Театр • 31 Қазан, 2023

Қаһарман қыздың сыршыл сезімі

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы ең көне театрлардың бірі саналатын М.Горький атын­дағы академиялық орыс драма театры ұзақ уақытқа созыл­ған­ күрделі жөндеуден кейін төл ғимаратында 123-мау­сымының шымылдығын ашты. Шығармашылық ұжым тамаша сәтті тағатсыздана күт­кен көрермендеріне Қ.Жүнісов пен И.Сединнің «Әлия» тарихи драмасын тарту етті.

Қаһарман қыздың сыршыл сезімі

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған қойылым қазақтың қаһарман қызының ерлік істерін дәріптеп қана қоймай, актер, режиссер Игорь Сединнің архив ақтарып тап­қан тың деректерімен де толық­қан. Соның бірі – сарғайған сағы­ныш­қа толы хаттар.

– Екінші дүниежүзілік соғыс­та­ асқан ерлік көрсетіп, небәрі 19 жасында батыр атанған қазақ­­тың өжет қызы Әлия Мол­да­­­ғұлованың өмір жолы мен ерлік аңызы мені қатты таң­ғал­­дырды. Пьесаны оқып, ба­тыр­ қыздың өмірбаянымен та­ныс­­қаннан-ақ қойылымның тұтас құрылымы көз алдыма келе қалды. Әлияның майдан даласындағы көзсіз ерлігімен қатар, қаршадай қыздың адам ретіндегі армандары мен кісілік келбетіне, ішкі толқыныстарына да үңілгім келді. Осы үшін архивке бас сұқтым. Сол жақтан тапқан құнды құжаттар, майданнан ата-ана, туғандарына жолданған сағынышқа толы сарғайған хаттар спектакліміздің сыршылдық сипатын айшықтай түсті. Бұл шешіміміз көрермендерге де ұнаған секілді. Сол үшін қуаныш­тымын, дейді қойылым режиссері Игорь Седин.

выр

Спектакльде басты рөлді театр­дың талантты актрисасы Айжұлдыз Халықова кемеліне келтіре кейіптеп шықты. Режис­сердің сөзінше, актриса режиссер қойған талаптың барлығын жоғары деңгейде орындаған. Бұған дейін де «Кішкентай ханзада» қойылымында бірлесе жұмыс істеген талантты тандем «Әлия» қойылымын да әсерлі етіп жеткізе білді. Ал спектакльдің сахналық шешімі, яғни сценографиясымен жұмыс істеген Қанат Мақсұтов режиссер ойын бірден ұғып, оқиға әсерін беретін нағыз атмосфераға бай кеңістік тудыра білді. Тағылымға толы қойылымды көрермен де зор қуанышпен қабыл алды. Шымылдық жабылғаннан кейінгі үзілмей ұзақ соғылған толассыз шапалақ үні соны айқын аңғартқандай.

Қалпына келтірілген көне театр­дың тағы бір жарқын жаңа­лығы – жаңа маусыммен қатар көр­кем ғимаратта ашылған «Жаңа театр» халықаралық театр­ форумы да театр саласының қызметкерлері үшін жемісін берді. Екі күнге созылған шарада білікті мамандар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған театр актерлері мен режиссерлерге, жалпы форумға қатысушылар үшін сахналық сөйлеу (педагог Дмитрий Кошмин, Санкт-Петербург қаласы), семсерлесу (педагог Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сергей Матвеев, Астана қаласы), режиссура және актерлік өнер (педагог Рача Махатаев, Астана қаласы) бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар форум жұмысына театр сыншылары, атап айтқанда өнертану кандидаты Сәния Қабдиева (Алматы қаласы) мен Антон Алексеев (Санкт-Петербург қаласы) қатысып, «Қазақстан театрларындағы заманауи үрдістер» тақырыбында дәріс оқыды. Театр сыншыларының М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры ұжымының жаңа қойылымда­рына жасаған кәсіби талдауы да театр­­дың тұрақты көрермендері үшін әсерге толы ерекше өнер оқиғасы болғаны анық.

пар

Бірнеше жылға созылған күрделі жөн­деу­ жұмыстарына байланысты тоқтап қал­ған шы­ғар­­машылық жұмыс қайта жан­­данып, театр сахнасында «Әлия» спек­таклімен қатар және бірнеше жаңа қойы­лым­ның премьералық көрсетілімі өтті. Олар­дың қатарында Р.Маха­тевтың режис­серлігімен қойылған А.Чеховтың «Шие бағы» комедия­сы, А.Трояновтың режис­серлік қолтаңбасы сән берген Т.Лет­тстің «Жаздың соңы» және режиссер С.Федотовтың суреткерлік сарап­тауын­да ұсынылған Э.Рос­танның әйгілі «Сирано де Бер­же­рак» қойылымдары бар.

Айтулы спектакльдер­ күр­делі жөндеу­ден өткен театр ғимаратында 123-мау­сымының ашылуына арнайы дайындалды. Театр жаңалығы әсте мұнымен тоқтамақ емес, шығармашылық ұжым алдағы уақытта да көңілге рухани ләззат сыйлар қызықты қойылымдары­мен ересектер мен кішкентай көрермендерін әр кез қуантуға асық.