Тұлға • 29 Қазан, 2023

Тұлға тағылымы

276 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кешегі кеңестік кезеңде қаншама тұлғаларымыз аудан, облыс, республика, одақ көлемінде маңызды әрі жауапты қызметтер атқара жүріп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етті. Олардың атқарған еңбегін жұрты ұмытпақ емес. Сондай тұлғаларымыздың бірі – Арал аудандық партия комитетінің үшінші, екінші, бірінші хатшысы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған Тәкей Есетұлы Есетов.

Тұлға тағылымы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Тәкей Есетұлы Арал ауданына бас­шылық жасаған жылдары үш рет қата­рынан Қазақ КСР Жоғары кеңесінің VII, VIII, IX шақырылымына, КСРО Жоғары кеңесінің жоғары палатасы – Ұлттар кеңесінің X, XI шақырылымына екі мәрте депутат болып сайланды. Ол Ұлттар кеңесінде одақ бойынша Құрылыс және құрылыс материалдары өндірісі мәселелері бойынша комис­сияның, ал Қазақ КСР Жоғары кеңесінде республикалық бюджетті жоспарлау комиссиясының мүшесі болды. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихында ешбір аудан басшысы мұндай дәрежеге қол жеткізбеген екен.

Т.Есетов «Тағдыр мен тағылым» атты естелік кітабында «Қазалы қаласында 1923 жылы қараша айының ішінде дүниеге келіппін. Атам Асылқожа деген кісі екен...» деп, өзінің Сыр өңірі­не есімі жақсы таныс әрі әулие, әрі пір атанған Ер Сейтпенбет қожадан тарала­тындығын, әулиеден өзіне дейін жеті ата бар екенін жазады.

 Ел арасындағы деректерге жүгінсек, Сейтпенбет әулиені 14-15 жасында Сырдың төменгі ағысы бойындағы Шө­мекей тайпасының Аспан, Бозғыл рула­рының игі жақсылары Түркістан мен Жаңақорған өңіріндегі қожалар әулетінің өкілі Қожажан деген кісіден ел ішінде діни ағартушылық жұмысқа сұрап алыпты. Жалпы, көшпелі қазақ қоғамында ру-тайпалардың байлары мен билері Түркістан өңіріндегі қожалар арасынан діни білімді жастарды өз рулары арасында діни ағартушылық жұмысқа алдын ала келісім бойынша алып отырады екен. Тіпті Түркістан өңірінің қожалары бұған бейімделіп, ұлдарын жас кезінен осы сауапты іске даярлаған. Белгілі бір уақыттан соң діни ағартушы өзінің әу бастағы ортасына оралуға құқылы болған. Кей кезде олар барған ру-тайпа арасына сіңіп, сол жерге біржола қоныс тепкен. Біздің кейіпкеріміздің жетінші атасы – Ер Сейтпенбет әулие де осындай жолмен Сыр бойындағы шөмекейлер арасына орныққан екен.

Ер Сейтпенбеттің жеті ұлының бірі – Әбдіжаппар. Оның бір ұлы – Қара­қожа, Қарақожадан – Қалдар, Қалдардан – Асыл, Асылдан – Есет, Әбу, Әли, Жәнібек атты перзент өрбиді. Есеттен Тәкей дүниеге келеді. Оның алдында үш жас үлкен Үйтолған атты әпкесі болады. Қазалының атақты базарында Есеттің кішігірім дүкені болған екен. Тәкейдің балалық шағы Қыр мен Сырдың түйіскен жерінде орналасқан Қазалыда өтеді.

Тәкей Есетұлы 1930 жылы Қазалы қаласындағы №17 мектепке барып, оны 1940 жылы бітіреді. Мектепте жақ­сы оқып, үздіктер қатарынан көріне­ді. Футбол командасы құрамында қала­лық жарыстарға қатысады, домбыра оркестрінің құрамында концерт қоя­ды. Орыс тілін де жетік меңгереді. 1938 жылы мектеп директорлығына ҚазПИ-ды бітірген Кенжәлі Айманов (1917-1974) деген жас жігіт келеді де, 15 жастағы белсенді Тәкейге қамқорлық танытып, жөн-жоба көрсетеді. Ол – атақты режиссер Шәкен Аймановтың туған ағасы, кейіннен Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі (1963-1971), Жоғары және арнаулы орта білім министрі (1971-1974) қызметтерін атқарған көрнекті мемлекет қайраткері.

