«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнын мемлекет меншігіне қайтару керек. Көмір өндірісі ежелден дотациялық сала болып есептеледі. Социалистік меншікті де, капиталистік меншікті де көрдік. Бірақ қай кезде де бұл сала дотациялық болды. Енді сондай дотациялық өндіріске тағы бір жекеменшік компанияны әкелсек не болады? Инвестордың мақсаты – табыс. Ол табыс табу үшін үнемдеуге көшеді. Ал үнемдеудің салдары еңбек қауіпсіздігіне, экологияға кері әсер етуі мүмкін.
Мен бүкіл әлемде дотациялық сала болып есептелетін көмір өндірісі Миттал үшін ғана табысты болғанына сенбеймін. Демек ол еңбек қауіпсіздігі сияқты міндеттерден үнемдеп отырған деген сөз. Ертең орнына басқа бір жеке инвесторды әкелгенде оның да дәл солай етпесіне кім кепіл? Сондықтан бұл кәсіпорынды Үкімет өз қолына алу керек.
«Арселор Митталдың» соңғы оқиғадан тиісті сабақ алмағанын сенімді түрде айта аламын. Бұл жүйелі мәселеге айналып кетті. Меншік иесі қауіпсіздікті мүлдем қамтамасыз ете алмай отыр. Ал Үкімет жосықсыз инвесторға барынша қадағалау жасап, мәселені шешудің жолын ұсынып бақты.
Бұл жерде 1,5 мың адам жұмыс істейді. Сондықтан бұл жерде басқа философия болу керек. Шахтадағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген мәселе қойылу керек. Бізде кеңес заманынан бері ештеңе өзгерген жоқ. Сол технология, сол құрылғылар. Карьерлер, конвейерлік ленталар, шахтаны тіреу құралдары, бәрі кеңес технологиясынан қалған. Ескі технология мен құрал адам күшін көп қажет етеді. Инвестор ондай көп адам ұстағысы келмеген соң, еңбек қауіпсіздігі екінші кезектегі мәселеге айналып шыға келген жоқ па? Ал бірінші орынға өндіріс пен табыс шықты.
Азаматтық кодекс, Кәсіпкерлік кодексі, Еңбек кодексі бар. Аталған құжаттардың бәрін қайта қарау керек. Ондағы баптардың бәрі ірі инвесторларға қолайлы етіп жасалды. Шахталар ажал ошағына айналмасын десек, инвесторға икемделген заңнаманы өзгерту керек. Сондықтан апат болған өндіріс ошағын Үкімет өз басқаруына алып, заңнаманы еңбек қауіпсіздігін сақтайтындай етіп қатаңдатуды ұсынамын.
Арман ҚАЛЫҚОВ,
Мәжіліс депутаты