Үкімет • 31 Қазан, 2023

Бір минут үнсіздік жарияланды

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтіп, депутаттар 2 қараша күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Бір минут үнсіздік жарияланды

Бюро отырысы бір минут үнсіз­дікпен басталып, сенаторлар мен Аппарат қызметкерлері Қарағанды облысында болған төтенше жағдай салдарынан қаза тапқан кеншілерді еске алды.

Мәулен Әшімбаев қаза тапқан­дардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ Сенат төрағасы Мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін оқиға орнына арнайы барғанын атап өтті. Президент кеншілердің отбасыларымен және жақындары­мен кездесіп, оларға қолдау көрсетіп, апаттың себебін анықтау үшін тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.

Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Астанада (Қазақстан Респуб­ликасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды.

Бұл құжат Қазақстан мен Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы ара­­сындағы халықаралық ынтымақ­тастықты одан әрі дамытуды көздейді. Заңды ратификациялау Ұйымға мүше мемлекеттер арасында Қазақстанның беделін нығайтуға және біздің елге деген сенімді арттыруға ықпал етпек.

Сондай-ақ Сенат төрағасы алдағы Палата отырысында Мемлекет басшы­сының биылғы Жолдауы аясында қолға алынатын ұлттық жобаларды іске асыруға және еліміздің үш жылдық бюджетіне қатысты мәселелер талқыланатынын атап өтті.