Республика күні мерекесі аясында Тараз қаласы әкімдігі мен қалалық ардагерлер кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен «Қыздарға әсемдік жарасады» атты мақтаулы, шашбаулы арулар арасында байқау өтті. Іс-шараға арнайы қатысқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов байқаудың маңызына тоқталды.
«Расында да, қазақ халқы қыз баласын қатты қадірлеген. Тіпті бабаларымыз нәзік жандылардың бойынан әрдайым сұлулықпен қатар әдептілікті, имандылықты іздеген. Сұлулардың бойына сол ізгі қасиеттің бәрін ардақты аналар дарытып отырған. Республика күні мерекесі аясында өткізіліп отырған «Қыздарға әсемдік жарасады» байқауының тағылымы тереңде жатыр. Байқау барысында аруларымыздың бойынан түрлі өнердің ұшқынын аңғардық. Қазақ аруына тән дәстүрдің жалғасын көрдік. Осындай іс-шаралар кезінде қаракөз қарындастарымыздың танымы мен білімін, бойға жиған әдебі мен иманын байқаймыз. Сол тұрғыдан келгенде байқау көптің көңілінен шықты», деді Д.Дәулетов.
«Мен қазақтың қызымын дара туған», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Білікті қыз», «Қыз өссе, елдің көркі» сынды кезеңдерден құралған байқау қорытындысында Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің үміті Дамира Мейірқұлға бірінші орын бұйырса, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті атынан сынға түскен Қарақат Мейрамбек екінші орынға, Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының студенті Бафаруза Балтабай жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ бірнеше қатысушы арнайы аталымдар бойынша марапатталды.
ТАРАЗ