды көтеретін мүмкіндік сенде әлі талай боларына сенімдіміз. Осы орайда финалдық белдесуге бір тоқталып өтейікші. Екі дүркін әлем біріншілігінің қола жүлдегері әзербайжандық балуанның осал тұсын қалай таптың?
– Кез келген жарыстағы финалдық белдесудің жауапкершілігі балуандар үшін өте жоғары болады. Өйткені бозкілемде екі адам ғана күресіп жатқанымен, теледидарға телмірген экран алдындағы мыңдаған жанкүйер қауымның сенімін, үмітін ақтау керек. Сол үшін бірінші кезеңде әзербайжандық балуанға есе жіберіп жатып екінші кезеңде намысқа тырысып, соңғы сәтте өзіме тиесілі екі ұпайға қол жеткізіп, жеңісті қарсыласымнан жұлып алдым.
Бұл жерде барлығын менің сабырлылығым, шыдамдылығым шешіп кетті деп ойлаймын. Себебі белдесулерімді көрген болсаңыздар, мен ешқашан бірінші болып алға ұмтылмаймын. Тек өзімнің күшіме және шыдамдылығыма сеніп, соңғы сәтте қарсыласымды сан соқтырып кетуге тырысамын. Мені әрдайым шыдамдылық шыңға жетелеп келеді. Көп балуан белдесу басталған бетте алға қарай ұмтылып, қарсыласын айқын басымдықпен немесе ірі есеппен жеңемін деп асығыстық, шыдамсыздық танытып соңғы сәтте опық жеп жатады.
– Алдағы жоспарларыңмен бөлісе кетсең.
– Болашақта істелетін, атқарылатын шаруалар әлі шашетектен. Алда барлық спортшының арманы саналатын Олимпия ойындары келе жатыр. Соған дайындалу керек. Құдай бұйыртса, келесі жылы Париж Олимпиадасында топ жарғым келеді. Ол үшін алдымен лицензия жеңіп алу керек. Өкінішке қарай, 92 кило салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасына енбейтін болғандықтан, бұл жақтан жолдама иелене алмадым. Енді 97 килоға ауысып, жаңа салмақта өз бағымды сынап көремін.
– Әңгімеңе көп рахмет. Алдағы бәсекелеріңе сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен –
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»