
Мұндай еңбектің авторлары – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Ядролық технологиялар паркінің зерттеушілері. Бұл отандық кәбіл-өткізгіш өндірісінде инновациялық әдіс болып тұр. Университет ғалымдары өндірушілермен бірге радиациялық тігу әдісін қолданған. Жаңа технология ЭЛВ-4 электрондардың өнеркәсіптік үдеткіші арқылы жасалған және фотовольтаикалық әрі мұнай-суасты кәбілдер өндірісінде қолданылады.
Ядролық технологиялар паркі жобалау тобының басшысы Азат Нұрқасымов кәбілдердің қолданылу аясы кең екенін жеткізді.
– Біз радиациялық модификацияланған кәбіл өнімдерін тұтынушылармен алдын ала келісім жасадық. Кәбіл түрлерін қолдану бойынша перспективалық бағыттардың бірі атом электр стансалары болуы мүмкін. Жалпы, кәбілдердің қолданылу аясы кең: фотовольтаикалық кәбілдер фотоэлектрлік жүйелердің жылжымалы және стационарлық құрамдастарын (күн модульдері, құрылғылары және т.б.) қосуға қажет, ал мұнай-суасты кәбілдер мұнай және су көтергіш қондырғылардың суасты электр қозғалтқыштарына электр энергиясын беруге және ұңғымаларды бұрғылау кезінде мұнайды айдауға қолданылады. Пайдалану ерекшелігіне байланысты олардың оқшаулануы жоғары температура мен қысымға төтеп беруге, сондай-ақ болат лентадан жасалған броньмен жабдықталуға тиіс, – дейді А.Нұрқасымов.
Оның айтуынша, инновациялық кәбілдер қоршаған орта температурасына байланысты қарсылықты реттей алады. Қарапайым тілмен айтқанда, кәбіл қоршаған орта салқын болса қызады, ал қоршаған ортаның температурасы жоғарыласа салқындайды. Бұл кәбіл қызып кетпейді, энергияны үнемдейді әрі ешқандай бақылау құрылғыларын қажет етпейді. Мұндай кәбіл өнімдерін жасау үшін наноқұрылымдық материалдар пайдаланылады.
Қазір жоба авторлары осы отандық өнімді сертификаттаудан өткізумен айналысып жатыр. Инновациялық әдіспен әзірленген кәбілдің 50 километрі шетелге, атап айтқанда, Өзбекстанға экспортталып та үлгерген. Алдағы уақытта ғалымдар мұнай және газ өнеркәсібі үшін жоғары температуралы, ыстыққа төзімді, өзін-өзі реттейтін кәбілдер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Өйткені өнімнің жаңа түрі энергияны үнемдеумен қатар температураны реттейтін құрылғыларды қажет етпейді.