Сұхбат • 12 Қазан, 2023

Решиде ЮКСЕЛ: Мені төрге сүйреген «тұңғыш» деген түсінік

298 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Решиде Юксел – әлемнің 40 мемлекетінен келген 200-ге жуық қандастың басын қосқан «Отандастар» форумына қатысушылардың бірі. Елдік мәселелер талқыланған алаңға Решиде ханымды арнайы іздеп барып, сұхбаттасқан едік. Оның себебі де жоқ емес.

Решиде ЮКСЕЛ: Мені төрге сүйреген «тұңғыш» деген түсінік

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Решиде Юксел осыдан 31 жыл бұ­­рын Алматыда өткен Дүниежүзі қа­зақ­­тарының құрылтайына да қатыс­қан. Дүниенің әр тарабына тарыдай шашыраған қазақты атажұртқа жинаған алқалы жиынға сол жылы әлемнің 33 елінен 800-ден аса қандас қатысқан еді. Бүкіл қазақтың басын біріктіру жөніндегі ұлы арманның орындалған сәтіне куә болған Решиде ханым тарихи басқосуды «Өте керемет өткен еді» деп еске алды. Ол Еуропа, әсіресе Түркия қазақтарына зор әсер еткен осы құрылтайдан кейін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердо­ғанмен бірге ата­жұртқа екі рет келген. Сөз арасында қандасымыз биыл қараша айында Аста­нада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитіне де келу жоспарында бар екенін айтып қалды. Түркия мен Қазақстан ара­сын­дағы қарым-қатынасты дамыту бағы­тындағы маңызды іс-шаралардың басы-қасынан табылатын қандасымыз: «Туған топырақпен тамырластықты тереңдетіп, ата дәстүрді нығайтып, ана тілді ұмытпау үшін біздерге мұндай жиын өте қажет», дейді.

– Решиде ханым, алдымен уа­қыт бөліп газетімізге сұхбат беруге келіс­кеніңіз үшін алғысымды біл­діре­мін. Басқосуда сырттағы қандас­та­ры­мыздың әлеуеті, озық тәжірибесі жө­нінде ойлар айтылып, ұсыныстар ор­таға салынды. Жалпы, осындай фор­­­мат­тағы форумнан не күтесіз? Мұн­­­дай басқосулар Қазақстанға не бе­ре­ді? Қандастарымызға қандай жол ашады?

– Мұндай кездесулер екі жаққа да, әсіресе шетелде жүрген қазақтарға қажет. Өйткені форумда өте маңыз­ды мәселелер талқыланып, өзара түсіністік қалыптасады деп сенемін. «Отандастар» форумы дамуға және тұрақты қызмет етуге, өндіріс, бі­лім беру, ғылым, әлеу­мет­тік, саяси, құқықтық мәселелерде әлем­дік дең­гейдегі әлеуетімізді, күш-жіге­рімізді біріктіруге жол ашады. Бұл жиын қазақтардың бүгін де, болашақта да мәд­ениетті, өркениетті, әлеуметтік және іскер екенін айғақтайды. Сондай-ақ басқа өркениеттермен тең дәрежеде нәтижелі диалог қалыптастыра ала­тындығының көрсеткіші болмақ. Әлемнің әр түкпі­рінен келген қан­дастарымызбен көзбе-көз жүздесіп, әңгімелесудің өзі біздерге үлкен күш, тың идея береді. Біздің бір-бірімізге айтарымыз көп, бөлісер тәжі­рибеміз де мол. Сол себепті де форумды ұйымдастырған Абзал Сапарбекұлына және «Отандастар» қорына алғысымды білдіремін.

– Сізді Қазақ елі Түркия қазақтары арасынан шыққан тұңғыш әйел дә­рігер, Түркия Парламентіне депу­таттыққа кандидат болған тұңғыш қазақ ретінде таниды. Саясатқа сіз зейнетке шыққаннан кейін келген екенсіз. Мұның қандай да бір себебі бар ма?

