Фото: aqorda_resmi
«Инновацияның және технологиялық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчурлық капитал нарығын дамытуымыз керек. Қазақстан стартаптарға инвестиция салуды ынталандыру үшін институттық және заңнамалық базаны дәйекті түрде жетілдіріп келеді. Былтыр венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артты. Бұл – қуантарлық жайт. Осы орайда аталған саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілер базасын АҚШ, Сингапур және Гонконг елдерінде қолданылатын үздік тәжірибемен сәйкестендіру қажет», деген Мемлекет басшысы венчурлық капитал нарығын қалыптастырып, дамытуға халықаралық ойыншыларды тарту қажеттігін де ескертті.
«Қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Соның арқасында инклюзивті және тұрақты дамуға арналған тың мүмкіндіктер пайда болуда. Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану. Сондай-ақ халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату. Тағы бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ. Яғни, жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет. Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды. Сол кезде жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін жаңа қағидаттар қалыптасты. Бұл – технологиялық даму заманында ұжымдық қауіпсіздік мәселесі бақылауда болуы керек деген сөз» деді Қ.Тоқаев.