Банк • 19 Қазан, 2023

Факторингті дамытуға неге құлық жоқ?

189 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент биылғы Жолдауында тұралаған корпоративтік несиелеу мәселесін түпкілікті шешуді тапсырып, банктердің белсенді іс-қимылын ынталандыруға шақырды. Бұл ретте банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек. Halykfinance сарапшыларының пайымдауынша, өсу көздерінің бірі – соңғы жылдары маңызы артып келе жатқан факторингтік қызметі.

Факторингті дамытуға неге құлық жоқ?

Компанияларға айналым қара­жат­тары мен кассалық алшақтық мә­се­лелерін жедел шешуге мүмкіндік бере­тіндіктен, көптеген елде факторинг корпоративтік несиелеудің маңызды бөлігі болып табылады. Болжам бойынша еліміздегі фак­то­ринг­тік операциялардың кө­ле­мі орта мерзімді кезеңде 5,4 млрд долларға жетуі мүмкін. Бірақ ха­лық­аралық өлшем тұрғысынан бұл нарық бізде әлсіз дамыған. Факторингтің ену деңгейі небәрі 0,3%-ды құраса, дамыған елдерде көрсеткіш 20%-дан асады. Нарық қатысушылары арасында факторинг қолдануды одан әрі кеңейту және корпоративтік несиелеу көлемін ұлғайту үшін фак­то­рингтік бизнесті ұзақ мерзімді да­мытуға баса назар аудара отырып, кешенді мемлекеттік стратегия қабыл­дау қажет.

Республикада факторингтік опе­ра­­циялар банктік лицензияға ен­гізілген, ал банктердің өздері көп­­те­ген жыл бойы нарықтағы не­гізгі ойыншылар болып келеді. Олар­дан басқа, факторингтік қыз­мет­терді жақында банктерге ұқсас лицензия­сы бар микроқаржы ұйым­дары да ұсына бастады. Нарықта маман­дан­дырылған фак­торингтік компаниялар да бар, бірақ олар салалық рет­теуге және Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) қадағалауына жатпайды. Айта кету керек, қазіргі кезде факторинг меха­низ­мін мемлекеттік сатып алуларда да қолдануға болады. Демек, елі­міздегі мемлекеттік сатып алу көле­мі ауқымды екенін ескерсек, осы ба­­ғыт­тағы факторингті дамытуға әле­ует жоғары.

Бүгінгі таңда факторингтік қыз­мет бойынша қолда бар деректер ел­дегі факторинг нарығы шағын және әлем­дік стандарттар бойынша әлі де кенже қалып отырғанын көрсетеді. Мәселен, активтерді жіктеуге қатыс­ты айқындық жоқ, сондай-ақ нарық қаты­су­шыларының факторингтен ха­бары аз. Заңнамаға сәйкес ақшалай талаптан (дебиторлық берешектен) шегіну қамтамасыз ету нысаны болып саналмайды. Сондықтан банктер факторингті кепілсіз қарыз ретінде қарастырады, бұл оларды күмәнді актив түрінде жіктеуге және несие­лер бойынша ықтимал шығындар үшін қажетті резервтер құруға мәж­бүр етеді. Фак­торинг дәстүрлі қар­­жыландыру көздеріне тиімді балама бола алатынына қарамастан, көптеген кәсіп­кер, әсіресе шағын бизнес өкілдері мүмкіндіктерді жібе­ріп алады, цифр­лық факторинг плат­фор­ма­ла­рын пайдалану туралы біл­мейді.

Банктер мен микроқаржы ұйым­да­рының ағымдағы лицензиялары фак­торингтік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Оған қоса еліміз әлі күнге дейін факторинг бойынша халықаралық стандарттардың (Unidtroit Convention on International Factoring, UN Convention on the Assign­ment of Receivables in Inter­national Trade) қатысушысы емес. Қа­зақстанның ЕАЭО мен ДСҰ-ға мү­ше­лігін, сондай-ақ сыртқы сау­даның үлкен көлемін ескере отырып, мұндай конвенциялар трансшекаралық және халықаралық факторингті дамытуға ықпал ететініне ден қою қажет. Тағы бір кедергі ‒ даму институттарының қысқаша есептерінен басқа, Қазақ­станда факторинг бойынша қандайда бір ресми статистика жүргізілмейді. Операциялардың көлемі мен нарықта жұмыс істейтін компаниялардың саны туралы нақты ақпарат жоқтың қасы, бұл осы саладағы үдерісті ба­қы­лауды қиындатады.

Өкінішке қарай, жауапты орындар біздің елімізде факторингтің ұзақмерзімді дамуына әлі жеткілікті көңіл бөл­мей келеді. Былтыр қыр­кү­йек­те қа­был­данған Қаржы секторын да­мы­тудың 2030 жылға дейінгі тұ­жы­рым­дамасының элек­трондық шот-фактуралар мен бірқатар салық­тық ынталандыруды есепке алу жөніндегі плат­фор­­маны құру бөлігінде факторинг мә­се­лелері қысқаша ғана қоз­ғал­ған. Сарапшылар факторинг мүмкіндіктерін толыққанды іске асыру үшін оны дамытуға бағытталған кешенді стратегия әзірленіп, соның шеңберінде барлық проблема мен оны шешу тәсілдері егжей-тегжейлі талдануы қажет деп есеп­тей­ді. Құ­­жат­­тың негізгі мақсаты ‒ елі­мізде факторингті дамыту бойынша нақ­ты жоспарларды әзірлеу және кәсіпкерлердің факторингтік қыз­меттерді пайдалануын танымал ету болуға тиіс. Факторингтің табыс­ты дамуы соңғы жылдары құлдырап бара жатқан корпоративтік несиелеу көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.