Спорт • 11 Қазан, 2023

Мемлекет қайраткерін еске алу турнирі

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Өскемен қала­сында облысты бес жылдан аса басқарып, өңірдің экономикасы мен әлеуетін көтерген көрнекті мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға ар­налған шағын футболдан республикалық турнир өтті. Оған Павлодар, Қызылорда, Алматы, Абай облыстары мен Шығыс Қазақстан өңірінен 16 команда қатысты.

Мемлекет қайраткерін еске алу турнирі

­Бердібек Мәшбекұлы өңір­ді басқарған кезде спорттың өркен­деуіне ерекше үлес қосты. Бұқара­лық спорт қарқын алды, қалалар мен аудандарда футбол, шайбалы хоккей алаңда­ры салынды. Облыс әкімінің өзі футбол десе ішкен асын жер­ге қоятын, сан рет жарысқа қатыс­қанын көзбен көрген едік.

Б.Сапарбаевтың бастамасымен өңірдегі ірі кәсіпорындар – «Казцинк», Үлбі металлургия, титан-магний комбинаттарының қаржысы есебінен Жекпе-жек сарайы, Олимпия ойындары­ның чемпионы Ольга Рыпакова атындағы заманауи жеңіл атлетика сарайы, жүзу бассейні іске қосылды. «Казцинк» ЖШС үлкен теннис орталығын, басқа да спорттық ғимараттарды пай­далануға берді.

Тағы бір ерекше айта кететін жайт, Бердібек Мәшбекұлы ­кадрларды іріктеп, оларға өзі­нің мемлекеттік қызметтегі мол тәжі­рибесін үйретуде іскерлік пен ілкімділік танытты. Мысалы, өзінде көмекші болған Жақ­сылық Омаров соңынан әкімдікте бөлім меңгерушісі, облыс әкімі­нің орынбасары, Алматы облы­сы әкімінің орынбасары қыз­ме­тін атқарды. Кейінгі төрт жылдан бері Жақсылық Мұқашұлы – Өскемен қаласының әкімі. Б.Сапарбаевтың басқа да шәкірт­тері сан-салада басшылық қыз­меттер атқарып жүр.

Өскемендегі «Алтай» стадио­нында өткен республикалық турнирдің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен жарысқа қатысушылар жиналды. Қала әкімі Ж.Омаров Б.Сапарбаевты еске алуға арналған турнирдің жыл сайын өтетінінен хабардар етті. Бұдан кейін сөз алған Бердібек Мәшбекұлының зайыбы Қалдығайша Зейнуллақызы республикалық турнирді өткізуге мұрындық болған азаматтарға алғысын айтты.

Турнир тартысты өтті. Нәти­же­сінде, Өскеменнің «Барыс-Мар­­қакөл» командасы бірін­ші орын­ды жеңіп алды. Оларға 1 млн­ теңгенің сертификаты табыс етіл­ді. Екінші және үшін­­­ші орындар­ды Семейдің «Жо­ламан» мен «Ақ­суат» коман­да­лары еншіледі. Олар­ға алғыс хаттар мен 600 мың, 400 мың теңгенің сертификат­тары тап­сы­рылды. Марқакөлдік Дар­хан Юсупов – «Үздік ойыншы», семейлік Сайын Қуаныш «Үз­дік қорғаушы», ал Фархат Айма­нов пен Думан Дүйсенбеков сәйкесінше «Үздік шабуылшы» мен «Үздік қақпашы» атанды. Оларға да сый-сияпат жасалды.

Жеңімпаздарға кубоктар мен бағалы сыйлықтарды облыс әкі­мінің аппарат басшысы Ербол Нұрғалиев, Б.Сапарбаевпен бір­ге қызмет еткен В.М.Головотюк тапсырды.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі

 

ӨСКЕМЕН