Аталған жобаның құрылысы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Жалпы, Достық жүк тасымалы бекетінен Мойынты стансасына дейінгі 836 шақырымдық екінші теміржол желісі отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етпек. Жобаға тапсырыс беруші «Самұрық – Қазына» әл-ауқат қоры болса, оның құрылыс жұмысын «Integra construction kz» ЖШС жүзеге асырды.
Мамандардың айтуынша, құрылыс барысында 5 ірі, 87 шағын және орта масштабтағы көпір, 288 су жүргізу құбыры, 14 автожол өткелі, сондай-ақ энергетика және байланыс нысанын салу жоспарланған. Құрылыс 2025 жылдың 4 тоқсанында аяқталады. Жоба қолданысқа берілгенде отандық теміржол тасымалының қуатын арттырумен бірге «Қазақстан теміржолы жүк тасымалы» АҚ Алматы бөлімшесінің Достық жүк тасымалы стансаның жұмысы да қыза түседі.
«Достық жүк тасымал стансасы 1991 жылы ашылды. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік ағынның 70 пайызы Достық стансасы арқылы өтеді. Жүктің көп бөлігін «Достық Транс терминалы» контейнерлік алаңы қабылдайды. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру – елдің стратегиялық міндеттерінің бірі және біз оны мүмкіндігінше іске асыру үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Өткен жылғы жүк тасымалы осыған дейінгі рекордтық деңгейге жетіп, 23 миллион 120 мың тонна жүк қабылданып, өңделіп, жөнелтілді. Жүктің негізгі бағыттары: Қытай – Еуропа – Қытай, Қытай – Орталық Азия елдері, Қытай – Ресей елін қамтиды. Жыл басында биыл 26 миллион 800 тонна жүк тасымалданады деп жоспарланған. Қазір 15 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданды. Мұның ішінде Қазақстаннан Қытай тарапына 10 миллион 700 мың тонна жүк тапсырылса, Қытай жақтан 4 миллион 335 мың тонна жүк қабылданды. Ал 8 айдағы жүк тасымалы өткен жылдың ұқсас мезгілімен салыстырғанда 119 пайызға артық орындалды. Бүгін де Достық транс терминалы 13 контейнерлік пойызды құруға және жөнелтуге қауқарлы. Онда 600-ден астам адам жұмыс атқарады. Осы жылдың 4 тоқсанында жүк тасымалының транзиттік әлеуетін арттыру бағытында еуростандартқа сай терминал ашылмақ. Инфрақұрылымын дамыту мақсатында үлкен саябақ салу жоспарда тұр. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай тарапы жүк өткізу бекетінің мүмкіндігін кеңейтуге байланысты жаңа келісімдер жүргізіп жатыр. Ол келісім жүзеге асса, жұмысымызға серпін берері анық. Енді Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолының салынуы теміржолдағы жүк тасымалының жылдам әрі заманауи стандартқа сай жұмыс жүргізуіне ықпал етеді», дейді Достық жүк тасымалы стансасының басшысы Мақсат Мәмбетқұлов.
Демек, Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолы Жетісу облысы аумағында биыл жаз айында басталды. Жыл соңына дейін Достықтан Сайқан стансасына дейінгі 4 учаскеге теміржол төсеу жоспарланған. Қазір Достық – Ақши учаскесінде жұмыс қарқынды жүріп жатқанын көрдік: «Достық пен Мойынтыға дейінгі әр учаскеде жұмыс қызу жүріп жатыр. Жетісу өңіріндегі теміржолды салу міндеті «Integra construction kz» ЖШС-ның оңтүстік дирекциясына тапсырылған. Қазір Ақши стансасы аумағындағы кірме жолдарды тазалау, жол салынатын жерді тегістеу мен тас төгу жұмысын атқару үстіндеміз. Осы учаскеде 120-ға жуық адам жұмыс атқарып жатыр. Теміржол құрылысын жүргізуге қажетті жеңіл және ауыр техникамен толық жабдықталған. Биылғы жоспарды жыл соңына дейін толық орындаймыз», дейді «Integra construction kz» ЖШС оңтүстік дирекциясы директорының орынбасары Орынбасар Құлпейісов.
Бұл учаскедегі жұмысшылардың бір тобы кірме жолдарды бұрындары төселген рельстен тазалап жатса, енді бір бөлігі теміржол төселетін жерге тас төгіп, тағы бір топ техникасы оны жаймалап, шыңдап, жанталас жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындар тартылыпты. Олардың айлық табысы да жақсы. Ертеңгі күні ел әлеуетін өсіруге жұмыс атқаратын жаңа жоба бүгінде жергілікті жұрттың әл-ауқатын арттырып жатқанын көрдік.
Жетісу облысы