– Ыстанбұл университетінің медицина факультетін бітіргеннен кейін 28 жыл мемлекеттік ауруханада отба­сылық дәрігер болып жұмыс істе­дім. Ал Түркияда мемлекеттік қызмет­тегі адам саясатпен айналыса алмайды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін саясатқа бет бұруымның басты себебі осы ғана.

Мен өзіңіз атап өткендей, Түр­кияда тұратын қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер, тұңғыш мәсли­хат депутаты, саяси партия ішінде тұңғыш Ыстанбұл облыстық әйелдер қанатының мүшесі, әйелдер қанатының шешім қабылдау кеңесінің мүшесі және партияның Орталық шешім қабылдау кеңесінің мүшесімін. Бұл ретте саясатта әрдайым тұңғыштар қатарында болуға мүмкіндік берген АҚ партияның төрағасы, құрметті президентіміз Режеп Тайип Ердоған мырзаға алғысымды білдіремін. Мен саяси жұмыстарымды Ыстанбұл облыстық әйелдер қанатының мүшесі ретінде бастадым. Ал Түркияның түкпір-түкпірінде, шетелдерде және Еуропада өмір сүретін қазақтар арасында жақсы танылуым саясатты таңдауыма себеп болды. Шетелдегі қазақ диаспорасында тұңғыш жоғары білім алуым, саясатқа араласуым да тағдырыма әсер етті. Мені жалпы төрге сүйреген осы «тұңғыш» деген түсінік.

– Сіз Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған басшылық ететін «Әділет және даму партиясының» мүшесісіз. Партия мүшесі ретінде көтерген мәселелеріңіз билікке же­тіп жүр ме? Жалпы, қандай мәселе­ні көтеріп жүрсіз?

– АҚ партияның Орталық шешім қабылдау кеңесіне жақында ғана сайландым. Оған дейін АҚ партияның Әйелдер қанаты шешім қабылдау кеңесінің сыртқы байланыс комиссиясында қыз­мет атқардым. Бір атап өтерлігі, пар­тия төрағасы, Президентіміз әйел­дердің партияда және Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінде жоғары лауазымды қызметтер ат­қаруына мол мүмкіндік жасады. Әйелдердің ұсыныс-пікірлеріне, сындарына, үніне құлақ асып, ел дамуына қосқан үлестерімізді жоғары бағалады. Президент пен оның жұбайы әйелдердің басшылық етуімен бірқатар жобаның жүзеге асуына мүмкіндік беріп, барынша қолдап келеді. Партия органдарында айтылған пікірлердің жүзеге асуы әрдайым құпталады. Жалпы алғанда, бастамаларымыз ешқандай қарсылыққа ұшырамай, қойылған талаптар өте қысқамерзімде орындалады.

Әрине, партия қатарында жүріп тек Түркиядағы қазақтардың мәселесін көте­ру дұрыс емес деп ойлаймын. Сол жердің асын ішіп, ауасын жұтып отырған соң бүкіл ел азаматын алаңдатқан сауал­дарға жауап іздейміз. Мемлекеттің ішін­де қан­дай шешілмеген түйткілдер бар, солар айтылады. Ал Түркиядағы қазақ диас­порасының мүшесі ретінде шет­елдегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, білім беру орталықтарын ашу, қазіргі жас ұрпақтың ана тілінде сусындауы, сондай-ақ, осындағы қазақ қыз-келіншектердің жұмыспен қамтылуы секілді мәселелерді күн тәртібінен түсір­мей келеміз. Оның ішінде, әсіресе әйел­дердің жеке кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп әкетуіне қолдау көрсетуге ерекше мән береміз.

– Жалпы, ол жақтағы қандастары­мыздың саяси белсенділігі қандай?

