Өндіріс • 17 Қазан, 2023

Өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндігі

208 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түркістан облысында тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді. Яғни мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма, тігін фабрикаларын ашу – уақыт талабы. Бұл орайда өңірде арнайы жоба әзірленген. Ол толық іске асырылған жағдайда облыста 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта-тоқыма кластері құрылады. Нәтижесінде, 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жыл сайынғы түсімдердің көлемі 26,2 млрд теңгеден аспақ. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндігі

Әсіресе мақталы аудандардың жұрты жоғарыда айтылған жоба-жоспарлардың жүзеге асырылуына мүдделі және үмітті. Мақ­та кластерін дамыту мақсатында шит­ті мақтаны сатудан бөлек, мақта тал­шы­ғын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. Өңірде жеңіл өнеркәсіп жетекші са­лаға айналып, ауыспалы егіс жүйесі қолға алынады. Ал бүгінде Мақтаарал ауданындағы «Zhanassyl» мақта өңдеу зауыты «ақ алтын» жинау науқанына қызу кіріскен. Индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорын мақта қабылдау көлемін 30 мың тоннаға жеткізуді жос­парлап отыр. Мақтаарал, Жетісай аудан­да­рында 12 мақта қабылдау бекеті жұ­мыс істейді. Сонымен қатар мақта қа­был­дау пункттерінде 200-ге жуық шаруа қожалығы тартылған. Яғни 2 400 шаруа­ қожалығы мақта теріміне қатысуда. Кәсіпорын мақтаның бір келісін 250 теңгеден қабылдайды. Мақта терімі аяқталған соң, зауытта өңдеу жұмыстары жалғасады. Өңдеу процесі барысында мақта талшықтары дайындалып, Қытай Халық Республикасы мен Еуропа елдеріне экспортталмақ. Жоғарыда аталған мақта өңдеу зауыты 2022 жылы іске қосылған. Бүгінде кәсіпорында 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт күніне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Оған қоса 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Нәтижесінде, жылына шамамен 65 мың тонна мақта талшығы шы­ға­рылады. Мақтаарал ауданындағы мақта өңдеу зауыттарының тағы бірі «Cotton мақта» жылына 60 мың тонна мақта өңдейді. Жоба құны – 3 млрд теңге. Биыл іске қосылған кәсіпорын 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал мақта талшығын қайта өңдеумен айналысатын «Мырзакент»МӨЗ» ЖШС жылына 65 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Мұнда 450 адам жұмыс істейді.

