Шәкәрім Құдайбердіұлының 1912 жылы «Айқап» журналында «Білімділерге бес сауал» атты мақаласы жарық көрді. Бүгін ақынның бесінші сауалы хақында ой қозғауды жөн көрдік. Яғни: «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?»
«Бүгінде бар жамандық жер бетіне шықты, ақырзаман жақын, бұрынғы адамдар ақиқатшыл, әулие кейіптес болған, қазіргі адамдар тым ұсақшыл, бұзылып барады» деген сөздерді жиі естиміз. Иә, Пушкиннің бір өлеңінде айтқандай: «Өткеннің бәрі сүйкімді». Шынымен, бағзы заманның кейпі нұрлы, тұрпаты әділетті, хауызында тек ар мен ұят жүзген бе? Ендеше, ойымыз түсінікті болуы үшін ежелгі ғасырлар мұхитына сапар шегіп қайталық.
Түркінің «Бабырнама», «Тарихи Рашиди», «Шежірелер жинағы» аңыз, қисса, дастандарынан немесе Шыңғыс хан, Ақсақ Темір туралы тарихнамалардан тек даналық шежірелерді ғана емес, қорған болып үйілген адам бастары мен өзен болып аққан қан бейнесін кезіктіреміз. «Бабырнамада» хан жарлығына қиыс келгеннің көзін ағызу, қазыққа отырғызу сынды жазалау түрлері кезігеді.
Ежелде адамзат баласы кісі сенгісіз құралдар мен жантүршігерлік азаптау түрлерін ойлап тапты. Мәселен, Ежелгі Грекияда кергішпен азаптау түрі қолданылған. Адамды жатқызып, екі қолы мен екі аяғын әр тарапқа тартқан шақта жазаланушының құлын даусы көкті тітіреткен деседі. Ал «Иуданың бесігі» әдісі Ежелгі Римде пайда болып, орта ғасырда үлкен танымалдылыққа ие болады. «Иуданың бесігі» атауының өзі католиктік Еуропа тұрғындарының зәресін ұшырған. Айыпталушыны алдымен аяқ-қолын қимылдамастай етіп байлап, пирамида секілді үштік ағашқа отырғызған. Ал «Мыс бұқа» әдісінде мыстан бұқа кейіптес мүсін соғылып, қарнына жазаланушыны жатқызған. Мұнан соң астынан біртіндеп от жағып, азапкерді ыстыққа қақтап бақиға аттандырған. Көне ассириялық әскерлер үшін адам етін жеу үйреншікті дағды іспеттес көрінген. Жаулап алған ел тұрғындарының терісін сыпырып, бағана бұрышына шегелеген. Күн сайын сол орыннан қажетті етін кесіп алып, тамақтанып жүрген. Талай аңызға арқау болған Мая тайпасы өзге жасақтарға бір ғана мақсатпен шабуылдаған деседі. Яғни бөгде тайпа арасынан құрбандық тауып, кеудесін арнайы істікпен жарып, соғып тұрған жүректі суырып, құрбандық рәсімін өткізетін болған. Ал Жаңа Зеландияның түпкі ата-бабалалары саналатын Маори тайпасы адам жегіштігімен даңқы шығып, соғысқұмар тайпа өкілдері көршілес елдерді жаулап, еттерін жейтін дағдыларынан танбаған.
Бағзы дәуірде мұндай қатыгездік түрлері көптеп танылады. Ал жаңа ғасыр ше? Мәдениет тоғысы мен техниканың дамуы адамзат баласының рухани денсаулығын жақсарта алды ма? Әлде ғимараттар зау көкке шырқаған сайын ізгілік төмен тартып бара ма?
Мәліметтерге сүйенсек, І дүниежүзілік соғыс салдарынан 10 миллион адам көз жұмып, 55 миллионға жуық адам жарақат алған. Ал ІІ дүниежүзілік соғыстан бір ғана кеңес одағы 26,6 миллион адамын жоғалтты. Мың емес, миллион!
2001 жылы 11 қыркүйектегі АҚШ-та орын алған жаншырқырарлық террорлық апаттан 2 977 адам көз жұмып, 24 адам із-түссіз жоғалған. Ал әлемге әйгілі Хиросима-Нагасаки оқиғасынан 246 мыңға жуық адам шығыны болғаны тарихтан белгілі. XX ғасырда қазақ халқының басынан өткен нәубетті сараласақ, әлемдегі кез келген айтулы қанды қырғыннан асып түспесе, кем емес.
Бақсақ, мұның бәрі де кісі қолымен жүзеге асып, құбыжықтанған ақыл-ойдың залалынан туындап отыр. Бір ғана патшаның қолхатымен миллиондаған тағдырдың сүйегі шашылуы ақылға сыйымсыз. Өткен тарихтың да, жаңа заманның да парқы бір-бірінен алшақ емес. Кешегі зұлымдық бүгін де бар, бүгінгі ізгілік, бұрын да болған. Шәкәрім қажы «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?» деген сауал тастаса, біздің қысқаша жауабымыз былайша өрбімек. Адамның адамшылығы қай кезеңде де гармониялық тепе-теңдікте. Қай кезеңде де ізгілік пен зұлымдық тең түсіп келеді. Ескі тарихта Сократқа у ішкізген жұрт, өткен ғасырда-ақ өз ағартушыларын абақтыға жапты. Кешегі заманда кітаптан алтын жоғары бағаланса, бүгін де бұл үрдіс өзгере қойған жоқ. Кешегі ғалымдар тірліктен баз кешіп, түңілсе, бүгінгі ғалым да опасыздық өртіне күйіп, түнектен шам жағуға асығар. Яғни заман ағымы сусыма жібектей сырғып өтсе де, ақ пен қара, от пен су, әлсіз бен күшті, Фауст пен Мефистофель, Гамлет пен Клавдий, Прометей мен Гефест күресі ешқашан бітпек емес.