Көрме • 23 Қазан, 2023

Көмегі көп көрме

194 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

27 елден келген 238 компания. Бұл – дәстүрге айналған «KazAgro/KazFarm-2023» халықаралық аграрлық көрмесіне қатысушылар саны. Көрмеде агроөнеркәсіп саласындағы жаһандық инновациялық жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

Көмегі көп көрме

«KazAgro» өсімдік шаруа­шылығына арналып, онда негі­зінен тұқым селекциясы, заманауи технология мен жаб­дықтар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, логистика бойынша қызметтер көрсету сынды мәселелер көтерілді. Ал «KazFarm» – эмбриондардан бас­тап, дайын өнімге дейін және мал шаруашылығының әртүрлі салаларындағы қызметтерге дейін толық қамтылған отандық мал шаруашылығы мен ет-сүт өнеркәсібінің көрмесі.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауқымды көрме – ауыл шаруашылығы мамандары мен жобаларын бір арнада тоғыстыратын, бірегей алаңқай.

«Қазақстанда болып жатқан соңғы жылдардағы климаттың өзгеруі мен су тапшылығы жағдайында тех­нологияның осындай өзге­рістерге бейімделуі қажет екенін түсініп отырмыз. Бұған мысал – барлық жерде су үнемдеу технологиясын енгізу. Біздің елімізде мемлекет суару жүйелеріне шығындардың жартысын өтеу, сондай-ақ барлық қажетті инфра­құрылымды жүр­­гізу арқылы оларды қол­дану­ды ынталандырады. Сапа­лы тұқымдар, минералды тыңайт­қыштар және өсімдіктерді тиімді қорғау жақсы егіннің кепілі болғанымен, табысқа жету үшін дұрыс агротехнологияларды қолдану қажет», деді ол.

Сол себепті, осы көрме бағдар­ла­ма­сына дөңгелек үстелдер мен семи­­нарлар енгізілген, онда білік­ті агро­сарапшылар өз тәжірибелерімен бөліседі екен. Мұндай көрмелер отандық фермерлердің сенімді өнім беруші мен серіктес табуына, жаңа агротехнологиялар туралы білуге және оларды өндіріске енгізуге мүм­к­­ін­дік беретін көрінеді. 

Министр пайымынша, еліміз қазір Орталық Азия мен Ауған­стан­ды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан басқа тағы бірнеше елге өнімдер экспорттайды. Сондықтан мұндай көрмені ұйымдастыру арқы­лы жаңа инвестор табудың да мүм­кін­дігі мол болмақ.

Көрме аясында жаңашыл өнім­дер көп таныстырылды. Соның бірі – Budan компаниясы өндіретін жү­ге­рі тұқымы.

«Бізде жүгері тұқымын тазарту және калибрлеу зауыты бар. Аме­рикалық өндіріс жабдықтары, орнату кезінде ол ең озығы болды. Біз­дің генетика Белград қаласын­да­ғы «Земун Поле» жүгері инс­титу­тынан шыққан. Әлі күнге дейін онымен ынтымақтастықты жалғастырамыз, олардың генетикасын да, жергілікті жағдайларға бейімделген өз генетикамызды да көбейтеміз», дейді Budan бас директоры Нұрлан Сақаулов.

GESA Agro компаниясы V-AGRO деп аталатын минералды мик­ро­тыңайтқышты алып келген. Ком­пания өкілдерінің айтуынша, бұл –табиғи өсу стимуляторларына, фитогормондарға және сигналдық молекулаларға негізделген соңғы әмбебап препарат. Оны дәнді және техникалық дақылдарға, көкөніс, шөп, картоп және жидектерге, жы­лы­жай­ларға қолдануға болады. Қай ел үшін де азық-түлік қауіп­сіздігі мен халық денсаулығы бірін­ші орын­да екенін ескерсек, мұндай өнім­­дерге фермерлер тарапынан үл­кен қызы­ғу­шылық туындайтыны түсінікті.

Көрме барысында тек елеулі же­тіс­тіктер емес, кемшіліктер де сөз болды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуын­ша, елдегі ауыл шаруашылығы пар­кінің 70 пайыздан астамы тозып тұр.

«Мұнда әлемдік концерндердің жаңа ауылшаруашылық техникалары, сонымен бірге, инновациялық агротехнология, құрылғылар мен мал шаруашылығы саласындағы түрлі дайын өнімдер ұсынылып жатыр. Қазір министрлік инвестициялық субсидиялау жобасын әзрілеуге кі­ріс­­ті. Кәсіпкерлер ауыл шаруашы­лы­ғына арналған машиналарды сатып алған жағдайда мемлекет оның 30-50 пайыз аралығындағы құнын төлеп береді. Үш жыл ішінде біз ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қарқынын 8-10 пайызға жеткізуіміз керек. Қазір ол бізде 4,4 пайыз деңгейінде. Яғни жұмысты екі есе арттыруға тура келеді. Кешеден бастап жеңілдетілген лизингпен ауыл шаруашылығы техникаларын бе­руге өтінім қабылдай бастадық. Ол алғашқы төлемсіз жүзеге асырылады. Несиелеу мерзімі – жылдық 6 пайызбен 10 жылға дейін», деді министрлік өкілі.

Көрме бағдарламасы шеңберін­де AgriTech бағыты бойынша тех­ноло­гиялық болжауға қатысты дөң­­­­ге­лек үстел де ұйымдас­ты­рыл­ды. Не­гізгі тақырып – мал шаруа­шы­­­лығы, өсімдік шаруашы­лы­ғы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, машина жасау, биотехнология, цифр­ландыру саласындағы фор­сайт­тық зерттеулердің нәтиже­лерін талқылау.

«Цифрландыру және иннова­ция – агроөнеркәсіп кешенін дамы­ту­­дағы ең өзекті бағыттар. Аг­рар­­­лық сала экономикамыздың нақ­ты қозғалтқышы бола алады және ол үшін осы бағыттарды нақты дамыту қажет. Сондықтан біз ғылымымыздан заңнамалық қол­дауды талап ететін қандай да бір ұсыныстарды көрсек, депутат ретінде оларды тыңдауға және жұ­мысқа қа­былдауға да­йын­быз», деді Мәжілістегі АӨК ко­ми­тетінің төрағасы Серік Егізбаев.

ExpoGroup компаниясының директоры Шолпан Қожабаеваның айтуынша, көрме бірнеше мін­дет­терді қатар шеше алатын қа­бі­летке ие. Біріншіден, бізде әлем­дік деңгейдегі отандық компания жоқ деуге болады. Көрменің көмегімен отандық мамандар биік деңгейге талпына бастайды, бұл өз кезегінде Үкіметті де ойландырады. Екіншіден, мұндай шараға осал компания келмейді. Қай-қайсы да бәсекеге қабілеттілік деңгейі жо­ға­ры ұжымдар. Ондай ком­пания өнім­­де­рінің де сапалы болары белгілі. Шетелдік сапа қазақ кәсіпкерлерін де ынталандырса керек. Үшіншіден, көрмеге ауыл шаруашылығына аса қажетті түрлі тауарлар мен техника­лар әкелінеді. Тиісінше, техника иесімен тікелей келісім жасасу, мәмі­леге келу мүмкіндігі жоғары. Тіз­белей берсек, көрме игілігі көп-ақ.

Сарапшылар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық сұрыптарын іріктеу және көбейтуге, селекциялық жұмысты жақсарту үшін малды индекстік ба­ға­­лауды енгізуге мән беру керек деп отыр.