– Түркияда саяси қызметпен айналысу үшін міндетті түрде Түркия Рес­публикасының азаматы болу қажет. Түркияда тұратын қазақтар қандай да бір саяси партияға мүше болуға, саяси ұйымдарда қызмет етуге, сайлауға және сайлануға толық құқылы. Жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарында, үкі­метте саяси қызмет ету заңмен қор­ға­лады. Түркияның конституциясы мен заңдары Түркияда тұрып жат­қан қа­зақтардың да құқықтары мен бостан­дық­тарын толық қорғайды. Кейбір қазақ­тар өздері құрған үкіметтік емес ұйымдарда демократиялық жолмен жұмыстарын жүргізіп отыр. Саяси партияларға мүше болып, жұмыс істеп жүрген бірлі-екілі қандасымыз бар. Мүлде жоқ деп айта алмаймын. Бірақ саясатта жүріп, қандай да бір биікке қол жеткізе қойғандар әзірге жоқ.

– Бір сөзіңізде «Әке-шешем өмір­ден озғалы бері қазақ тілінде сөй­леуім нашарлап кетті» деп қал­дыңыз. Түркияда қазақтармен жиі кездеспейсіз бе?

– Мен Ыстанбұлдағы Зейтинбұрну ауданында туып-өстім. Сол жерде оқыдым және дәрігер болып қызмет атқардым. Отбасылық дәрігер болғандықтан көп­теген қазақ отбасын емдедім. Ата-анам, үлкендеріміз бар кезде қазақша жақсы сөйлейтін едік. Алайда қазіргі жас буын түрікше сөйлегендіктен, біз қаламасақ та қазақ­шамыз әлсіреді. Шын­дығына келгенде, бұл өзге елдерде тұрып жатқан қазақтардың барлығы үшін өзекті мәселе болып тұр.

– Шыны керек, өзге елдегі, әсіресе Түркиядағы қандастарымыздың арасында, әсіресе қыз-келіншектердің көбі – сауда-саттықтың айналасында жүреді. Бұл жайында не дер едіңіз?

– Бұрындары өзге елдерде тұрып жатқан қазақтар ең алдымен күнкөріс қамымен жүріп, тек өздерінің әл-ауқатын арттыру үшін ғана жұмыс істеуге мәжбүр болды. Алайда бүгінгі таңда қазақ азаматтарының көбі балаларының білім алып, белгілі бір мамандық иесі болуы үшін университетте оқығанын қалайды. Әсіресе қыз балалардың бұл бағыттағы талпыныстары ерекше болуы қуантады. Кейінгі онжылдықта медицина саласын таңдап, жоғары білім алған қазақ қыз-келіншектерінің қатары көбейген. Бұл да мені қатты қуантады. Олардың арасында әсіресе, фармацевт, тіс дәрігерлері көп. 80-жылдары дәрігерлік салада мен жалғыз қазақ болған едім.

Көптеген әйелдің саяси белсенділігі жоғары. Бұл елде жоғары білім алу үшін барлық жағдай бар, мүмкіндіктер де мол. Сен – қазақсың, сен өзбексің деп ешкімді бөліп-жармайды.

– Бір сұхбатыңызда сіз әкеңіздің «Біз Түркияға дәстүрді сақтау үшін келдік» деген сөзін мысалға кел­тір­ген екенсіз. Түркиядағы қазақ жас­тары дәстүрді біле ме? Қан­дас­тары­мыз жат жерде салт-дәстү­ріміз­ді қаншалықты ұстанады?

– Өткен ғасырдың 50-жылдары әкем мен оның бауырлары Алтайдан шығып, Тибет пен Гималай арқылы үлкен жолдан өтіп, Үндістанға келген. Бұл – Қытай билігінің қысымы басталған кез еді. Үндістанда әкем бастаған әулеттің бәріне босқын мәртебесі беріліп, қауіпсіздікпен қамтамасыз етіледі. Кашмирдің Пәкістан бөлігіне табан тірегенде қазақтарға америкалық өкілдер Америкаға көшуге ұсыныс жасайды. Мұндай ұсыныс Германия тарапынан да болған. Бірақ біздің ақсақалдарымыз «Біз дініміз бен тілімізді сақтау үшін келдік» деп, бұл ұсыныстан бас тартқан.

