Білім саласын дамыту мақсатында қолға алынған жобалар аз емес. Әрине, әрбір жобаның өз миссиясы бар. Әйтсе де «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының орны бөлек екені рас. Бүгінде өңірде аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп отырғаны талас тудырмайды. Әлеуетті жобаның жемісін өңірдегі бірқатар ауылдық мектеп те сезіне бастады. Әсіресе шалғай аудандардағы білім ордаларына айрықша назар аударыла бастағаны қуантады.
Бірер күн бұрын Жамбыл облысы аумағының 30 пайызын алып жатқан Мойынқұм ауданының орталығы Мойынқұм ауылының тұрғындары да әлеуетті жобаның шарапатын сезінді. Нақтырақ айтсақ, Тұрар Рысқұлов атындағы білім ордасы жергілікті жұртшылыққа тірек мектебі ретінде таныстырылды. Дәл сол күні Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі де тірек мектебі ретінде жұмысын бастағанын айта кеткен жөн.
Қысқасы, осы жылы «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына өңірден екі мектеп қосылып, оқушылардың игілігіне берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауының нәтижесінде 250 млн теңге бөлініп, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды.
Жоба жетекшілері өздеріне жүктелген міндетті әрі қарай да абыроймен жалғастыруға ниет білдіріп отырғаны жан семіртеді. Олар ауыл балаларының әлеуеті қалада білім алатын жасөспірімдерден еш кем емес екеніне бек сенімді.
Мойынқұм ауылында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы тірек мектебінің таныстырылымына қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жоба аясында атқарылған жұмыс туралы өз ойымен бөлісті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес білім саласындағы жұмыстарды одан әрі қарай жандандырудың маңызы зор. Бүгінде өңірімізде бірқатар жұмыс қолға алынғаны белгілі. Осы жылдың өзінде 25 білім нысанының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 9 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы аяқталды. Расында да, ағарту саласында атқарылатын жұмыс аз емес. Нақтырақ айтар болсам, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 білім ордасын салуды жоспарлап отырған жайымыз бар. Оның 7-еуі 2024 жылы, қалған 5-еуі 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жалпы алғанда, тұрғындардың санасында «қала мектептерінде оқитын жасөспірімдердің білімі ауылдықтарға қарағанда анағұрлым жоғары» деген түсінік қалыптасып қалғаны жасырын емес. Бүгінде ауыл мен қала мектептері арасындағы оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты жоюдың маңызы зор екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде айтарлықтай жемісті жұмыс атқарып жүрген «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорына алғыс білдіреміз. Бірлесіп іске асырар жұмыс аз емес, – деді өңір басшысы.
Еліміздің барлық өңірінде іске асып жатқан ілкімді жобаға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорынан бөлек «AITAS» холдингі, Назарбаев зияткерлік мектептері айтарлықтай зор үлес қосып жатқанын айта кеткен ләзім. Қазіргі кезде Назарбаев зияткерлік мектебінің білікті мамандары ұстаздарды тағылымдамадан өткізу жұмыстарын бастап кетті. Олар ауылдардағы тірек мектептерде еңбек ететін педагог мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысты жылдар бойы жүргізуге ниетті.
– Өзіміз белгілеген жоспар аясында ай сайын оқыту үдерісіне жүйелі түрде қолдау көрсетеміз. Қыркүйек айының алғашқы аптасында физика, химия, биология пәнінің мұғалімдеріне жаңадан жеткізілген құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді толықтай үйреттік. Жалпы алғанда, тірек мектептерінің мұғалімдеріне қолдан келгенше көмектесуге әзірміз. Алдағы уақытта өзге мұғалімдер де біздің мектептің озық тәжірибесімен танысып, жұмыс барысында қолданатын болады. Одан бөлек, әдістемелік көмек көрсетіп жатқан жайымыз бар. Өз кезегінде ұстаздар әртүрлі зертханалық жұмыстарды іске асыруға белсене кіріскенін айта кеткен жөн. Біз ауыл мектептеріндегі ұстаздарға үш жыл бойы қолұшын береміз деп жоспарлап отырмыз. Білікті мамандарымыз оларға бар білгенін үйретеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл балаларының білім сапасы жақсарады, – дейді Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қарлығаш Абдрахманова.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры бөлген 250 млн теңге есебінен мектептегі 36 кабинет толықтай жабдықталған. Олардың ішінде STEM зертханасы, арт-студия мен киностудия, роботтехника кабинеттері бар. Бұл әрине, ауыл мектептері үшін қуанышты жаңалық екені даусыз.
