Теннистен әйелдер арасындағы қорытынды турнир 1972 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2000 жылға дейін бұл дода тек АҚШ аймағында өткізілген болса, келесі жылдан бастап теннис турнирі географиясын кеңейтіп, алғаш рет Германияның Мюнхен қаласында жалауы желбіреді. Кейіннен бұл жарысты Испанияның Мадрид, Қатардың Доха, Түркияның Ыстанбұл, Сингапурдың Сингапур, Қытайдың Шэньчжэнь және Мексиканың Гвадалахара қалалары қабылдады. Мексика бұл жарысты өз тарихында екінші рет өткізу мәртебесіне ие болды.
Осы уақыт аралығындағы қорытынды турнирде америкалық даңқты теннисші Мартина Навратилова ең көп жеңіске жеткен. Өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдарында өнер көрсеткен Навратилова 8 турнирде теңдессіз деп танылды. Одан кейінгі үздік нәтиже германиялық Штеффи Графф пен америкалық Серена Уильямсқа тиесілі. Олар бес реттен топ жарса, АҚШ-тың тағы бір өкілі Крис Эверт төрт мәрте жеңіс тұғырынан көрінген. Сонымен қатар Моника Селеш (АҚШ) пен Ким Клейстерс (Бельгия) үш реттен, Ивонн Фей Гулагонг-Коули (Аустралия), Габриэла Сабатини (Аргентина), Мартина Хингис (Швейцария), Жюстин Энен (Бельгия) екі мәртеден жеңімпаз атанған. Қалған 15 теннисшінің тек бір реттен ғана жеңіске жету мүмкіндігі болды.
Былтырғы турнирде топ жарған франциялық Каролин Гарсия биыл үздік 8 теннисшінің қатарына қосыла алмай, қорытынды турнирден тыс қалды. Биылғы жарысқа Арина Соболенко (Беларусь), Ига Швентек (Польша), Коко Гауфф (АҚШ), Елена Рыбакина (Қазақстан), Джессика Пегула (АҚШ), Маркета Вондроушова (Чехия), Онс Жабер (Тунис) және Каролина Мухова (Чехия) секілді спортшылар қатысады.
Елена Рыбакина биылғы әйелдер теннисі турнирлерінде тамаша нәтиже көрсетіп, қорытынды турнирге алғаш рет шақырту алды. Отандасымыз биылғы маусымда жылдың ең алғашқы ірі жарысы – Аустралия ашық біріншілігінің финалына дейін жетіп, WTA турнирлерінде бес мәрте бас жүлдені жеңіп алды. Соның ішінде АҚШ-тың Индиан-Уэлс қаласы мен Италияның бас шаһары – Римде жалауы желбіреген «WTA 1000» санатындағы екі бірдей маңызды турнирде топ жарды. Сонымен қатар ITF додаларында төрт рет дараланды. Бір ғажабы, биылғы маусымда Рыбакина әлемнің 1-ракеткасы польшалық Ига Швентектің өзін үш мәрте қапы қалдырды.
Жалпы, Рыбакина Канкундегі додаға жолдама алған жеті теннисшімен барлығы 23 кездесу өткізген екен. Соның 10 бәсекесінде жерлесіміздің мерейі үстем болса, қалған 13 матчта жеңіліс тапқан. Атап айтқанда, отандасымыз чехиялық М.Вондроушева және К.Муховамен екі реттен кездесіп, қарсыластар бір-бір ойында жеңіске жеткен. А.Соболенкомен өткен алты кездесуде – 2:4, О.Жабермен болған бес ойында – 2:3 және Ж.Пегуламен өткен үш ойында 1:2 есебімен есе жіберген. Сондай-ақ К.Гауффпен бүгінге дейін бір ойында шеберлік байқасып, қарсыласына жол берген.
Жарыстың ережесі бойынша әлемнің ең үздік 8 теннисшісі төрт қатысушыдан екі топқа бөлініп, алдымен бір-бірімен айналмалы жүйе бойынша ойнап шығады. Сөйтіп, топтық кезеңде ең үздік нәтиже көрсеткен екі теннисші жартылай финаға жолдама алады. А тобында бірінші орын алғаны В тобының екінші орын иегерімен, В тобының жеңімпазы А тобында екінші орынға тұрақтаған теннисшімен ойнайды. Әрі қарай жартылай финал және финал бәсекелері өтеді.
Сондай-ақ теннисшілер бұл турнирдегі әр ойыны үшін рейтингтік ұпайларға да ие болады. Мәселен, топтық кезеңдегі әрбір жеңісі үшін 250 ұпай алса, жеңілген спортшы соның тең жартысына ие болады (125 ұпай). Жартылай финалда жеңіске жеткендер 330 ұпай, ал чемпион теннисші 750 ұпай иеленеді. Бұдан бөлек жеңімпаз 1,24 млн доллар (800,32 млн теңге) сыйақы алады. Егер теннисші осы турнирдегі барлық ойында қарсыластарынан басым түсіп, жеңіске жеткен болса, онда сыйақы мен рейтингтік ұпайын екі еселеп ала алады.
Жүлде қоры 5 млн долларды (2,38 млрд теңге) құрайтын WTA күнтізбесіндегі биылғы маусымның соңғы жарысы 29 қазан мен 5 қараша аралығында Мексиканың Канкун қаласындағы жабық корттарда өтеді.