Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Шілденің соңғы екі аптасында ӘМАТ бойынша -0,2% мөлшерінде дефляция тіркелді, бұл ретте 9 позиция бойынша бағалар төмендеді: күнбағыс майы, қарақұмық, құс еті, пияз, қант, сәбіз, картоп, ұн, тұз.
Осы жылғы шілдеде жылдық инфляция баяулады және 14%-ды (маусымда – 14,6%), бір айда 0,6%-ды (алдыңғы айда – 0,5%) құрады, бұл ретте азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 13,5%-ға (маусымда – 14,6%) өсті. Экономикалық зерттеулер институтының хабарлауынша, мұның бәрі Үкімет қабылдап жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Оның ішінде: тұрақтандыру қорларынан және өңірлер қалыптастырған қорлардан көкөністердің бронын алу, мемлекеттік қолдау шараларын қайта форматтау, айналым схемалары, өнімдерді тікелей өндірушілерден форвардтық сатып алу, отандық қант зауыттарына айналым қаражатын бөлу, маусымаралық кезеңде тауарлық интервенциялар, межелік және шекті бөлшек бағаларды белгілеу, делдалдық схемалардың жолын кесу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы бар. Сондай-ақ ӘМАТТ өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсетудің түбегейлі жаңа тәсілі әзірленді.
Осы жағымды жаңалықтар аясында ішкі қант нарығындағы жағдай бөлек қарастырылуы керек деп есептейді сарапшылар. Биыл халықтың рационындағы осы маңызды өнімнің бағасы, жалпы, Сауда министрлігі мәлімдеген шекті бағаның жанында бола отырып, тұрақтылықты көрсетеді. Бүгінгі жағдай өте жағымды болып көрінеді. Алайда қалыптасқан жағдайды бағалауда оптимизмді басуға негіз болатын бірқатар фактор бар.
«Біріншіден, бағаның төмен болуына Ресейдің арзан қантының елімізге жаппай жеткізілуімен байланысты. Екіншіден, қалыпты оптимизм Ресей қабылдаған қант экспортына тыйым салудан кейін қалыптасқан қант тапшылығы мен ішкі нарықтағы дүрбелең жылдық бағаның 87%-ға, ал бөлшек сауда бағасының 1000 тг/кг-ға дейін өсуіне әкелген былтырғы тәжірибеден туындайды. Ол кезде Мемлекет басшысының тарапынан Үкіметтің елеулі қателіктер жібергені үшін жария және қатаң сыны орын алып, екі бейінді министрліктің басшыларына сөгіс жарияланды», дейді институттың жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаев.
Жағдайды түзету үшін Президенттің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасында қант саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары» әзірленді, ол қант өндірушілерді отандық шикізатпен қамтамасыз етуді, зауыттарды техникалық жаңғыртуды, бағаларды тежеу және тұрақтандыру жөніндегі шараларды көздейді.
Жоспарды іске асыруға барлығы 500 млрд теңге сомасында инвестициялар тарту көзделген. Осы соманың негізгі бөлігі (1 млрд доллар) жаңа қант зауытын салуға арналған. Жоспардың маңызды іс-шарасы – шетелде шикі қантты сатып алу үшін қолданыстағы 4 қант зауытын айналымдық қаржыландыру. Қайтадан, бастапқыда әртүрлі көздерден 43 млрд теңге салынды, оның ішінде өңірлер әкімдіктері зауыттарға символдық (0,01%) сыйақымен кредит береді деп болжанды. Көксу зауыты – 4,5 млрд теңге, Ақсу зауыты – 4,6 млрд теңге, Тараз зауыты – 5,1 млрд теңге, Меркі зауыты 9,3 млрд теңге алатыны нақты көрсетілді. Бұдан басқа, ірі отандық қант трейдері «КаИс Инвест» ЖШС 12,5 млрд теңге, ал отандық сауда желілері 5,5 млрд теңге бөлуді жоспарлаған.