Тұрар Рысқұлов атындағы мектепте 70 ұстаз еңбек етеді. Олар кезең-кезеңімен Назарбаев зияткерлік мектебінің қарқынды оқыту бағдарламасын меңгеріп, ауыл балаларын озық бағдарламалар негізінде оқытпақ. Осылайша, елді мекендерде тұратын қаракөздердің білім деңгейін қалалық балалардың білімімен теңестіруге күш салмақ.
Жалпы алғанда, «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры Жамбыл облысында осымен үшінші білім ордасын тірек мектептер желісіне қосып отыр. Бұған дейін Сарысу ауданына қарасты Саудакент ауылындағы Балтабай Адамбаев атындағы мектепке көмек көрсеткен болатын. Қор жетекшісі Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені тірек мектептердің желісіне қосылуға ниет білдіріп отырған білім ордасы аз емес.
– Бұл жұмыс осы жылмен тоқтап қалмайды. Келесі жылы өңірдің тағы 8 мектебін тірек мектептер желісіне қосамыз деп отырмыз. Еліміздің әр ауданынан кем дегенде бір білім ордасын тірек мектептер қатарына қоссақ, одан ешкім ұтылмайды. Ал бұл білім ордалары жақын маңайда орналасқан шағын жинақы мектептермен тәжірибесін бөліседі. Нәтижесінде, аядай ауылдарда оқитын балалар да сапалы білімге қол жеткізеді, – дейді Д.Тоқтарбаев.
Шыны керек, біршама уақыт бұрын мойынқұмдықтар «біздің ауданның мектептері осы жобаға қашан енеді екен?» дегенді жиі айтып жүретін. Өйткені шалғай аудандағы ауыл тұрғындары да балаларының ізденіс ізіне түсіп, сапалы біліммен қамтылғанын қалайтын. Енді, міне, аудан орталығындағы білім ордасы тірек мектептердің желісіне қосылып, жаңа бағытта жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева келтірген дерекке зер салсақ, алдағы уақытта өңірде бірнеше жаңа мектеп бой көтереді. Нәтижесінде, қордаланған бірқатар мәселе шешімін табады.
– Осы жылдың қыркүйек айында Жамбыл ауданына қарасты Шоқай ауылының балалары жаңа мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болды. 150 орындық білім ордасында оқушылардың сапалы біліммен қамтылуы үшін барлық жағдай қарастырылды. Бұдан бөлек, қараша, желтоқсан айларында тағы бірнеше мектеп пайдалануға берілмек. Сондай-ақ 11 нысанның құрылысы алдағы жылы аяқталады. Бір сөзбен айтқанда, өңірдің білім саласындағы өткір мәселелерді шешуге басымдық беріп отырмыз, – дейді Айдын Досыбаева.
Оның айтуынша, бүгінде өңірде үш ауысымды төрт мектеп бар болса, оқушы орнының тапшылығы бар екі мектеп тіркелген. Балаларды үш ауысымда оқытатын төрт білім ордасының мәселесі 2024-2025 жылдары оңынан шешілмек. Сондай-ақ екі мектептің мәселесі қосымша құрылыс есебінен шешімін таппақ.
«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында атқарылатын жұмыстың ауқымы зор екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Өйткені аудандарда жаңадан бой көтеретін мектептер аз емес. Болашақта жаңа білім ордалары да жобаға енуі мүмкін. Жоба өз миссиясын толық аяқтамайынша тоқтамайды деп сенеміз.
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы