Деректерге жүгінсек, өңір бойынша 45 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат тіркелген екен. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті оңалту құрылғыларымен қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың өзінде 3,6 млрд теңге қаржыға негізгі құрылғылар сатып алынған. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну мақсатында 21 медициналық мекеме қызмет атқарып отырғанын айта кеткен жөн. 1 689 азамат сол мекемелерге жүгінеді. Жалпы, қолға алынған жұмыстарды жүзеге асыру үшін 7 млрд теңге қаражат қарастырылған.
«Мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және оларға қолдан келгенше әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Тағдырдың тауқыметін тартқан жерлестерге жергілікті билік мүмкіндігінше қолдау көрсетуге әзір. Қазіргі кезде ерекше қажеттілікке мұқтаж адамдардың жағдайын жақсартып, олардың қоғамда тең мүмкіндікке қол жеткізуін қамтамасыз ету, көкейкесті мәселелеріне қоғамның назарын аудару, құқықтарын қорғау бойынша жергілікті атқарушы билік тарапынан түрлі іс-шара қолға алынып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз» деп атап өткені мәлім. Ал бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру – біздің міндетіміз. Билік тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың нәтижесінде еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мен бейімдеу жұмыстарына айрықша көңіл бөлініп отыр. Жамбыл облысында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы, біз бұл бағыт бойынша қолға алынған жұмыстарды үздіксіз жалғастырамыз», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықованың айтуынша, еліміз бойынша Абай облысының орталығы Семей қаласында және Әулиеата жерінде ғана заманауи оңалту орталығы ашылыпты. Мұқтаж жандардың игілігіне салынған орталықтардың құрылысына 5,5 млрд теңге қаражат қарастырылған.
Өңір тұрғындарының игілігіне берілген әлеуметтік оңалту орталығының жалпы аумағы 4,932 гектарды құрайды. Оңалту орталығы 5 блоктен тұрады. Мұнда жүзу бассейні, мәжіліс залы, емделушілерге арналған спортзал, үш қабаттан тұратын емдеу корпусы және екі қабаттан тұратын стационар бар.
Жауапты мамандар келтірген деректерге сенсек, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарды емдеу шараларын жүргізуге қажетті кабинеттерде тиісті құрылғының барлығы бар. Нақтырақ айтар болсақ, келушілер физио-емдеу, электрмен емдеу, инелі рефлексотерапия, озакерит-парафинмен емдеу, ингаляция, емдік шынықтыру, жарықпен емдеумен қамтылған.
Сондай-ақ келушілердің жеке және топтық сабақтарға қатысуына, компьютерлік техниканы үйренуіне, табиғи материалдармен жұмыс істеуіне, кесте тоқуды меңгеруіне және өзге бірнеше бағыт бойынша өз-өзін дамытуына мүмкіндіктер қарастырылған.
Түйіндеп айтсақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар асыға күткен жаңа орталық енді тиісті санаттағы адамдардың игілігі үшін қызмет етеді. Мамандар жыл сайын 100 азаматты оңалтудан өткізуге тас-түйін дайын отыр.
Тараз