Өнер • 17 Қазан, 2023

Кілемдегі бейнелер

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір талантты жандар әлеуметтік желі арқылы тез танылатын болды. Көрерменін де сол кеңістіктен тауып жатады. Тасада жүрген шығармашыл адамдарға бұл тым жақсы амал екенін байқап отырмыз. Мәселен, ел астанасындағы Forte Kulanshi Art Space галереясында өтіп жатқан Qazaq Content атты көрме әлеуметтік желілерде ерекше қарқынмен тарап, көпшілікті таңғалдырды. Көрмеде Әсел Сабыржанқызы, Шалқар Қабдеш пен Алмас Нұрғожаевтың туындылары қойылған. Кескіндеме, графика және мүсін өнеріндегі туындылар көптің көзін жаулады. Әсіресе тарихта із қалдырған әйелдер бейнеленген иран, түрік кілемдерін көруге ағылған жұртты көрдік. Біз де бардық.

Кілемдегі бейнелер

Ұлы дала патшайымда­рын кілем бетіне суреттеген гиперреалист суретші Әсел Сабыржанқызы шығармашылықта түрлі техниканы қолданып, тәжірибе жа­­­сағанға құмар. Оның бұған дейінгі туындылары да қоғамның ыс­­тық ықыласына бөленген еді. Атап айтсақ, Бауыржан Момыш­ұлы, Батырхан Шүкенов, Ген­надий Головкин сынды ел мақ­таныштарының портреттері сәтті шыққан.

сми

Әсел кейінгі уақытта гиперреализм жанрында шеберлігін шыңдап келеді. Гиперреализм – нысанды фотореализацияға негізделген сурет салу мен мү­сіндеудің стилі. Суретшінің осы бағытта алты қарындашпен бір уақытта алты адамның портретін салуы көрерменін кезекті рет елең еткізді.

ячс

«Он жылдан аса кескіндеме бойынша білім алдым. Маған гиперреализм бағыты бойынша сурет салу қатты ұнайды. Дәл осы бағытты елімізде ал­ғашқылардың бірі болып да­мытқым келді, өйт­кені тікелей осы жанрда су­рет са­латын маман тапшы. Сон­дықтан да бұл жолда өте ұзақ іздендім. Гиперреализм ба­ғы­тында көптеген сурет сала бастадым. Содан кейін тапсырыстар да түсетін болды. 2021 жылдан бастап әлеуметтік желіде белсенді түрде блог жүргіздім. Әр­­түрлі техникамен сурет сал­­ғанымды видеоға түсіріп, жариялап отырдым. Өз блогімде машинаның капотына да, қолыммен, аяқтарыммен де сурет салдым, сонымен қатар 3 және 6 портретті бір уақытта са­лып, түрлі тәжірибе жасадым. Осылайша, аудиториям күннен-күнге көбейіп, өнерге қызығатын адамдардың саны артты», дейді Әсел Сабыржанқызы.

Аталған көрме негізінен дала әйелінің батыл бейнесін көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Әсіресе қоғамға беймәлім әйел­дердің бейнелеріне айрықша мән берілген.

ап

«Томиристі, Әлия Молда­ғұ­лованы бәрі біледі. Бірақ бізде ұмытылған батыр қыздарымыз қаншама? Мысалы, Гауһар батырды, Айбике батырды, Сүйін­бике мен Бопайды көп адам білмейді. Мен жастарға қазақтың ұмыт болған батыр қыздарын, тарихымыздағы мықты әйел образдарын көрсеткім келді», дейді суретші.

Қаз-қатар тізілген қазақ қыз­дарының бейнесі бір сәтте-ақ рухыңды оятып, ата-бабадан қалған іштегі бір батылдығыңды тірілтеді. Тіпті туындылардың шынайы шыққаны соншалық, көздеріндегі қайрат пен жігер өңменіңнен өтеді. Портреттердің бәріне ортақ күш – ұлттық рух. Ұлан-ғайыр дарқан дала­ның бар кеңдігін жиған образдар ұлттың ұраны секілді жан тербетеді. Мұндай рухты оятатын туын­дылардың ел ішіне таралып, жас ұрпақты тәрбиелеп жатқаны да үлкен олжа емес пе? Суретшінің діттеген мақсаты да осы.

Жемісті жұмыстың арғы жа­ғында әрқашан тынымсыз ең­бек пен үздіксіз ізденіс жататыны айқын. Суретшінің тың стилі, өзіндік қолтаңбасы да соның дәлелі. Ол бұған дейін көптеген республикалық және халықаралық байқауларда жүл­делі болып, шыңдалып ке­леді. 2012 жылы «Ernst & Young» компаниясы өткізген кон­курсқа қатысып, екі карти­насы жүлделі бірінші және екінші орын алғаны есімізде. Бүгінде аталған картиналар ком­панияның кеңсесінде ілулі тұр.

Иә, Әселдің бүгінде атағы Ар­­қадан Атырауға дейін жа­йылған. Әлеуметтік желіні де осы мақсатта тиімді пайдаланып отыр. Қазір жас суретшінің TikTok-та – 320 мың, Instagram-да 113 мың адамдық аудиториясы бар. Бұл – үлкен нәтиже. Өз туындыларын заманның ағымына сай көрерменге ұсынып, қошеметіне ие болу да өнер емес пе!