Олимпиада • 11 Қазан, 2023

Париж Олимпиадасы: Қандаладан қандай қауіп бар?

222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парижде алауы тұтанатын XXХIII жазғы Олимпия ойындары­ның басталуына бір жылдан аз уақыт қалғанда ұйымдастырушылар тағы бір маңызды мәселеге тап болды. Франциялықтар төрт жылдықтың басты додасы жақындаған сайын Сена өзеніндегі суды қалай тазартамыз, Париж көшелеріндегі баспанасыздармен қалай күресеміз, әлемдік геосаяси жағдай қашан аяқталады екен деп бас қатырып жүргенде, «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, бүкіл елге жайылған қандала жәндігі Франция билігін аяққа тік тұрғызды.

Париж Олимпиадасы: Қандаладан қандай қауіп бар?

Былай қарасаңыз, күлкілі жағ­дай. Бірақ Париж тұрғын­да­ры дәл қазір шын мә­нінде күн­діз күлкіден, түнде ұй­қыдан айырылды. Өйткені адамдар «ша­қырылмаған қонақ­тың» қай уақытта қай жерден келіп «тістейтінін» білмейді. Бұ­рын­дары тек үйлерден ғана та­бы­латын қансорғыш жәндік қазір Париждің метросы мен әуе­­жа­йына дейін тарап, арзан жа­тақханалардан бастап, бес жұл­дызды қонақүйлерді де «ме­ке­ніне» айналдырған. Тіпті кей­бір ақпарат агенттіктерінің мә­ліметі бойынша, қандала по­йызбен Англияға да жеткен. Осыған бай­ланысты спорт сарапшылары Олимпиаданың бас­талуына бір жылдан аз уақыт қал­ғанда қансорғыштар корона­ви­рус сияқты келесі жылы да жарыстардың өтуіне кедергі келтіре ме екен деп алаң­дау­шы­лық білдіріп отыр.

Дегенмен жергілікті билік ел тұрғындарын сабырға шақы­рып, қандаладан келер ешқан­дай қауіп жоқ екенін айтады. Би­­лік басындағылардың сө­зін­ше, Фран­ция астанасында қан­сорғыш пара­зиттердің көбею мә­селесі – тек биыл емес, жыл сайын болып тұратын құбылыс.

Франция Денсаулық сақтау министрі Ореллена Руссо да мұ­ның қалыпты жағдай, дүрбе­­лең­ге салынуға еш себеп жоқ дей­ді. «Мұндай зиянкестер, түрлі вирустар өміріміздің бір бөлігіне айналғанын түсінуіміз керек. Ол өзі бұрыннан солай. Алда­ғы уақытта да мұндай сынақты бастан өткеруіміз мүм­кін. Сондықтан болмашы нәрсеге байбалам салудың қажеті жоқ. Бүкіл әлем коронавирус пандемиясын еңсергенде, қандала мәселесі қиындық тудыра қой­майды», дейді ол.

Марсель орталық аурухана­сының энтомологі Жан-Мишель Беранже де ВВС арнасына берген сұхбатында қандала мә­селесі бірнеше жылдан бері кө­теріліп келе жатқанын айтқан. «Әр жылы жаз соңына қарай Парижде қандала көбейетінін байқаймыз. Оған шілде мен тамыз айларында адамдардың жиі сапарлап, оларды бір елден екінші елге, бір жерден үшінші жерге жүгімен бірге тасымалдайтыны себеп. Осылайша, әр жылы маусымдық көрсеткіш былтырғыға қарағанда арта береді. Биыл жаңа элемент – жал­пыға ортақ психоз басталды. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Себебі адамдар енді бұл мәселе туралы хабардар болды, енді қандаланы жоюға қарсы шаралар қабылдау керек», дейді Жан-Мишель Беранже.

Ал Париж қаласы мэрінің орын­басары Эммануэль Грегуар қан­даламен байланысты жағдай бақы­лаудан шығып кетті деп есеп­тейді. Франция Премьер-ми­нистрі Элизабет Борнға жазған ха­тында Грегуар қатаң шаралар қа­былдауды сұраған. «Жылдам ше­шім қабылдап, тез арада қан­да­ланы жою қажет. Олимпия ойын­дарының басталуына аз ғана уақыт қалғанда мұндай жағдай біз­дің елге келетін туристер саны­на кері әсер етуі мүмкін», дейді Эммануэль.

Жергілікті «Le Parisien» басы­лымының жазуынша, Ойын­дар­ды ұйымдастыру комитетінің ­бас ауруы тек мұнымен шектелмей­ді. Қазір қалада егеуқұйрық­тар мен шіркейлердің де қаптап кеткені бай­қалады. Сондай-ақ Олим­пиа­даның жеңімпаздары мен жүл­дегерлерін марапаттау рәсімі өте­­тін Сена өзеніндегі жағымсыз иіс­ті кетіру мәселесі әлі де күн тәр­ті­бінен түспей тұр. Франция би­лігі биыл Сена өзенін тазалау­ға 1 млрд еуроға жуық қаржы бөл­се де, әзірге нәтиже берер емес. Ал бір жыл­дан кейін бұл өзенде олимпиа­да­шылар ашық суда жүзуден ме­даль­дар жиынтығын сарапқа салады.

Мұның алдында Халықара­лық Олимпиада комитеті (ХОК) Франциядағы жазғы Олимпия ойын­дарының дайындық бары­сы­­на көңілі толмайтынын айтқан еді.

Міне, Олимпия ойында­рын осымен үшінші мәрте қабыл­дайын деп жатқан Франция бір­қатар келеңсіз оқиғалар мен нақ­­ты кедергілерге тап болып отыр. Десе де, коронавирус пан­де­­миясы жағдайында да ұйым­дастырылған Олимпиадаға қан­дала кедергі келтіре алмас.