Мектепті аяқтаған Тәкең Алматыға, ҚазПИ-дың тарих факультетіне түседі. «Жақсы адамға қайдан болса да бір орын табылады» дегендей, құжаттары толық болмаса да, досы екеуін қазалылық ағасы Серғали Толыбековтің арқасында институтқа қабылданды. Бірақ тұрмыс­тық жағынан қатты қиналған достар екі ай оқыған соң Қазалыға қайтып оралды. Бос жүруді намыс көрген Тәкең табылған жұмыстың бәрін істеді. Екі ай «Сауатсыздықты жою» мекемесінде мұғалім, тағы екі-үш ай аудандық Халық сотында хатшы қызметін атқарды. Одан әрі соғыс басталып, он сегіздегі Тәкең әскер қатарына шақырылады да, Алматыдағы кіші командирлер даярлайтын алты айлық училищеде оқиды.

Тәкей Волхов майданының 8-армия­сы, 19-гвардиялық атқыштар дивизия­сының 56-гвардиялық атқыштар полкі­нің құрамында Ленинград блокадасын бұзуға бағытталған «Синявино опера­циясына» бөлімше командирі ретін­де қатысады. 1942 жылдың 27 тамы­зы мен 1 қазаны аралығында өткен «Үшінші Синявино операциясы» кезін­де ауыр жараланып, елге оралды. Келе сала Қазалыдағы аудандық халық сотының орындаушысы, НКГБ-нің жедел уәкілінің көмекшісі қызметтерін атқарды. Ал соғыстан кейін аудан көлемінде аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, ревизорлық бақылау басқармасының бөлім бастығы, аупарт­комның нұсқаушысы, аудандық қаржы бөлімінің бастығы сияқты жұмыстарды істеді. Сол кездегі оның бар білімі орта білім, яғни он жылдық мектепті ғана бітірген-тұғын.

Тәкейдің ендігі мақсаты – жоғары оқу орнын тәмамдау еді. Осылайша, ол Ленинград қаласындағы қаржы-экономика институтын бітіріп, жолдамамен Арал аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметіне кірісті. Іскерлігімен көзге түскен жас маман алдымен аупарт­комның үшінші хатшылығына, одан кейін екінші хатшылығына, одан соң бірінші хатшылығына сайланды. Осы жауапты қызметті Тәкей Есетұлы 14 жыл абыроймен атқарып, Арал ауданы­ның дамуына зор үлес қосты. Бұл жылдары Арал ауданы әлеуметтік және экономикалық даму жағынан ең жоғары деңгейге көтерілді.

60-жылдардың басында Аралдағы балық комбинаты жыл сайын 500 мың центнер балық өңдесе, жаңа басшының келуімен бұл көрсеткіш 600 мың центнерге дейін артты. 1967 жылы комби­нат КОКП-ның Қызыл Туымен марапатталды. Осы жылдары тұз өндіру де артып, Аралтұз комбинаты жыл сайын 600 мың тоннаға дейін тұз өндірді. Комбинат бірнеше рет бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, КСРО Тамақ министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазіргі кезде тұз өндіру жылына 150 мың тоннаны құрайды. 1965 жылы ауданда 80 мың қой болса, Т.Есетов ауданды басқарған жылдары қой саны екі есе артып, 150 мыңға жетті. Сол сияқты сиыр малының саны 10 мыңнан, жылқы мен түйе саны аудан шаруашылықтарында әрқайсысы 5 мыңнан асты. Осындай жетістіктері үшін Арал ауданы КОКП мен Қазақстан КП ОК-ның Қызыл Туын бес мәрте жеңіп алды.

Арал ауданында Тәкей Есетовтің жетекшілігімен бүкіл республикадағы аудан­дар ішінде алғашқылардың бірі бо­лып, қалада әскерилердің көмегімен теле­мұнара салынып, іске қосылды. Арал­­дық­тар сол кезден бастап теледидар арқылы Мәскеудің, Алматының бағ­дар­­ламаларын көруге мүмкіндік алды. Арал ауданының мәдени тарихын­да осы жылдары құрылған Қазанғап атын­дағы ұлт-аспаптар ансамблі облыс­тық, рес­публикалық байқауларда бірнеше рет жеңім­паз атанып, халықтық мәртебеге ие болды.

Көреген басшы кәсіби мамандардың еңбегін бағалап, іскерлігіне қарай жа­уапты жұмысты сеніп тапсырды. Мысалы, 1965 жылы ол алыс ауылдың бірінде балық шаруашылығын басқарып жүрген 28 жастағы Құдайберген Саржановты аудандық партия комитетінің өндіріс бо­йынша бөлім басшылығына тағайындады. Кейін жігерлі жігіт Алматыдағы партия мектебіне оқып, одан әрі облыстық партия комитетінде, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Құдайберген Сар­жанов Арал қаласындағы Балық өңдеу комбинатының бас директоры, кейіннен Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрі болғаны белгілі. Адам тани білетін Тәкең Қожақ Жақсыбаевты қатардағы шеберден Арал кеме жөндеу зауытының директоры, Сейітжан Досжановты Аралтұз комбинатының директоры болуына септігін тигізді.

