Ұлттық музыка – елдің мәдениетімен танысудың тамаша тәсілі. Осыны ескерген бағдарлама авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин отандық композиторлардың туындыларына айрықша көңіл бөлді. Алғаш рет «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен опера труппасының орындауында М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан үзінділер, Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы» сюитасынан «Қыз қуу» симфониялық скерцосы, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серке каватинасы Тбилисиде шырқалды.
Театр ұжымы ұлттық музыкамен қатар, әлемдік классикадан – Дж.Пуччинидің «Тоска» және «Турандот», Ж.Бизенің «Кармен», Дж.Россинидің «Жібек саты», Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері», Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операларынан және тағы басқаларынан танымал әрі көпшілік ұнататын ариялар мен дуэттер ұсынды. Қазақстандық әртістер мен музыканттардың грузин ұлттық классикасы саналатын В.Долидзенің «Кето мен Котэ» операсынан Биді және З.Палиашвилидің «Даиси» операсынан дуэтті орындауы тбилисилік тыңдармандар үшін керемет тосын сый болды.
Көрермендер «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Жанат Шыбықбаев, Медет Шотабаев, Мейір Байнешке, сондай-ақ халықаралық және ұлттық байқаулардың лауреаттары Гүлжанат Сапақова, Татьяна Вицинская, Евгений Чайников, Ержан Саипов, Артур Габдиевке қошемет көрсетті. Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» рухты әнін барлық әртістің орындауы кештің жарқын қорытындысы болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Грузиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен өткен концерттің режиссері ретінде Еренбақ Тойкенов тер төкті.
– Бүгінгі керемет кештен алған әсерім де, таңданысым да ерек. Өйткені мен бүгін қазақ музыкасымен таныстым. Сахналық костюмдердің көпшілігі грузиялық суретшінің қолынан шыққаны да марқайтып тастады. Жалпы, труппаның әсіресе грузин әндерін асқан шеберлікпен шырқаған талантына тәнті болдым. Осы музыкалық кештен кейін олар мендей жалындаған көрерменге ие болды. Сіздер біздің жаққа жиі келеді деген сенімдемін. Өйткені мұндай тамаша өнер көрсетуді жалғыз мен ғана емес, келесі жолы отбасы, достарым да көрсе, тыңдаса екен деймін. Қай жерде өнер көрсетсе де, «Астана Опера» театрының жанкүйерімін, – деді грузин телевизиясының журналисі Нино Рамишвили.
Қазақстандық ұжымның көрсеткен өнері талғампаз көрерменнің де көңіліне зор серпіліс сыйлады. Оны концерттен шыққаннан кейінгі тыңдармандар таңданысы қуаттады:
– Жүрегіме жылу берген осынау тамаша концерт өмір бойы жадымда жатталары сөзсіз. Әсіресе домбыраның жанды дауысы ерекше әсер етті. Залда отырғандардың көпшілігі осы аспаптың дауысын алғаш рет естіп отыр. Әртістердің кәсіби біліктілігі көңілге құрмет орнықтырады. Бәрекелді! – деді концерттен кейін өз әсерімен бөліскен Давид Бисеишвили.
Ш.Руставели атындағы Ұлттық мемлекеттік академиялық театрының тарихи сахнасындағы «Тбилисидегі дала үні» концерті «Астана Операның» XI театр маусымындағы алғашқы гастрольдік өнер көрсетуі болды. Театр басшылығы атап өткендей, грузиялық көрермендер қошеметіне бөленіп, елге табысты оралған «Астана Операның» әртістері мен музыканттарын алда отандық және шетелдік классикалық өнер жанкүйерлерімен тағы да көптеген жарқын жүздесу мен керемет кездесу күтеді.