Аймақтар • 26 Қазан, 2023

Көптен күткен қоныстой

219 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Баспаналы болу – бұл да бір үлкен бақыт. Ал сол аңсаған шаңырағыңның кілтін дәл Республика күнінде алу – әсер үстіне әсер үстемелейтіндей. Неге десеңіз, ұлтымыз үшін қастерлі мейрамда құтты қонысқа қол жеткізу көңіліңді одан бетер асқақтата түсері анық. Осы сәтті күні кеше жетісулықтар бастан кешті. Ең ғажабы, бұл игілікті іске тек мемлекет қана емес, атымтай азаматтар да атсалысқан. Шаттыққа толы шараның біз де куәгері болдық.

Көптен күткен қоныстой

Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай

Жалпы, Жетісуда мереке сайын баспана кілтін тапсыру іс-шарасы жиі өтіп тұрады. Биыл өңірде 2 мыңға жуық тұр­ғын пәтерлі болуға ниетті. Жыл соңына дейін әлі талай тұрғын қоныстойын тойлайтын болады. Ал кешегі мерейлі мерекеде кезекте тұр­ған 110 отбасы көптен күт­кен баспаналарына қол жет­кізді. Нақтылап айтсақ, де­меушінің қаржысына салын­ған көпқабатты үйдің жаңа пәтерлеріне талдықорғандық 60 отбасы ие болды. Ал Ақсу ауданында 50 пәтерлік үй пайдалануға берілді. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оның құрылысы­на бюджеттен 855 млн теңгеден аса қаржы бөлінген.

Талдықорған қаласындағы демеуші компанияның қара­жа­тына тұрғызылған 60 пәтер­лі 5 қабатты жаңа үй «Ха­рекет» қайырымдылық қоры арқы­лы тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санат­тағы аза­­маттарға берілді. Олар­дың қа­тарында толық емес және көпбалалы отбасылар, мүге­дектігі бар адамдар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәр­биелеп отырған отбасылар, тұрмысы ауыр от­басылар бар. Бұл үйде 3 бөл­мелі – 30 және 2 бөлмелі 15 пәтер бар.

Жаңа қоныс иелерін Рес­публика күнімен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл өңірде 2000-ға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болатынын, солардың бірқатары бүгін баспанасына кіретінін атап өтті. Құрылыстың осындай қарқынын сақтай отырып, 3-4 жыл ішінде облыс орталығындағы кезекті 50%-ға қысқартуға болатынын айтты:

«Соңғы жылдары Талды­қорғанда пәтер мәселесі өзек­ті болды. Біз қалыптасқан жағ­дайды жақсарту үшін тиісті шараларды қабылдадық. Өкі­нішке қарай, мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үй кезегінде 15-20 жыл бойы тұру – тек біздің облыста ға­на орын алып отырған жайт емес. Бұл – біздің кінәміз, ол үшін кешірім сұраймын. Енді электрондық кезекті енгізудің арқасында біз әділдік пен ашықтық қағидатын қатаң сақтай отырып, пәтер бөлудің ашықтығын қамтамасыз еттік. Бұл туралы Президент үнемі айтып келеді. Ал бүгін мерекеде қабылданып жатқан ша­ралардың арқасында халық­тың әлеуметтік осал топта­рының ішінен талдықорғандық 60 отбасы демеуші компания мен қайырымдылық қор­дың қолдауымен қоныстой қуа­нышына кенеліп отыр. Жыл басында меценаттардың көмегімен бір 60 пәтерлі үйді қолданысқа бердік, бүгін тағы біреуін, екі аптадан кейін 60 пәтерлік тағы біреуін пайда­лануға беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, өмірлік қиын жағдайға тап болған халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрған 180 азамат көп­тен күткен баспаналарына демеушілердің қолдауының арқасында тегін қол жеткіз­ді. Үйді салған демеуші компания – «Eurotranzit Terminal» жауапкершілігі шектеулі се­рік­­тестігіне және «Харекет» қайы­­рымдылық қорының өкіл­­­деріне алғысымды біл­ді­­ремін. Баршаңызды Рес­­пуб­лика күнімен және қо­ныс­­тойларыңызбен тағы да құт­­тықтаймын! Шаңырақта­рыңыз шаттыққа толсын!», деді Б.Исабаев.

