Мәдениет • 08 Қазан, 2023

Бауырлас қалалар байланысы

195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр тамызда Әзербайжанға ресми сапары барысында екі елдің президенттері Түркістан мен Шуша арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттамаға қол қойған болатын. Ал күні кеше Түркістанда «Шуша қаласының күндері» өтті.

Бауырлас қалалар байланысы

Іс-шара аясында Әзербайжан Респуб­ликасынан келген делегация облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, мәдени, экономикалық және рухани байланыстарды нығайту барысын әңгіме етті. «Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облы­сының халқы 2 миллионнан асады. Өңірдің әлеуеті жоғары, инвес­тор­ларға толық қолдау көрсетіп келеді. Әзербайжан компанияларын да инвес­тиция салуға, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», деді Дархан Саты­балды. Ал Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының прези­денті Гюнай Эфендиева Түркіс­танның ұна­ғанын, адамдары да ауа райы секілді жылы екенін айтты. Туризм, мәдениет салалары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін, бұл кездесу – сол игі істердің бастамасы екенін мәлімдеді. Әзербайжан Республикасы Президентінің Шуша қаласындағы арнайы өкілі Айдын Керимов және Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Агалар Атамогланов Түркістан мен Шуша қалаларының тарихи рөлі, Түркі елдерінің бірлігі жөнінде ой қозғады. Құшақ жая қарсы алған Түркістан жұртшылығына алғыстарын білдірді.

ми

Шуша қаласы күндерінің ресми ашылуында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев тарихта орны бар қаһарман қалалардың бір-бірімен байланыс орнатуы заңдылық екенін атап өтті. Түркістан мен Шуша арасындағы экономикалық, рухани, мәдени және туристік байланыстар нығая түсетініне сенім білдірді. Іс-шара барысында «Хуршидбану Натаван» атты деректі фильм көр­се­тілді. Әзербайжанның мугам-трио­сының өнері, Түркі мәдениеті мен мұра­сы халықаралық қорының бастауы­мен құрылған «7 сұлу» музыкалық ансам­блінің концерті көрермен наза­рына ұсынылды. Сондай-ақ көп­шілік Шуша суретшілерінің көр­месін, дизайнер және модельер Гульнар Халилованың «Карабахтың ұлт­тық киімдері» дефилесін тамаша­ла­ды. Түркі мәдениеті мен мұрасы халық­ара­лық қоры мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арасында меморандумға қол қойылды. Кеш соңында қор президенті естелік сый­ табыстап, құрмет көрсетті. Қонақ­тар­ Түркістанның көрікті орындарын ара­лады.

Түркістан облысында 23 мыңнан аса әзербайжан этносының өкілі тұра­ды. Облыстық «Гарабах» этно­мә­дени бірлестігі жұмыс істейді. Әзер­байжан этносының тілі, мәдение­ті­ мен дәстүрі күніне арналған іс-шара­лар өткізіліп тұрады. Өңірдің қол­өнер­шілер ассоциациясы мамыр айында Шуша қаласында өткен көрмеге қатысып, қазақтың салт-дәстүрлері мен қолөнер бұйым­да­рын таныстырған болатын. Ал Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филар­мо­ниясының әртіс­тері өнер көрсетті.

Айта кетелік, «Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының негізі 2010 жылы түркітілдес мемлекеттер басшыларының Ыстанбұлда өткен 10-саммитінде қаланған болатын. Шешімге сәйкес, жыл сайын Түркі әлемінің бір қаласы «Мәдени астана» болып жарияланады. Шуша – осы құрметке ие болған 11-қала. Биыл мамырда «Шуша – Түркі әлемінің 2023 жылғы мәдени астанасы» жылының ресми ашылу салтанаты өтті.

 

ТҮРКІСТАН