Қоғам • 24 Қазан, 2023

Жұрт күткен жылжымалы кешен

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бас мейрам басталғалы тұрғанда «Қазақстан халқына» қоры Алматы облысына онкологиялық скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенді тарту етті.

Жұрт күткен жылжымалы кешен

Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан Республикасының шалғай аймақтарындағы халықты онкологиялық скринингтік және профи­лактикалық тексеруді дер ке­зінде жүзеге асыруға бағыт­талған «QH Денсаулық жолы» қайырымдылық жобасының тұсау­кесері өтті. Жоба аясында өңірдің үш облыстық онкологиялық орта­лықтарына жылжымалы меди­ци­на­лық кешендер сатып алуы жос­парланып отыр.

Медициналық құрал-жабдық­тармен қамтылған 2 көлік­тен тұ­ратын жылжымалы медици­на­лық кешен Алматы облыстық көп­са­лалы емханасына салтанатты түрде берілді.

«OPTIMA» жылжымалы ме­ди­ци­налық кешені томосин­тез функциясы бар сандық мам­мо­графиялық жабдықпен, сарап­шы­лық деңгейдегі ультрады­быстық жүйемен және жоғары деңгейде зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған. Кешеннің құны 1,091 млн теңгені құрайды. Бұл медициналық кешен екі кө­лік­тен тұрады, оның біреуі 128 кесінділік компьютерлік томографпен, екіншісі цифрлық мам­мог­рафиялық аппаратпен және УДЗ аппаратымен жабдықталған. Екі құрал да Жапонияда жасалған. Көліктер қатерлі ісік скринингіне арналған. Мұндай кластағы және конфигурациядағы медициналық жабдық Қазақстанда алғаш қол­данысқа беріліп отыр.

Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Қа­зақ­стан халқына» қоғамдық қоры­ның басшысы Болат Жәмі­шев және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, еліміздің бас штаттан тыс онкологі Диляра Қайдарова қатысты.

«Бүгінде елде шалғай ауылдар­дың тұрғындарын онкологиялық скри­нингтік тексерулермен қам­ту дең­гейі төмен. Мобильді ме­ди­­ци­налық ке­шендер, әсіресе қатер­лі ісікке шалдығуы мүмкін науқастарға жоғары техноло­гия­лық консультативтік-диагнос­тикалық көмекке қолжетім­ді­лік­ті арттырып, төмен дозалы ком­пьютерлік томографияны қол­дану арқылы скринингтік тексерулерді уақ­тылы өткізуге ықпал етеді», деді «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасы Болат Жәмішев.

«QH Денсаулық жолы» жобасын Қазақстан Республикасының қанатқақты аймақтары – Алматы, Қызылорда және Ақтөбе облыс­тарында іске асыру арқылы ха­лықты қамту көлемін және нау­қастарда, әсіресе ерте (0–1 кезең­дерінде) онкологиялық ауруларды анықтауды арттырады деген үміт бар. Жобаны жүзеге асыру арқылы халықты онкологиялық скринингпен қамтуды қанатқақты аймақтарда 50-ден 70 пайызға дейін артпақ.

«Алматы облысы – халық саны мен ауданы бойынша Қазақ­станның ірі өңірлерінің бірі. Облыста 1,5 миллионнан астам адам тұрады, оның 1,3 миллионнан астамы – ауыл тұрғындары. Жоғары технологиялық жабдық­тар­мен жабдықталған екі жылжымалы ме­дициналық кешенді алу облыстың шалғай және жетуі қиын аудандарында халықты уақ­­тылы қолжетімді және білік­ті медициналық көмекпен қам­тамасыз етуге үлес қосатыны сөз­сіз», деген өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев жылжымалы ме­дициналық кешеннің халық ден­­сау­лығын жақсартуға септігі тие­ріне сенім артты.

Айта кетерлігі, бір ғана Алматы облысында 10617 онкологиялық науқас диспансерлік есепте тұ­р. Биылғы жылдың 8 айында тағы 1342 науқас тіркелген.

Жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен, қанатқақты облыс әкімдіктерімен және облыстық онкологиялық орталықтармен се­рік­тестікте жүзеге асырады.

Келесі аптадан бастап жылжымалы медициналық кешендер осы облыстың шалғайдағы Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарына жол тартады.

 

Алматы облысы