Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Азаматтардың банк шотындағы, депозитіндегі және төлем карточкасындағы жинақ ақшасының сақталуына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жауапты. Отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесіне ислам банктерінен басқа банктердің барлығы қатысады (олардың ішінде шетелдік банктердің қазақстандық филиалдары да бар). Банк лицензиясынан айырылған жағдайда ҚДКБҚ салымшыларға жинақ ақшаларын қайтарады. Бұл ретте лимиттелген сомалардың сақталуына кепілдік беріледі:
- 20 млн теңге – теңгедегі жинақ депозиттер (салымдар) бойынша;
- 10 млн теңге – теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша;
- 5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша.
Өтем төлеу барысында депозиттер бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақылар да есепке алынады. Ескеру керек жайт – бірнеше банкте әртүрлі шотта сақталған ақшаларға әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі. Сондықтан жинақ ақшаларды қауіпсіздендіру үшін ҚДКБҚ оларды бірнеше банкте сақтауға кеңес береді.
«Егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті ашылған болса және ағымдағы шоттарында, төлем карточкаларында ақшалары жатса, сондай-ақ шетел валютасында да салымы болса, онда өтем төлеу барысында бұл сомалар жинақталып, олар бойынша жиынтық кепілді өтем төленеді. Бірақ ол сома әрбір салым түрі бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып, 20 млн теңгеден асырылмайды», делінген қор жауабында.
Мысал келтіре кетейік. Мәселен, депозитордың жинақ салымында 5 млн теңгесі бар делік. Одан басқа екі ағымдағы шотында 10 және 7 млн теңге жинақталған. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде төленуге жататын кепілдік өтем сомасы 15 млн теңгені құрайды (жинақ салымы бойынша 5 млн теңге және екі ағымдағы шот бойынша 10 млн теңге). Яғни депозитор кепілдік сомасынан асатын 7 млн теңгесін ала алмайды. Егер ол салымдардың бірін басқа банкте сақтағанда барлық ақшасына толығымен қол жеткізер еді.
Жағдайды былай саралап көрсек те болады. Салымшының шетел валютасындағы депозитінде 17 мың доллар бар. Банк лицензиясынан айырылған күні айырбас бағамы 445 теңге болған. Яғни теңгеге шаққанда 7 565 000 теңгені құрайды. Өтемді есептеу барысында әрбір салым бойынша кепілдік берілген шекті сома ескеріледі. Валюталық салым бойынша бұл сома – 5 млн теңге. Демек салымшыға 5 млн теңге мөлшерінде кепілді өтем төленеді деген сөз. Ал қалған 2,5 млн теңге заңда белгіленген максималды кепілді өтем сомасынан асып кетеді және өтелуге жатпайды.
Салымшы кепілдік берілген мөлшерден асқан соманы талап ету үшін банктің тарату комиссиясына жүгінуге құқылы. Тарату комиссиясын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды. Комиссия банк істерін аяқтау және кредиторлармен есеп айырысуды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды. Олардың қатарында депозиттеріндегі ақшалары кепілдік берілген максималды өтем сомаларынан асатын жеке тұлғалар да бар. Кредиторлардың талаптары кезектілік тәртібіне қарай қанағаттандырылады. Талаптарды қанағаттандырудың 10 кезектілігі бар. Таратылатын банкпен ерекше қарым-қатынасы жоқ жеке тұлғалардың кепілдік мөлшерінен тыс сомалары бойынша талаптары төртінші кезекпен қанағаттандырылады.
Тарату комиссиясы жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша талаптарын кредиторлардың тізіліміне өз бетімен енгізіп, оларға бұл туралы жазбаша хабарлама жібереді. Осылайша, салымшылар үшін депозиттері бойынша кепілдіктен артық ақшаларын алу мақсатында банктің тарату комиссиясына бөлек өтініш берудің қажеті жоқ.
Тарату комиссиясы кезектілік бойынша төлемдерді таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша, бұрын берілген несиелер, оның ішінде қарыз алған проблемалық клиенттерге қатысты жұмыстар бойынша түскен ақша есебінен жүзеге асырады. Әрбір таратылатын банк активінің мөлшері мен сапасы әрқалай болатындықтан, кредиторлар, олардың ішінде 4-ші кезектегі кредиторлар алдындағы берешектерді өтеудің қандай да бір тиянақты мерзімі қарастырылмаған.
«Бір кезектегі барлық мойындалған талаптарды қанағаттандыру үшін ақша осы кезектегі кредиторлар арасында сол кредиторлардың талаптары тізіліміне сәйкес қанағаттандырылуға жататын талаптар сомасына үйлесімді түрде үлестіріледі. Бұл жерде банкті тарату барысында қандай да бір кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру бойынша міндеттемелерді өтеуге ақшаның жетпей қалу қаупі бар», дейді ҚДКБҚ Проблемалық банктермен жұмыс істеу басқармасының бастығы Назгүл Алмасаева.
Айта кету керек, банкті тарату барысында кредиторлар комитеті құрылады. Ондағы мақсат – кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және шешімді солардың қатысуымен қабылдау. Комитеттің құрамына әрбір кезектіліктегі кредиторлар санатынан талап ету сомасы ең жоғары бір өкілден кіреді. Сондықтан кредиторлардың, олардың ішінде 4-ші кезектегі кредиторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бұл комитеттің құрамына енуден және оның отырыстарына қатысудан бас тартпау керек.
ҚДКБҚ өз кезегінде ақшадан айырылып қалу қаупін барынша азайту мақсатында қаражатты депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде сақтаудың ойластырылған, ақылға қонымды стратегиясын ұстануға кеңес береді. Қор мамандары жинақ ақшаны қорғау үшін оны әртүрлі банкте максималды кепілдік мөлшері шегінде орналастыру қажеттігін алға тартады.