Қазақстанда жыл сайын 80 млрд теңгеге жуық көлік салығы жинап алынатын көрінеді. Бұл ретте мұнай өнімдерін тұтыну көлемі 5 млн тоннаға жуықтайды.
«Егер біз көлік салығын бензинге қарай ығыстыратын болсақ, онда бензин бағасы 14 теңгеге қымбаттауы керек болады. Мысалы, көлемі 1,6 литр автокөлікті алсақ, онда бұл шамамен 7 мың теңге баж салығы. Нәтижесінде, шағын көлікте бензин тұтыну көп болады, өйткені ол салық түрінде 30 мың теңгеге жетеді. Үлкен көлемдегі көлікте, мысалы, Lexus 570, салық шамамен 700 мың теңгені құрайды. Ал бензин арқылы шығыстар екі есеге, 300-350 мың теңгеге дейін қысқарады. Сондықтан біз осы тасымалдау арқылы үлкен көліктері бар адамдарға жүктемені азайтамыз. Статистикаға сәйкес, бізде 3,9 млн-ға жуық автокөлік иелері бар, олардың машиналары 4 литрден асады, бұл 5-7%. Яғни бұл 5%-ды біз 95% шағын көлемді көліктері барларға ауыстырамыз. Қазір біз салықты бензин құнына қаншалықты ауысатынын талқылап жатырмыз», деген еді А.Әмірин.
Автомобиль нарығын талдау және мониторинг агенттігінің басшысы Артур Мискарянның айтуынша, көлік салығын бензин акцизіне қосу біріншіден, әкімшілендіру және жинау мәселесін шешеді, екіншіден транзиттік техниканы қосу есебінен салық жинау базасын кеңейтеді.
«Қазіргі уақытта көлік салығының үш типі бар: қозғалтқыш көлемі бойынша, қозғалтқыш қуаттылығы бойынша не болмаса көлік салығын отын құнына қосып жіберу. Алғашқы екі салық типі бойынша оны жинау тұрғысынан қиындықтар туындауы мүмкін. Мысалы, биыл көлік салығының жалпы қарызы 27,5 млрд теңге болып тұр», дейді сарапшы.
Арнайы ережелерге негіздей отырып, елімізде бірқатар азамат көлік салығынан босатылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаеваның айтуынша, мұндай жеңілдікке Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, оларға теңестірілген азаматтар, тыл ардагерлері, «Даңқ» орденімен «Қазақстанның Еңбек Ері» айрықша белгісімен, тағы да осындай бірқатар мемлекеттік марапатты иеленген азаматтар ие болады. Одан бөлек, жеңілдік «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» иегерлеріне де қарастырылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтардан құралған қоғамдық бірлестіктер де көлік салығын төлемеуге құқылы.
Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші шаруа қожалықтарына да осындай жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, олар ауыл шаруашылығы техникасын қолданғаны үшін салық төлемейді. Комитет өкілі мұндай жеңілдіктердің электромобиль иелеріне де қатысты екенін айтып өтті. Себебі ол көліктер экологияға зиянды түтінді таратпайды. Қоршаған ортаны қорғауда үлкен басымдыққа ие. Сонымен бірге сырттан алып келген кезде де кедендік тазарту шығындары тегін және көлік салығы салынбайды.
2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша елімізде 4,4 млн жеңіл автокөлік тіркелсе, соның 3,8 миллионы бензин тұтынады. Қозғалтқыш көлемі 1,5 литр болатын көліктер үшін жыл сайынғы салық көлемі 6,9 мың теңге болса, 2 литрден бастап 13,8 мың теңгені құрайды. Сарапшылардың болжауынша, егер елімізде көлік салығы акцизге қосылса, автокөлік иелерінің жыл сайынғы шығыны (АИ-92 сатып алу тұрғысынан) 40 мың теңгеге артпақ.