Форум • 05 Қазан, 2023

Діндер көшбасшылары съезі хатшылығының құрылғанына − 20 жыл

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20 жыл бұрын, 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I Съезі өтті. 

Діндер көшбасшылары съезі хатшылығының құрылғанына − 20 жыл

Ел басшылығының бастамасымен ортақ мүдделер мен өзара түсіністік негізінде құрылған әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы диалог өзара ынтымақтастық үшін кең перспективалар ашады және біздің заманымыздың зорлық-зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты жағымсыз көріністерін еңсеруге ықпал етеді.

Съездің мақсаты діндердің әлемдік және дәстүрлі нысандарында жалпыадамзаттық бағдарларды іздеу, діндер диалогын жүзеге асыру және келісілген шешімдерді қабылдау үшін тұрақты жұмыс істейтін Халықаралық конфессияаралық институтын құру болды.

2003 жылғы 23-24 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I Съезі барысында форумға қатысушылар Съездің жұмыс органы – Хатшылықты құру туралы шешім қабылдады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезге қатысатын әлемдік діндер лидерлерінің өкілдері, оның ішінде Исламның, Христианның, Иудаизмнің, Буддизмнің, Даосизмнің, Синтоизмнің, Индуизмнің, Халықаралық ұйымдардың өкілдері – мүшелері болып табылады.

Осы жылдың 11 қазанында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезінің шақырылғанына 20 жыл толуына орай съездің XXI Хатшылығы өтеді. Осы жылдар ішінде Астана конфессияаралық форумы дінаралық диалогтың басты халықаралық алаңдарының бірі ретінде өзінің дұрыстығын дәлелдеді.

Хатшылықтың алдағы отырысында съездің жұмысын ұйымдастыру және оның мазмұнды бөлімдері жөніндегі мәселелері талқыланады. «2023-2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамыту тұжырымдамасы» атты маңызды құжат қабылданады.

Бұл тұжырымдама 2022 жылы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі бастамаларының бірі болып табылады. Съездердің ерекше жауапкершілікпен ұсынылған бастамалары шын мәнінде жүзеге асырылады және әлемде төзімділік, диалог және түсіну қағидаттарын ілгерілетуге қызмет етеді. Өтетін отырыстың күн тәртібі бойынша жемісті пікір алмасу күтіліп отыр.

Осы форумның тағы бір қызықты сәті іс-шараның еріктілері ретінде ЖОО студенттерінің дәстүрлі қатысуы болмақ. Белсенді жастар форум жұмысына әрдайым қызығушылық танытып, қатысқысы келеді, шетелдік делегацияларға көмектеседі, аударады. Шын мәнісінде съездің идеясы – диалог пен өзара көмекке бағытталған.

Ж.А. Қасымова,

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығы

Жиынтық-талдау департаментінің директоры