Қазіргі Арал теңізінің ауыр жағдайы, одан туындап отырған проблема бүкіл әлемге аян. Тәкең бұл проблеманы сонау 60-жылдардың соңына таман жергілікті халықтың арыз-шағымынан байқайды. Жоғары жаққа алғашқы дабыл да жеткізіледі. Дегенмен аудан басшысы қарап қалмай, үлкен апаттың алдын алу үшін дайындыққа кіріседі. Арал Балық өңдеу комбинатында бір мыңдай адам жұмыс істеп, сол арқылы қанша жан күн көріп отыр. Қандай жағдай болса да комбинат жұмысын тоқтатпау үшін Тәкей Есетов КСРО Балық шаруашылығы министріне барып, одақтың әр түкпірінен жыл сайын мұхиттың 10 мың тонна балығын Аралға әкелуге қол жеткізді. Бұл шаруа одақ ыдырағанға дейін жалғасты.

Келесі бір шешілген мәселе 70-жылдар соңында арнайы хат жазып жүріп үкіметтің Арал өңіріне қатысты арнайы қаулының қабылдануына қол жеткізді. Ол бойынша 350 шақырымдық Арал-Сорбұлақ су құбыры арқылы Арал, Қазалы аудандарын тұщы сумен қамтамасыз ету көзделді. Бұл жобаның алғашқы кезеңі 1985 жылы, толығымен 1993 жылы іске қосылды.

Тәкей Есетов 1978 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл жауапты жұмысты ол жеті жыл абыроймен атқарды. Сол кезде Тәкең облыс экономикасы мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсады. Соның нәтижесінде облыс экономикасының негізгі даму ба­ғыт­тары бойынша жетістіктерге қол жет­кізілді. 1979 жылы 17 миллион пұт күріш жиналса, 1984 жылы бұл көрсет­кіш 25 миллионға дейін көтеріл­ді. Бұл, әрине, зор жетістік. Сон­дай-ақ осы жылдары қазіргі кездегі Қызыл­орда облысы экономикасының басым бағыты болып отырған Құмкөл мұ­найын игеру үшін дайындық жұмысы бас­талған еді. Осы жылдары облыс көлемінде мәдени, ағарту, денсаулық салалары үшін маңызды көптеген жаңа құрылысты салу басталса, Қызылорда қаласында драмалық театр, музей, әуежай, басқа да мәдени-әлеуметтік нысандардың құрылысы сол жылдары қатар жүргізілді. Одан басқа облыс үшін маңызы зор «Қызылордарисмаш» зауыты, «Шалқия» кеніші секілді көптеген өндіріс орнының жұмысы жанданды.

Тәкең 1985 жылы бірінші хатшы­лығын өткізіп, сол жылы 62 жасында зей­нет демалысына шықты. Үш-төрт жыл облыстық атқару комитетінің тексеру тобына басшылық жасады. Сыр өңіріне танымал Ер Сейтпенбеттің ұрпағы өзінің қайтар күнін бір-екі күн бұрын алдын ала біліп, әйеліне ескерткен көрінеді. Дәл сол айтқан күні, яғни 2003 жылы 30 қазан күні таңертең Тәкең бақилыққа озды.

Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмай­д­ы дегендей, Тәкей Есетовтің Арал ауданы мен Қызылорда облысын басқарған жылдардағы ерен еңбектері жоғары бағаланып, ол үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту», бір рет «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, оннан аса медальмен марапатталды.

«Жақсы жар – азаматтың бақыты» деген мақалды халық бекер айтпаса керек. Тәкеңді жақсы білетін адамдар бір ауыздан Тәкеңнің жары – Тазагүл Сейітжанқызының нағыз парасатты, мәдениетті, ақылды, отбасының ұйтқысы болғанын айтады. Бір қызығы, ауданда, облыста басшы болған кездерінде Тәкең жұбайының мектептегі, педучилищедегі жұмыстарына араласпаған екен. Тазагүл Сейітжанқызы өзінен және Тәкеңнің қайтыс болған жұбайынан туған алты баланы және сіңлілерін, барлығы он төрт ұл-қызды тәрбиелеп, ұядан қанат­тандырып ұшырды. Ел үшін аянбай, адал қызмет жасаған Тәкей Есетов сынды тұлғаны елі ешқашан ұмытпайды, әрқашан есінде сақтайды дегенге сенім­діміз. Тұлға тағлымы деген осы болар.

 

Берекет Кәрібаев,

ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі