Шаруашылық • 31 Қазан, 2023

Ысырапсыз ырыс

243 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген даналыққа ден қойған Балқаш ауданының диқандары ерте көктемде 7 000 гектар суармалы жерге күріш дақылын сепкен еді. Ақ күрішті ала жаздай күтіп-баптап, оның өніп-өсуіне күш салған аудан шаруалары осы күні орақты аяқтауға жақын. Бүгінде аталған егіс көлемінің 5 454 гектары шабылып, оның 3 846 гектары бастырылды.

Ысырапсыз ырыс

Ауа райының қолайлы сәтін қалт жібермей, әр еңбек күнін ұтымды пайдалануды мақсат еткен диқандар қауымы қызу еңбекке кірісіп, қырманды ақ маржанға толтыру қамына кі­ріс­ті. Егіс алқабында да, қыр­ман басында да – қарбалас тірлік. Егін жинауда «Өтес», «Бірлік» агрофирмаларымен қатар, «Тамшыбұлақ», «Бауыржан-7» ЖШС және «Ди­нара» ӨК-і көш басынан көрініп келеді.

Күріш өсірудің қыр-сырына қанық «Бірлік» ЖШС-ның егіс алқа­бын­да жұмыс кідіріссіз жүріп жатыр. Аталған шаруа­­шы­лық көктем айларында өз­де­рі­не тиесілі 1 360 гектар суармалы жер­ге күріш дақылын еккен еді. Жаз бойы күтімде болған кү­ріш алқабын толықтай ша­уып, бүгінде оның 865 гектарын бас­тырып үлгерді. Бұған қолда бар техниканың жеткілікті әрі то­лықтай жұмыс істеуі сеп бол­ға­нын айтып өткеніміз ләзім.

Күріш орағына 26 комбайн кірісті. Оның алтауы шабу жұ­мыс­тарын ойдағыдай атқарып шықса, қалғаны шабылған кү­ріштің дәнін жинаумен айналысып жүр. Сонымен қатар астық тасу үшін 12 «МТЗ-1221», 20 «МТЗ-80» және 1 «YTO-1304» тракторлары жұмылдырылған.

«Биылғы жылы 950 гектар суармалы жерге бидай егіп, әр гектарынан 25 центнерден өнім алып, 2 500 тонна астықты диірменге өткіздік. Бұған қоса 3 250 гектар жерге егілген көп­жыл­дық шөптен үш орым бо­йынша қысқы мал азығына 100 мың орама шөп дайындадық», деген агрофирма басшысы Алмас Қыстаубаев күзгі жиын-терін жұмыстарын тыңғылықты аяқтайтындарын атап өтті.

Нау­қандық жұмыстың нә­ти­желі атқарылуында Асқар Тайбақов пен Ерболат Әтен­беков бастаған тәжіри­бе­лі механизаторлар мен шаруашылық агрономы Досжан Нығатовтың еңбегі орасан зор. Осы уақытқа дейінгі алынған күріш өнімі гектарынан 45 центнерден айналса, егін орағы аяқ­тал­ғанша бұл көрсеткіш 50 цент­нерден асып түсерінен үміт­ті. Жыл сайын ауыспалы егіс алқабын тұрақты сақтап, «Кар­бомид», «Амофос» тыңайт­қыш­тарын уақтылы қол­да­нып, күріш дақылының өсіп-өнуіне қажетті бар жағдай­ды жасаудың арқасында мол өнім алудың мүм­кін­дігі артып отыр.

Қырман басындағы еселі еңбекті қыздырған меха­ни­за­тор Талғат Жайшыбеков пен қырман операторы Болат Ес­таев­тың еңбегіне де ел риза. Тау­дай болған күріш үйінділерін қырман жұмыскерлері де дер ке­зінде сорттап, бітік дәнді жа­уын-шашын тимейтін қой­ма­ларға жеткізуге күш салып жатыр. Осылайша, ақ маржанды төкпей-шашпай жинап алу жолында жан аянбаған еңбек адамдарының табанақы маңдай терлерінің ақталуын біз де тіле­дік.

 

Алматы облысы