Медицина • 05 Қазан, 2023

Башпайын бас бармақтың орнына салып берді

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяу күндері Алматы қаласының травматолог-микрохирургтері аяқ-қол­дарында туабітті кеселдері бар және жүре келе жазымға ұшы­раған алты балаға операция жасап, 1,5 жа­сар баланың аяғындағы баш­пайын сол қолына салып берді.

Башпайын бас бармақтың орнына салып берді

Бұл операцияларды Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық аурухана­сының травматолог-микрохирург­тері мен әйгілі микрохирург, Мәскеу қала­лық РХДУ травматология және орто­­пе­дия кафедрасының профессоры Игорь Голубевпен бірге жасады. Ал­ты бір­дей кішкентай өмірді өзгерт­кен күр­делі микрохирургиялық операция­лар «Добро­вольное общество «Милосердие» қо­ғамдық қоры мен Ал­маты қаласы Қо­ғам­дық денсаулық сақтау басқар­ма­сының ұйымдастыруымен өткен үш күндік ше­берлік-дәрістері аясында атқарылғанын айта кеткен жөн.

Ал 1,5 жасар баланың әжесі Мира Қа­либекова: «Немеремнің туған кезде оң қолының білегі болмады, сол қолының бас бармағы жетілмеген екен. Қызым «ДОМ» қоғамдық қорына жүгініп, медициналық тексеруден кейін дәрігерлер аяқтағы башпайды сол қолға ауыстырып салуға болатынын айтыпты. Енді осы операциядан кейін немерем сол қолымен де ыдысын ұстап, ойнай алады. Мектепке барған кезінде екі қолымен кітап, дәптерін ұстап, жаза алатын болды деп қуанып отырмыз», дейді.

«Мүбәрак оң қол аплазиясы және сол қолдың бірінші және екінші саусақ­тарының ұшы жоқ болып дүниеге келген. Бала деген жүреді, ойнайды, ата-анасы оң білегіне косметикалық протезге тапсырыс берген екен. Ал башпайды қолға ауыстыру операциясы 8 сағатқа созылды. Енді бала қалпына келуі қажет. Мұндағы барлық операциялар әртүрлі сипатта болды. Науқастардың ішінде туабітті кеселдер, жарақаттан пайда болған жағдайлар да бар», дейді №2 Балалар қалалық клини­калық ауруханасының директоры Марат Рабан­дияров.

Ал шеберлік-дәрістеріне осы аурухана­ның 20 шақты маманы қатысты. Аяқ-қолдарында туабітті және жүре пай­да болған кемістіктері бар барлық бала­ның ішінен дәрігерлер консилиумы опе­рация жасау үшін алты пациентті таңдаған. «Мұндай шеберлік дәрістерін дәрігерлердің кәсібилігі мен бас серік­тесіміз – «Samruk-Kazyna Trust» әлеу­меттік жобаларды дамыту қорының қол­дауынсыз атқару мүмкін болмас еді», дейді «Добровольное общес­тво «Ми­лосер­дие» қоғамдық қорының негізін қа­лаушы Аружан Саин.

 

АЛМАТЫ