Білім • 09 Қазан, 2023

Менделеев сыныбы

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырма бергені белгілі. Президент бұл қадам елімізде ғылыми экожүйені ұлт­тық білім және ғылым жүйесіне енгізуге мүм­кін­дік беретінін атап өткен еді.

Менделеев сыныбы

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруды қолға алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңір­лік университеті, химия өнді­рі­сінің локомотиві саналатын «Қаз­фос­фат» ЖШС және Д.Мен­де­леев атындағы Ресей химия-техно­ло­гия университеті бірнеше ай бұ­рын үшжақты келісімге қол қо­йып, ТМД елдері арасында алғаш рет химия өнеркәсібі саласындағы желі­лік кампустың тұсаукесерін ұйым­дас­тыр­ды.

Бастаған істі аяғына дейін жет­кізу­ді ойластырған өңірлік универ­ситет ұжымы «Менделеев сыныбы» жобасының салтанатты ашы­лу рәсімін жоғары деңгейде өткізді. Іс-шараға Д.Менделеев атын­да­ғы университеттің профессор­ла­ры, «Қазфосфат» қызмет­кер­лері, мектептердегі химия пәні­нің мұ­ға­лім­дері, ата-аналар және М.Х.Дулати атындағы универси­тет­тің ұжымы, студенттер қатысты.

Бірегей жобаның тұсаукесер рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Кален­деров химия өндірісіне қажетті білікті мамандарды даярлау мақсатында қолға алынған бірлескен істің маңызы зор екенін атап өтті.

– Осы жылдың басында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде бес филиалын ашуды тапсырған бола­тын. Мемлекет басшысы жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілет­ті­лі­гін арттыру маңызды екенін айтты. Алғашқылардың бірі болып М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік уни­верситеті Президенттің тапсырмасын орындап, стратегиялық серік­тестер саналатын Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология­ университеті және «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлесіп, химия өнеркәсібіне мамандар даярлау жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл, әрине, құп­тарлық қадам, – деді Нұржан Календеров.

Өңірлік университеттің ректоры Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, сұранысқа ие жаңа мамандарды даярлау мақсатында іске асатын жоба жастардың игілігі үшін қолға алынған.

– Оқыту үрдісі «2+1+1» форматы бойынша жүзеге асырылады. Қыр­күйек айынан бастап 3-курста оқитын 7 студентіміз Мәскеу қала­сын­да химиялық инженерия және үдерістер бойынша білім алуды бастады. Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті халықаралық деңгейде мойындалған жоғары оқу орны екенін айта кеткен ләзім. ТМД елдері мен шетелде химия және химия технологиясы саласы бойынша жетекші ғылыми орталық саналатын ұжыммен бірлес­кен жобаның берері көп, – дейді Мұхтар Байжұманов.

Үшжақты келісім негізінде жүзеге асатын жобаның алғашқы кезеңінде 43 оқушы қабылданып отыр. Іс-шараға қатысқан ата-аналардың ай­туын­ша, қат мамандыққа аңсары ауған бала­лардың өз ісінің шебері болып шығуына мүмкіндік мол.

Жаңа жобаның таныстырылымына арнайы қатысқан «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауы­ты­ның директоры Юн Альберт «Мен­делеев сыныбын» құрудың өңір­лік деңгейде маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол оқу озаты болған түлектер тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтамасыз етілетінін тілге тиек етті.

Іс-шара барысында сөз алған Д.Менделеев атындағы универ­си­тет­тің білім беру бағдар­ла­маларын дамыту және халықаралық қызмет жөніндегі проректорының орынбасары Георгий Шахгильдян көпшілікке «Менделеев сыныбы» жобасы туралы айтып берді. Кейіннен осы жобаның алғашқы қатысушылары салтанатты түрде ант қабылдады.

 

ТАРАЗ