Мектеп • 02 Қазан, 2023

20 өңірде робототехникадан іріктеу чемпионаттары өтеді

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

USTEM Foundation қоғамдық қоры Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен робототехника бойынша өңірлік іріктеу чемпионаттарын өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

20 өңірде робототехникадан іріктеу чемпионаттары өтеді

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірлік іріктеулерге қатысуға еліміздің барлық мектептерінің оқушылары келесі санаттар бойынша шақырылады:

  1. FIRST LEGO League Explore (6-10 жас);
  2. FIRST LEGO League Challenge (10-16 жас);
  3. FIRST Tech Challenge (12-18 жас).

Естеріңізге салсақ, былтыр бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 10 000-нан астам оқушы қатысқан. Ал Хьюстонда өткен әлемдік кезеңге 50-ге жуық Қазақстан оқушысы барып, елге үш бірдей жүлде алып келген.

«FIRST in show чемпионатының жаңа маусымы өнер тақырыбына арналған және STEM арқылы оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Ұлттық чемпионатқа біз командаларды екі кезеңде іріктейтін боламыз: әлеуметтік желілер арқылы онлайн іріктеу және өңірлік іріктеу жарыстары өткізіледі. Биыл Қазақстанның барлық 17 облысында және республикалық маңызы бар 3 қалада өңірлік іріктеу жүргіземіз. Сондай-ақ ауыл мектептерінің оқушыларына ерекше назар аударғымыз келеді», деді USTEM Foundation қорының негізін қалаушы Нұрдәулет Досмағамбет.

Айта кетсек, жарысқа қатысу тегін. Еліміздің барлық дерлік мектептерінде қатысуға қажетті құрал-жабдықтар бар. Сайыс ережесі firstrobotics.kz сайтында жарияланды.