Фото: gov.kz
Ғарыш зерттеушілері қауымдастығы ұйымдастырған Халықаралық конгресс Түркияның Бурса қаласында 25-29 қыркүйек аралығында өтті. Іс-шараны Гекмен авиациялық оқу орталығы (GUHAM) Түркияның өнеркәсіп және технологиялар Министрлігімен, Түркияның ғылыми-технологиялық зерттеулер кеңесімен (TÜBITAK) және Бурса муниципалитетінің қолдауымен Бурса Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ұйымдастырған.
Аталған конгреске Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанындағы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компания Басқармасының төрағасы Айдын Айымбетов қатысты. Бурса Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен талқылау барысында Айдын Айымбетов төтенше жағдайлар кезінде ғарыштық спутниктерді пайдалана отырып жұмыс істеудің жаңа әдістеріне ерекше назар аударды.
«Түркиядағы жер сілкінісі ғарыштық технологиялар билікке жедел ақпарат алуға және ұсынуға мүмкіндік беретіндігін көрсетті. Зардап шеккен өңірлердің жоғары егжей-тегжейлі спутниктік суреттері осындай табиғи апаттардың салдарын бағалау мақсатында зақымдану карталарын жасау үшін пайдаланылады», деп атап өтті Айдын Айымбетов.
Техникалық сессияларда әлемдегі ғарыш қызметінің одан әрі дамуы қарастырылып, Түркия мен басқа елдердің ғарыштық ғылыми миссиясының мәселелері қозғалды.
Іс-шараға Болгария, Канада, АҚШ, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Австрия, Хорватия, Израиль, Италия, Жапония, Нидерланды, Испания, Қазақстан, Сирия, Испания, Румыния және Түркиядан барлығы 70 астронавт, ғарышкер және ғалымдар қатысты.
Сондай-ақ конгресстің негізгі тақырыбы Түркия Республикасының 100 жылдығына және Мұстафа Кемаль Ататүріктің «Болашақ аспанда» сөздеріне арналды.