Әкем Түркияға тілі үшін, діні үшін, салт-дәстүрлерін сақтау үшін кел­ді. Қа­зақ әдет-ғұрыптары, қазақ мәде­ниеті, қазақ тілі Түркияда мұқият сақ­та­ла­ды. Университеттерімізде қазақ тілі мен әдебиеті оқытылып жатыр, қазақ­тар үкіметтік емес ұйымдар аясын­да түр­лі кітаптар мен журналдар шыға­рып, концерттер мен симпозиумдар өткі­зеді. Той, жаназа, ауызашарлар қазақ­тың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бойынша өтеді. Көптеген мейрамхана, әсі­ре­се қазақтың ұлттық тағамдарын ұсы­на­тын дәмханалар ашылып жатыр. Ар­найы қазақ шаруашылығында бие байланып, қымыз өндіріледі. Біз қазақы дәстү­ріміздің мәдени мұрамыз ретінде сақталуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Өзге елдерде тұратын қазақтар да дәстүрімізді сақтау жолында дәл осылай тырысып жүр.

– Қазақ елінің дамуында қандас­тар­дың алар орны қандай?

– Қазақстанның дамып, әл-ауқаты жоғары елге айналуы үшін Түркия аза­маты болған көптеген отбасы Қазақстанға инвестиция салып, қо­сым­ша құны жоғары өнімдер мен қыз­мет­тер ұсынып келеді. Түрік-қазақ кәсіпкерлерінің сауда-өнеркәсіп сала­ларындағы ынтымақтастығы күн санап артып отыр. Әсіресе Қазақстан Үкіметі бұл тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

– Жат жерде жүрсе де биікке көтеріл­ген, белгілі бір нәтижеге қол жеткізген қандастарымыз бар. Олар­­дың жетістікке жетудегі сыры неде деп ойлайсыз? Сіз өзіңіздің фор­му­лаңызбен бөлісе аласыз ба?

– Түркияда тұратын немесе Түркияға оқуға және жұмыс істеуге келген Қазақ­стан азаматтары ел заңдарында көрсе­тілген құқықтарына сәйкес жұмы­сын істеп, оқуын оқып жүр. Түркия азаматы болса да, Қазақстан азаматы болса да қазақтарымыз ешқандай кедергіге тап болмай, алға қойған жоспарларына сай жүріп жатыр. Марқұм Президентіміз Тұрғыт Өзал: «Түркияда мені қосқанда 80 млн қазақ тұрады» деп айтқандай, Түр­­кияда қазақтар осы елдің баласындай.

Түркияда тұратын қазақтар Түрік экономикасына елеулі үлес қосты. Әсі­ресе былғары мен тері өңдеуде алдыңғы лектен көрініп, осы салаға инновация енгізіп, ел қазынасына салық төлеуде рекорд орнатты. Пластик өңдеу және басқа салаларда да осындай жетістікке жеткендер аз емес. Өмір өзі мүмкіндік береді, сол мүмкіндікті мүлт жібермеу керек.

– Атажұртқа осы жолы келгенде нені байқадыңыз? Өзгешелік, өзгеріс бар ма?

– Жолдасым Фетхи Ахмет Юксел – Ыстанбұл университетінің геофизика профессоры. Жолдасымның жұмыс барысымен де атажұртқа келіп тұрамыз. Ол 1995 жылдан бастап қазақстандық археологтер тобымен бірлесе отырып, оғыздар мен қыпшақтардың ежел­гі қорымдарын қазу жұмыстарын жүр­гізіп келеді. Бір кездері Павлодар уни­верситетінде геофизика пәнінен сабақ та берді. Торғай өңірінде де бол­дық. Атажұртпен байланысым тығыз. Атажұртқа оралған сайын менің толқы­нысымды, тебіренісімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Мені қуантқаны – қазақ елінің қар­қын­ды дамып жатқаны. Елорда да еңсе­леніп қалыпты. Ең бастысы, қазақ тілінде сөйлейтіндер едәуір көбейген. 90-жылдары келгенде 90 пайыз орысша ортаға түсіп қалатын едім. Кеше қонақүйге тоқтағанда да алдымнан шыққан жап-жас қазақтың ұл-қыздары таза қазақтың тілінде сөйлеп, құрмет көрсетіп тұр. Осыған қатты қуандым.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»