Түркістан өңірінде былтыр 362 мың тонна мақта жиналған болатын, биыл 300 мың тоннаға жуық мақта жиналады деп күтіліп отыр. Жасыратыны жоқ, бұл сала кейінгі жылдары жағымсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшырап отыр. Экспортқа мақта жеткізудің бұрынғы логистикалық тізбегі бұзылды, мақта сапасының төмендігінен шетелдік трейдерлер тарапынан отандық шикізатқа сұраныс азайған. Биржадағы шикізаттың бағасы төмен. Осы орайда Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту шеңберінде «Global textile» ком­па­ниясымен тоқыма кластерін құру жө­ніндегі бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Компания облыс­та тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті. Мақта саласын тоқыма және тігін өнеркәсібімен толыққанды дамыту үшін жергілікті тұқым шаруашылығын дамытуға күш салынған. Тұқым шаруа­шы­лықтары мақта өсірушілердің қа­жет­ті­лі­гінің тек 55 пайызын қамтамасыз етеді. Тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұ­қы­мымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграр­лық саланың ғылыми мекемелерін әкім­дік­тің басқаруына беру ұсынылды. Жалпы, өңірде мақта шаруашылығы саласының өзекті мәселелері барлық мүд­делі тараптың қатысуымен түрлі диа­лог алаңында бір­неше рет талқы­лан­ған болатын. Негізгі субсидиялардан басқа саланы қолдау үшін шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, Түркияның мақта тұқымын өндіруші ірі компанияларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мың тонна элиталық тұқым жеткізу туралы уағдаластыққа қол жет­кізілді. «Наманган-77» тұқымдық шиті сынама ретінде егілді. Жуырда өңірге сапары барысында шаруалармен кездесуге келген «Global textile» компаниясының өкілдері зертхана нәтижесімен бөлісіп, «Наманган» мақтасы еуропалық сынамалардан өткен және барлық талапқа сай екенін мәлім етті. Мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы Мақтаарал ауданында тоқыма комбинатын және логистикалық орталық ашпақ. Шетелдік компания 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосады. Компания 2023-2030 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын дайындаған. Құны 50 миллион доллар болатын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта, мата бояу және тігін фабрикалары іске қосылады. Облыс әкімдігі мен инвес­тор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егілді. Ол үшін Өзбекстаннан мақтаның 300 тонна жоғары сапалы «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сұрыптары жеткізілді. Жоспар бойынша келесі жылы сапалы мақта егу көлемі 20 мың, одан кейін біртіндеп көбейіп, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Оны мақтааралдық шаруалардан «Global textile group» компаниясы жоғары бағада сатып алады. Ал Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталады. Айта кетелік, «Global textile» компаниясы – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын өндіріс алыбы. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында жалпы саны 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Өзбекстандық тағы бір компания, яғни «Orient pro» Түркістан облысында тәулігіне 30 мың шаршы метрден астам керамикалық плитка шығаратын зауыт салмақ. Инвестициялық жобаның құны – 17 млрд теңге. Жаңа зауытта 700-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Аталған компания Түркістанға ауқымды инвестициясын салып, бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Өңірде инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, бизнес саласында байланыстарды тереңдету бойынша келіссөздер қарқынды жүр­гізілуде. Жуырда облысқа ресми сапармен келген Чехия Республикасының Ауыл шаруа­шылығы министрі Марек Выборны және Чехия Республикасының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павол Шепеляк бастаған бизнес өкілдері облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кез­десіп, екіжақты байланыстарды ны­ғайту мәселесін талқылады. «Біздің облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Мақта осы өңірде ғана өсіріледі. Осы бағытта әріптестік орнатуға болады. Өңдеу өнеркәсібі саласында бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік мол», деді Дархан Сатыбалды кездесуде. Сондай-ақ Түркістанда Қазақстан мен Чехияның мемлекеттік органдары, ұлт­тық компаниялары мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Чех-Қазақстан бизнес-форумы өтті. Форум барысында инвестиция салу, ауыл шаруашылығы, тоқы­ма саласы, тамақ өнеркәсібі және өзге де салалар бойынша В2В форматында кездесулер өтті. Чехиялық делега­ция­ға Түркістанның көрікті орындары көрсетіліп, туристік әлеуеті де таныстырылды. Түркістан облысы мен Чехия мемлекеті арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 2 млн АҚШ долларын құраған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғаяды деген сенім бар. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Гер­мания, Италия, Жапония, Корея, Че­хия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүр­ген. Оның ішінде инвестиция тарту ба­ғы­тын­да сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациямен кездесулер өткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту­ға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыруда отандық ин­вес­торлардың да үлесі артып келеді. Мысалы, өңдеу саласында «Саутс Ойл» компаниясының «Созақ Фосфат» фосфорит өндіру және «Састөбе инновациялық кешені» каустикалық сода, «Стандарт Петролюм» мұнай өңдеу зауыты сияқты ин­вестициялық жобалар іске асқан жағ­дайда, өңірдің өнеркәсіп саласындағы шығарылатын өнім көлемінің өсуіне септігін тигізеді. Отандық инвес­торлар тарапынан Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу зауыты салынды. 650-ден астам адамды жұмыспен қамтитын өндіріс орнында жылына 2 млн тонна өнім өндіріледі. Түлкібас ауданында каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты салынып жатыр. Бүгінде зауыттың инфрақұрылымы жасақталуда. Созақ ауданында фосфорит кендерін өңдеу зауыты іске қосылғанда мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінде Каскад ГЭС құрылысы қар­қын­ды. Түлкібас ауданында компания қуаты 320 МВт газ электр стансасының құрылысын жүргізілуде.

Айта кетелік, Түркістан облысында жалпы өнеркәсіп өнімінің 44,6% үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Биыл бұл сала­дағы өнім көлемін 422,2 млрд тең­геге жеткізу жоспарланған. Өнеркәсіп са­ла­сында 14,3 мың адам жұмыспен қам­тылған. Өңдеу өнеркәсібінде 2023 жылы жалпы сомасы 26,1 млрд теңгеге 540 жаңа жұмыс орнын құрайтын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда жалпы 5,4 млрд теңгеге 6 жоба 215 жаңа жұмыс орны­мен іске қосылды.

 

Түркістан облысы