Өнер • 24 Қазан, 2023

Бақ саясындағы балдырғандар

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұмса табиғаттың ғажайыбына зер салып, сұлу келбетін қылқаламмен ақ қағазға түсіруге әуес балауса дарын иелерінің өнерін ұштауға суретші әрі өлкетанушы Болат Сәрсенбай ұшан-теңіз еңбек сіңіріп жүр.

Бақ саясындағы балдырғандар

Көрікті келбеті талайды тамсантқан Жалаңаш ауылындағы Кеген ауданы бойынша техникалық, шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының бейнелеу өнері үйірмесіне бұл күні мектеп оқушыларының қызығушылығы арта түскен. Оған сан бояулы өнерді сүю мен оны түсінуге деген талпыныстары себеп.

«Әлемде байқампаз екі топ бар, бірі – суретші, екіншісі – бала» деген. Екеуі де бір объектіге қарайды. Неге олай, неге бұ­лай деп зерттейді. Білмегенін сұрай­ды, ізденеді. Осы зерделеу олардың логикалық ойлау жүйесін дамытады. Ата-аналар, ұстаздар осы жүйенің әрі қарай өріс­теуіне жол ашуы керек. Есте сақтау қабі­летін дамытудың жолы өлең жаттау болса, кәсіптік бағыттағы талантын ашу  шы­дамдылық пен ізденісті, еңбекті қажет етеді», деген ұлағаты мол ұстаз Болат Сәрсенбай шәкірттерін әрдайым табан­дылыққа, табысты болуға баулып келеді.

Бүгінде өзінен тәлім алып жүрген 30-дан астам балдырғанның талантын ашып, суретшілік шеберлігін шыңдау нәтижесінде олардың 20-ға жуы­ғы рес­публикалық көркемсурет бай­қау­ларына қатысып, 4-еуі бас жүлде иеленгенін айрықша атағымыз келеді.

Жалпы, өнерге құштар оқушылардың арасында үздіктер көптеп кездесетінін әңгіме арқауы еткен Болат Жапсарбайұлы Финляндияда оқушылардың дені қосымша біліммен қамтамасыз етілетіндігін, соның арқасында әр фин азаматының сан қырлы таланты ашылып, тұлғалық қасиетке ие бола­тындығын тілге тиек ете келе, мұн­дай мүмкіндіктен ауыл балалары шет қалма­ғандығын атап өтті.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген даналықты темірқазық еткен суретші-ұстаз тәуелсіз еліміздің талантты ұл-қыздарының қиялына қанат бітірумен қатар, суретшілік өнердің қыр-сы­рына қанығуына барынша ықпал етіп келеді. Балғын суретшілерді таби­ғат төсіне шығарып, ұшқан құс, тербелген гүлдің қимыл-қозғалысы мен ауыл­дың тыныс-тіршілігін қалт жібермей, қағаз бе­тінде өрнектеуге үйретуден жалық­пайды. 

 

Алматы облысы