Облыс басшысы жаңа үй­дің жанында балалар алаңын орналастыруға арналған орын бар екені, оны келесі жылы салу жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті.

«Eurotranzit Terminal» ЖШС директорының орынбасары Сергей Гордиенко тұр­ғындарға құттықтау тіле­гін білдірді: «Біздің компания әлеуметтік маңызды жоба­ларға үнемі қатысады. Талдықорған қаласының әкім­дігімен жа­салған меморан­думға сәйкес 60 пәтерлік үй салып, бұл үй бүгін кезекте тұрғандарға тегін беріліп отыр. Тұрғын үй деген – жай ғана қабырғадан, төбеден, шатырдан тұратын ғимарат емес, бұл – көмекке мұқтаж отбасылар үшін үміт шырағы, құтты қоныс», деді ол.

Қор өкілдерінің атынан оның құрылтайшыларының бірі Мадияр Серікбаев сөз алды. Қордың жұмысына тоқ­тал­ған ол 6 жыл ішінде Қор мұқ­таж жандарға 1 000-нан аса пәтер бергенін айтты: «Қуа­ны­шымды сөзбен айтып жет­кізе алмаймын. Бүгін тағы 60 отба­сының шексіз қуа­ны­­шы­на куә болып отырмыз. Жеті­су облысында біздің қол­­дауы­мызбен осы алпыс отба­­сын қосқанда барлығы 182 от­ба­­сы жаңа қонысқа кірді», деді ол.

Баспанаға қол жеткізген­дердің бірі – жеті бала тәрбие­леп отырған Әлия Тазабекова. Ол осыдан 12 жыл бұрын тұр­ғын үй кезегіне тұрған:

«Бүгін мерекеде үш бөл­мелі пәтердің кілттерін қолы­ма алдым. Бұл – біздің үлкен отбасымыз үшін ең бақытты күн­дердің бірі. Үлкен қызым – 18 жаста, кенже ұлым – небәрі 5 айлық. Үйленгенімізге 20 жыл бол­ды. Өзімнің мамандығым – аспаз. Күйеуім жұмыс істейді. Үй сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Жалдамалы пәтердің бірі­нен-біріне көшіп жүруден шар­шадық, әрі қиын, әрі қым­бат. Бүгін көптен күткен қуа­нышты сәтіміз туды. Шын жүректен ризамыз», дейді жаңа қоныс иесі.

Тағы бір тұрғын ризашы­лық кейіппен ізгі тілегін біл­дір­ді: «11 жыл кезекте тұрдық. Ұлым мен келінім жол апаты­нан қаза тапты. Олардың қы­зы, немерем Аянды өзім тәр­­биеледім. Оның бірінші топ мүгедектігі бар, өте қиын, оған тұрақты күтім керек. Қа­зір оның жеке пәтері бар. Ен­ді екеу­­­мізге де әлдеқайда жеңіл бо­­ла­­­ды, жылы, жайлы қоныста тұ­ра­­­тын болдық», дейді Күләш апай.

Атап өтсек, кеше Ақсу ауда­нының тұрғындары да мере­келік қоныстойын атап өтті. Кезекте тұрғандарға 50 пә­тер­­дің кілті берілді. Олар­дың арасында жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедек адамдар, апатты үйлерде тұратын отбасылар және т.б. бар.

Айта кетейік, Жансүгіров ауылындағы бұл жалгерлік көппәтерлі үйді салуға бюджеттен 855 млн 709 мың теңге бөлінген. Тұрғын үйдің құры­лысын «Ритм Строй» ЖШС өткен жылдың маусым айынан бастап жүргізді.

Жыл басынан бері Жетісу облысында әртүрлі қаржы­лан­дыру көздері есебінен 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ретте 1 100-ге жуық отбасы, оның ішінде 145 көпбалалы және 158 аз қамтылған отбасы жаңа қонысқа ие болды.

 

Жетісу облысы