Туризм • 18 Қазан, 2023

Туристік астана абыройы

135 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында түркі елдерінің туристік форумы өтті. Түркі әлемінің туристік астаналары арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату, 2024 жылы түркі әлемінің келесі астанасы ретінде Түркістан қаласымен таныстыру мақсатындағы форумға Түркі мемлекеттері ұйымы өкілдері, Түркістан облысы мен Қоқан қаласының әкімі, Туризм және спорт министрлігі, түркі елдерінің туризмге қатысты министрліктері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Туристік астана абыройы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталған облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл іс-шара түркітілдес елдер ара­сындағы туризм бағытында қарым-қатынастарды дамытуға маңызды үлес қосатынын атап өтті. Туристерді тарту үшін жаңа ұшақ және автобус бағыттарының құрылғанын айтты.

«2021 жылы 31 наурызда Түр­­кітілдес мемлекеттер ынты­мақ­тастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат – Түркістан­ның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Жаңа Түркістан түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналады деп сенемін», деді облыс әкімі.

Ал ТМҰ жоба директоры Ерсин Айдоған Түркістанның Түр­кі әлемінің туристік астанасы болып таңдалуын кейінгі уақытта салынған инвестиция мен дамудың бір көрінісі ретінде қарастыруға болатынын атап өтті.

Сондай-ақ форумда Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев 6 бағыт қарас­ты­рыл­ған бастамалар мен кешен­ді іс-шараларды ұсынды. Атап айт­қанда, біріншіден, ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен бақы­лау­­шы мемлекеттердің ірі қала­лары арасындағы авиарейстер са­нының артуы қажет. Осы арада айта кетелік, «Самарқанд – Түркістан» бағытындағы алғаш­қы әуе маршруты іске қосыл­мақ. Өзбекстандық «Silk Avia» әуе ком­паниясының ұшағы 28 қазан күні Түркістандағы Халықара­лық әуежайға алғашқы рейсін жасау­ды жоспарлап отыр. Жалпы, Түркі-
с­тан әуежайынан халықаралық Ыстанбұл мен Эль-Кувейт және еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе мен Орал ба­ғыттарында ұшақ қатынайды. Биыл қараша айында Түркістан халықаралық әуежайына «Wizz Air» компаниясының «AirBus 321» әуе рейсі қонады. Бұл Түркістан – Абу-Даби әуе бағытының ал­ғашқы рейсі болмақ. Аталған ба­ғыт­тағы рейс аптасына 3 рет қа­ты­найды. Вице-министрдің ұсы­ныстарына қайта оралсақ, екін­шіден, бірлескен туристік өнім­дерді құру, серіктестік қаты­нас­тарды жолға қою бойынша жұмыстарды жандандыру және «Жібек жолы» заманауи турис­тік маршрутын дамыту маңызды. Үшін­шіден, Қазақстан мен Өзбек­стан арасындағы «Таббарук Зие­рат» қанатқақты жобасын одан әрі жалғастыру, төртіншіден, са­ла­матты өмір салтын насихаттау, мәдени алмасу және туристік ағым­ды ынталандыру мақсатында ТМҰ елдері арасында жүгіру бо­йын­ша марафондар альянсын құ­ру ұсынылды. Бесіншіден, туризм және қонақжайлылық бойын­ша оқытуға мамандандырылған ТМҰ уни­верситеттер лигасын құру сту­денттердің кәсіби дең­ге­йін арт­тыруға ықпал етеді. Алтын­шы­дан, елдердің туристік әлеуетін ілгерілету және маркетинг бойынша тәжірибе алмасуды күшейту қажет.

«ТМҰ кеңістігіндегі маңызды бастамалардың бірі «Түркі әле­мі­нің туристік астанасы» екенін ерек­­ше атап өтуге болады. Бұл бас­­тама Ұлы Жібек жолы бо­йын­­дағы қалалардың туристік әле­уе­тін ашуға мүмкіндік беріп, бір-бірі­нің мәдени және дәстүрлі құнды­лық­тарын білу арқылы бар­лық түркі елдері халықтарының тығыз байланысуына ықпал етеді», деді вице-министр.

Форумға қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, қаланың көрікті жерлерін аралады. Сонымен қатар ұлт­тық тағамдардан жасалған көрме­ден көпшілікке дәм ұсынылды. Об­лыс өнерпаздары әннен шашу ша­шып, мың бұралған бишілер би биледі.

Айта кетейік, ТМҰ елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданған еді.

 

ТҮРКІСТАН