Қоғам • 05 Қазан, 2023

Ақынмен кездесті

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шаханов феномені Тәуелсіздіктен кейінгі ­жас буынның рухты, жігерлі болып қалыпта­суы­на игі ықпалына тигізді. Ақынға еліктеген өрендер әділетсіздікке, жігерсіздікке жаны күйіп, ­отанды сүюдің дара сипатын ұғынды. Елдік сарында жазылған рухты жырлар әр кеудеге айшықты із қалдырғаны сөзсіз.

Ақынмен кездесті

Елордадағы «Қаламгерлер» аллеясында Қазақ­станның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаха­новпен кездесу өтті.

Кездесу Алаш ардақтыларының ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.   

Алғашқы сөз кезегін алған ақын, Қазақстан жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы қадірменді қонақ­қа оқыр­ман лебізін жеткізді. Мұнан соң қаладағы Төле­ген Айбергенов атындағы №16 мектеп оқушы­лары ақынның жауһар жырларын бірінен соң бірі жатқа оқыды.

Әнші, «Мәдениет саласының үздігі» Нұрай Танабаев ақынның өлеңіне жазылған «Ақ бантик» әнін орындап, көпшіліктің көзайымына айналды.

– Кезінде Гитлерден елді қалай жаулап алуға болатынын сұрағанда ол: «Жеңіл әндерді насихаттай берсек, оларды рухсыздыққа ұшыратамыз» деген. Өкінішке қарай, қазір сол үрдіс өріс алып отыр. Мен шындығы жоғалған ерді ер, әйелді әйел деп мойындамаймын. Саналы ғұмырымды ақиқат жолына арнадым. Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы. Осы жолдың шыңында жолығуға баршаңызды шақырамын, – деді М.Шаханов.

Кездесу соңында аллеяға ақын өз атынан тал екті.