Энергетика министрлігі «Текелі энергокешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін электр энергиясын өндірудің шекті тарифін 12,98 теңге/кВтсағ деңгейінде бекіткен. Босату бағасы 14,79 теңге/кВтсағ құрайды. Жетіспейтін электр энергиясы «Талдықорған көлік-электрожелілік компаниясы» акционерлік қоғамының электр энергиясын тасымалдау және тарату жөніндегі ірі энергетикалық жүйесі арқылы жабылады. Жалпы өңірлік электр желілік компанияның активтерінде 12 309 км кабельдік және әуе электр беру желілері бар.Сонымен қатар кәсіпорын балансында 2126 кіші станса бар. Электр желісінің физикалық тозуы 87 пайызға жеткен.
«Облыс аумағында елдің гидроэнергетикалық ресурстарының едәуір қоры шоғырланған. Бүгінде өңірде қуаты 159,9 МВт, 11 ЖЭК объектісі жұмыс істейді. Оның ішінде қуаты 104,9 МВт 9 гидроэлектрстанса бар. Және күн, жел электр стансалары бар. 2027 жылға дейін белгіленген қуаты 76 МВт 2 ЖЭК объектісін іске қосу жоспарланған», деді А.Сәтқалиев.
Қазір өңірде газдандыру деңгейі 41,2 пайызды құрайды. Шамамен 288 мың адам табиғи газға қол жеткізген. Бұл көрсеткішке көңіл толмайды. Осы жылы Министрліктің 003 бюджеттік бағдарламасы бойынша әкімдікке газдандыруға 5,4 млрд теңге бөлінген. Бұл Ескелді ауданының 3 елді мекенін, Қаратал ауданының 1 елді мекенін, сондай-ақ Талдықорған және Текелі қалаларын газдандыруға арналған. Биыл тағы 3 ауылға көгілдір отын кіргізу жоспарда бар. Текелі және Үштөбе қалаларын газдандыру жобаларын аяқтау үшін 2024 жылға 3,9 млрд теңге қарастырылған екен.
«Бұдан басқа 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетті Мәжіліс Парламентінде талқылау шеңберінде 23 жобаға қосымша 1,9 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталуда. Өңірді одан әрі газдандыру мақсатында «Талдықорған – Үшарал» газ құбырын салу бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаны бастау жоспарланып отыр. Бұл 3 ауданды – Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарын газдандыруға бағытталған. Әкімдік жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталғаннан кейін Министрлік өтінімді қарауға дайын», дейді ведомства басшысы.
Одан кейін аграрлы өңірді басты мәселесінің бірі – дизель отыны. Қазір өңірдегі шаруалар жанармайдың қымбаттығын айтып жыл сайын тілек-арызын жеткізуде. Әр маусым сайын бағасы өскен техника азығының жайы шаруалардың шамына тиюде. Осы ретте күзгі дала жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы өндірушілерінің атына 426 мың тоннадан астам дизель отынының көлемі бекітілген. Қазір дизель отыны бағасы 1 литр үшін – 250 теңге. Жетісудың ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 7,9 мың тонна дизель отыны көзделген. Бүгінде, 1,9 мың тонна тиеп-жөнелтіліпті. Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және жанар-жағармай құю стансаларына дизель отынын жеткізуді бақылау үшін арнайы ПИН-кодтар енгізілген
«Жетісу облысында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 76-81 теңгені құрады. Өңірде 4 газ толтыру стансасы және 64 автомобильге газ құю стансасы бар. Облыстағы сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылы 20 мың тоннаны құрады. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында шамамен 28,2 мың тонна тұтынылды. Біз ұзақмерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеу мақсатында сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдап жатқанымызды атап өткім келеді», деді министр.
Айта кетейік, бұл шаралар сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек сауда бағасын белгілеу арқылы бөлшек сауда бағасының күрт өсуіне жол бермейді.
Жиын соңында ведомство басшысы тұрғындардың сауалына жауап беріп, журналистермен тілдесті.
Жетісу облысы