Қоғам • 11 Қазан, 2023

«Қашан тыйым салынады?». Соңғы алты айда вейпті сату 32%-ға өсті

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар электронды темекі мен вейптерді пайдалануды шектеу немесе тыйым салу мәселесі назардан тыс қалғаны айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қашан тыйым салынады?». Соңғы алты айда вейпті сату 32%-ға өсті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Өзекті мәселені мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қозғады. Ол жауапты мемлекеттік органдар әлі нақты шешім қабылдамағанын еске салды.

«Бұл мәселені Мемлекет басшысы да көтеріп, тапсырма берген еді. Депутаттар да жан-жақты талқылап, ойларын ортаға салды, бірақ әлі нақты шешім жоқ. Сондықтан нақты шешім қабылдайтын уақыт келді. Біз біртұтас ұстанымға келуіміз керек. Өйткені ол біздің балаларымыздың және болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді», деді Ерлан Қошанов.

Депутат Дәулет Тұрлыханов электронды темекі мен вейптер кәмелетке толмағандарға еркін сатылып жатқанын мысалға келтіріп, дабыл қақты.

«Президент Атырауға жұмыс сапарымен барған кезде бұл дертпен күресу керек екенін, жаман әдеттің таралуына жол бермеу керек екенін дәл айтты. Қазір студенттер де вейпке тәуелді болып кеткен. Оларды сатып алу өте оңай, жастар көшеде де емін-еркін шегіп жүре береді. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде де өзекті болып отыр. 2018 жылы мектеп оқушыларының мінез-құлқын зерттеу барысында балалардың 14%-ы және ұлдардың 6%-ы вейп шегетіні анықталды. Мұндай зиянды заттардың қорабында 20 жасқа толмаған адамдарға сатуға болмайды деп жазылған. Статистикаға назар аударсақ, соңғы жарты жылда вейпті сату 32%-ға өсті», деді Дәулет Тұрлыханов.

Осы тұста Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қазір заңнамаға тиісті түзетулер енгізу қарастырылып жатқанын айтты.

«Қазақстанда вейптерге тыйым салу мәселесі бойынша заң жобаларына стандарттар енгізіліп жатыр. Олар Үкімет отырысында қаралды. Денсаулық сақтау саласы да бұл стандарттарды қолдайды. Қазір тиісті құзырлы органдар вейптерді пайдалануға толық тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр», деп түсіндірді Ажар Ғиният.