Фото: primeminister.kz
Комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны кезінде негізгі астықты өңірлерде толассыз жауған жауын-шашын астықтың өнімділігі мен сапасына әсер еткенін айтты. Мұның зардабын алдымен диқандар тартады. Өйткені келісімшарт бойынша сатылатын өнімді жинауға жаңбырлы күз айтарлықтай кедергісін келтірді.
«Мемлекет басшысының биылғы ауа райы қолайсыздығынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мынадай шараларды қабылдау ұсынылды. Атап айтқанда форвардтық сатып алу аясында «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу бағасын 3 класты бидай үшін 120 мың теңге және 4 класты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде белгілеу; форвардтық сатып алу және тауарлық несие бойынша фермерге міндеттемелерді айыппұл төлемдерінсіз ақшалай қаражат арқылы немесе 1,05% не 5% коэффициент бойынша 3 класты бидайды 4 класқа ауыстыру арқылы орындауға мүмкіндік беру; міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін банк сыйақыларын 3% көлемінде өтей отырып, шартты орындау мерзімін 1 жылға ұзартуға мүмкіндік беру» мәселесі қаралды.
А.Сапаров фермерлер «Азық-түлік корпорациясының» астықты, әсіресе жемдік бидайды егіншілерден тікелей сатып алу мәселесін көтеріп отырғанын жеткізді. Осы ұсыныс жүзеге асырылса, диқандардың табысы да еселене түсетінін айтты.
Комиссия мүшелері жиын барысында 350 мың тонна көлемінде астықты келесі бағамен сатып алуды жүзеге асыру қажет деп шешті. Оның ішінде 4 класты бидай үшін – 105 мың теңге, 5 класты бидай үшін – 90 мың теңге, класқа жатпайтын бидай үшін – 70 мың теңге деп баға да белгіленді. Бұл шаруа енді тек бюджеттен қаржы бөлінген соң ғана іске асырылады. Отырысты қорытындылаған Ә.Смайылов мемлекеттік жауапты органдар ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге демеу болып қолдау көрсетуді шұғыл қолға алу керектігін тапсырды.