Президент • 10 Қазан, 2023

Мемлекет басшысы Темірбетон бұйымдары зауытына барды

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Темірбетон бұйымдары зауытына барды

Фото: Aqorda.kz

«Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС биыл іске қосқан жобаның жалпы құны – 2,6 миллиард теңге. Оның 370 миллион теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қаржыландырылған. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлері таныстырылды. Олардың басым бөлігі – құрылыс саласы үшін аса қажетті материалдар. Атап айтқанда, табақша шыны («OrdaGlass» ЖШС), ПВХ-құбырлары мен фитингтер («КНК Кемикал» ЖШС), каскалар («NP-Consalting» ЖШС), плитка желімдері мен сәндік сылақтар («Вега-Пром» ЖШС), жол және тротуар бордюрлерін, құм-керамзит блоктарын («Садуакасов Ж.А» ЖК), қиыршық тастың әртүрлі фракцияларын («Shalkiya Dolomite Operating» ЖШС), терезелер мен айналар («Комфорт KZ» ЖШС), әк («Орда строй маркет» ЖШС), кірпіш өнімдерін («Мелиоратор» ЖШС) және тағы да басқа бұйымдарды шығарады. Сондай-ақ көрмеге «Dalatex» компаниясының текстиль бұйымдары, «Өркен Әлем» ЖШС шығаратын жеке қорғаныс құралдары қойылған.

Президент кәсіпкерлермен әңгімелесу барысында шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Ақорда

Өндіріс орнында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысына Қызылорда өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жөнінде баяндады.

Аймақ басшысының айтуынша Қызылорда облысының жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Нақты атағанда, өңдеу өнеркәсібі 115,8 пайызға (227 млрд теңге), ауыл шаруашылығы 101,6 пайызға (157 млрд теңге), құрылыс 126,4 пайызға (117 млрд теңге), тұрғын үйлер салу 118,9 пайызға (618 мың ш.м), сауда-саттық 104,1 пайызға (531 млрд теңге) артқан. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемін биыл 472 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Оның басым бөлігі жеке инвестицияларға тиесілі.

Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жыл ішінде 27 мектеп салу жоспарға алынып, қазіргі кезде Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты салынып жатыр.

Емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Қан орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 медициналық-амбулаториялық нысан салу жұмысы жүріп жатыр.

Өңірде бірқатар спорт және әлеуметтік-мәдени нысан бой көтермек. Атап айтқанда, жуырда 7 мың орындық Орталық стадионның, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Аудандарда шағын 11 дене шынықтыру кешенін салу үшін жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінген. Облыс орталығында салынып жатқан Өнер орталығы жыл аяғына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Ақорда

Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің тыныс-тіршілігін түлетуге жергілікті кәсіпкерлер де елеулі үлес қосып жатқанын айтты. Әлеуметтік нысандар салу, демалыс саябақтарын, ойын-спорт алаңдарын, үйлердің қасбеттерін жаңарту, аулаларды абаттандыру жұмыстары демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып келеді.