Суреттер Манас Қайырханұлының жеке мұрағатынан алынды
– Манас Қайырханұлы, ең әуелі сізді кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын. Өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Көп рақмет! Мереке қарсаңында көңілім бір көтеріліп қалды. Қуаныштымын! Мен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылының тумасымын. Қазір Астана қаласындағы 17-Өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері болып жұмыс істеймін. Қызметке қабылданғаныма тұп-тура екі жыл болды. Жасым 24-те.
– Құтқарушы өз басын қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істейді. Оңай қызмет емес. Бұл мамандықты өз қалауыңызбен таңдадыңыз ба?
– Менің бұл мамандықты таңдауыма әпкем себепкер болды. Ол бұл мамандықтың мәртебелі міндеті жайында айтқанда бірден қызығушылығым оянды. Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, адамдардың ғұмырын сақтап қалу абыройлы іс екенін жақсы білемін. Сондықтан да бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Мектепті тәмамдаған соң, 2015 жылы Семей қаласындағы Еуразиялық гуманитарлық колледжіне өрт сөндіру мамандығына оқуға түстім. Оқуымды сәтті аяқтаған соң өзіміздің ауылдық жерде өрт сөндіру бөлімінің жұмысына араласып жүрдім. Төрт ай уақыт құжат ісін игеріп, сондағы қызметкерлерге көмектестім. Сол кезде өрт сөндіріп әрі адамдарды құтқарып жүрген қызметкерлерді көріп, сырттай қызықтым. Мен де адамдарға қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана болса да көмектескім келді. Сөйтіп жүргенімде әскерге шақырту алдым. Бір жыл Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында Отан алдындағы борышымды өтедім. Мен онда жүргізуші болдым. Жүргізуші куәлігімде КамАЗ айдауға рұқсат бар. Әскерден келген соң өз мамандығыммен жұмыс істегім келетінін түсіндім. Ата-анам бұл ойымды құптап, Астанадағы әпкелерімнің жанына батасын беріп жіберді. Сөйтіп қазір өзім қызмет етіп жүрген 17-Өрт сөндіру бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ сол кезде кадр бөлімі мені жүргізуші етіп алады деп ойламадым. Өрт сөндіруші қызметіне үмітті едім. Менің әскери билетімді көрген кадр бөлімінің мамандары бірден маған жүргізуші қызметін ұсынды. Мен көп ойланбастан келісе кеттім.
– Ауыр техниканы жүргізудің өз қиындықтары бар шығар.
– Көлік кептелісі көп мегаполисте ауыр техниканы тізгіндеу оңай емес. Сол себепті де бізде жүргізушілер жетіспейді. Басым көпшілігі жүргізуші болуға келісе бермейді. Менің өзім де алғашында КамАЗ-ды жүргізуге жүрексінетінмін. Дегенмен осында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан аға буынның жөн сілтеуімен қызметіме тез үйренісіп кеттім. Қазір қаланың біраз жолын жақсы білемін.
– Шақыртуға асығып бара жатқанда өзге көліктер жол бере ме?
– Өкінішке қарай, кейде шақыртуға асығып бара жатқанда біздің алдымызды бөгеп тұрып алатын көліктер болады. Музыканың дауысын қатты шығарып қоятын көлік жүргізушілері біздің дабылдың дауысын естімейді де. Біз төтенше жағдай орнына жылдам жету үшін бағдаршамның қызыл белгісіне өтіп, жолдың қарсы бетіне де шығуымыз мүмкін. Дегенмен де жанымыздағы көліктерге арнайы белгімізді беруді ұмытпаймыз. Көп жағдайда көлік жүргізушілері түсіністікпен қарайды.
– Сіздің міндетіңізге тек көлік тізгіндеу кіре ме?
– Өрт сөндіру ұжымдық жұмыс. Сол себепті мен тек жүргізушінің жұмысын атқармаймын. Менің ең әуелгі міндетім – өрт сөндірушілерді апат орнына жылдам жеткізу. Одан кейінгі міндетім – қызметкерлерге өрт сөндіруге қажетті су қорын беріп отыру. Шынтуайтында бізге көлікті қараусыз қалдыруға, одан алыс кетуге болмайды. Сондықтан өрт кезінде әркім өз міндетін атқарады. Ал өрт сөндірілгеннен кейін әлбетте біз әріптестерімізге көмектесеміз.Өйткені өрт сөндірушілердің экипировкасы мен түрлі жабдықтары ауыр келеді.
– Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқару үшін үлкен жүрек керек. Шақыртуға бара жатқан сәтте түрлі сезімдерді бастан өткеретін шығарсыздар.
– Дабыл қағылған сәттен бастап біз 1 минут болмай барынша тез апат орнына шығуымыз керек. Өрт сөндіру бөлімінің арнайы өз жылдамдық режимі бар. Одан асуға болмайды. Барынша тез жетуге тырысамыз. Әрине, елімізде өрт болмаса екен деп тілейміз. Бірақ бола қойған жағдайда біз ең алдымен өзіміздің емес, өзгенің өмірін бірінші кезекке қоямыз. Біздің басты міндетіміз – адамдарды құтқару, олардың өмірін сақтап қалу. Қорқыныш сезімі болатынын жасырмаймын. Бірақ жолда келе жатқанда аға буын әріптестер барынша ақыл-кеңесін айтып, көмектесіп отырады. Сол сөздер бізге медет болады. Осы ретте Қостанай облысында болған ірі орман өрті есіме түсіп отыр. Сол төтенше жағдай орнына мен де бардым. Ол кезде жұмысқа кіргеніме бір жыл болған. Алла сәтін салып, жұмысымызды абыроймен атқарып келдік.
Жұмысым өзіме ұнайды, мамандығымды мақтан етемін. Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан бізге көп қолдау көрсетіледі. Қажетті құрал-жабдықтарымыздың барлығы жаңа, жалақымыз бен сыйақымызды уақтылы аламыз. Бастысы халықтың ризашылығына бөленіп келеміз. Біз үшін ең қымбаты да осы – қалың бұқараның ыстық көңілі.
– Әңгімеңізге рақмет! Жауапты жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Әңгімелескен,
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Egemen Qazaqstan»