«Өз кезегінде зауыттар 2023-2025 жылдар кезеңінде 12 млрд теңге сомаға өндірісті жаңғырту бойынша міндеттемелер алды. Ал биыл зауыттар шамамен 400-450 мың тонна қант өндіруді жоспарлады. Бекітілген жоспардың жүзеге асырылуы қазірдің өзінде сынға ұшырады. Сауда комитетінің ақпараты бойынша барлық жарияланған сомадан зауыттар небәрі 14,3 млрд теңге алды. Бұл ретте шикі қантты сатып алуға арналған қамыс өнімдерінің барынша тиімді пайдаланылғанына сенімділік жоқ. Бірақ шикізаттың құны көбінесе құмшекердің құнын анықтайды және неліктен отандық қанттың құны ресейлік қанттан жоғары екені жайлы нақты түсініктемені жұртшылық естімеген емес. Нәтижесінде, отандық өнімдер импортталатын өнімдермен, соның ішінде сұр схемалармен, ресейлік қантпен бәсекеге түсе алмайды және зауыттар қоймаларында жатыр, олардың алдында тіпті тоқтау қаупі пайда болды. Осы тұста әзірленген кешенді жоспардың мақсаты қандай болды деген сұрақ туындайды. Жауап құжаттың атауында – қазақстандық қант өндірісін дамыту. Демек келесі сұрақ туындайды: жоспарды жүзеге асырудағы бір жылға жуық уақыт ішінде қандай көрсеткіштерге және неге қол жеткізілді? Жауап айқын, бірақ көңіл көншітпейді», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, көп ұзамай зауыттар үшін өңірлік Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кредитке берген ақшаны қайтару мәселесі болжанбалы түрде көтеріледі. Күзде фермерлерден қант қызылшасын сатып алу үшін зауыттарда ақша болмауы мүмкін, ал фермерлер үшін биылғы жыл құрғақ жаздың, субсидиялар алу мен кредит берудің ұйымдастырушылық проблемаларының арқасында оңай болған жоқ.
«Алдын ала бағалау бойынша тек Жамбыл облысының қызылша өсірушілерінің шығыны 3,3 млрд теңгені құрайды, Павлодар облысы мен Жетісу облыстарындағы қызылша өсірушілерде де осындай қиындықтар бар. Отандық нарықтағы қанттың тұрақты және салыстырмалы түрде төмен бағаларын ескерсек те, жыл соңына дейінгі алдағы кезеңге арналған болжамдардағы сақтық негізді болып көрінеді. Өткен жылы 550 мың тонна көлемінде ел үшін жылдық қажеттілік кезінде отандық зауыттар 356 мың тонна қант өндірді, ал бұрын жылына 100 мың тоннадан артық өндірілмеген. Яғни қант 3,5 есе көп өндірілді, ал нарық бағаның күрт өсуіне жауап берді», дейді.
Елдегі қант бағасының жағдайын көбінесе нарықты толтырған ресейлік өнім анықтайды дегенді жоғарыда айттық. Дегенмен сарапшы қауым Ресейде де ахуалдың екіұшты екенін айтады. Ресейлік сарапшылардың пікірінше, арзан өзіндік құнына байланысты қант ресейлік инфляцияның төмен деңгейіне айтарлықтай үлес қосты, бірақ «бұл шартты қарызды қайтаруға тура келеді» және болашақта ресейлік қанттың бағасы әлемдік деңгейге жақындайды.
«Алдағы бірнеше жылда қант өнеркәсібіндегі жобаларға қызығушылықтың төмендеуі мен қант қызылшасы алқаптарының қысқаруы нәтижесінде ресейлік жеткізушілер бағаны сөзсіз көтеруі мүмкін деп болжанып отыр. Ол кезде Қазақстан нарығындағы былтырғы қант жағдайының қайталанбауына кепілдік бар ма деген сұрақ туындайды. Бүгінгі таңда Қазақстан өндірушілері Үкіметтен ресейлік қанттың импортын шектеуді сұрайды, бірақ Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай шешім әзірге қажет деп санамайды. Ресейлік ірі компания біздегі төрт қант зауытының екеуінің иелігіне кіруі туралы ақпарат өткендігін ескерсек, жағдай екіұшты. Бұл көрші республикаларға да қатысты, өйткені 2023 жылы Ресейдің қант экспорты өткен жылмен салыстырғанда 70%-ға өсті және негізгі импорттаушы елдер Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан болды», деп сарапшы алда туындауы мүмкін тәуекелдерді ескертеді.